Тәліп Ақсәуле Қайсарқызы
Аңдатпа. Бұл мақалада Қазақстандағы жастардың саяси қатысуында цифрлық технологиялардың рөлі қарастырылады. Зерттеуде жастардың дәстүрлі саяси институттарға қатысудан гөрі әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы белсенділік танытатыны айқындалады. Фридрих Эберт қоры, PaperLab және басқа ұйымдардың сауалнамалары негізінде жастардың саясатқа қызығушылығының деңгейі, сайлауға қатысу белсенділігі және ауыл мен қала жастары арасындағы айырмашылықтар талданады. Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың жастардың саяси белсенділігіне тигізетін оң және теріс әсерлері, соның ішінде ақпаратқа қолжетімділік, онлайн-петициялар, сондай-ақ фейк жаңалықтар мен цифрлық қауіпсіздік мәселелері қарастырылады. Мақалада мемлекеттік саясат деңгейінде жастардың саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған ұсыныстар берілген.
Кілт сөздер: жастар, саяси қатысу, цифрлық демократия, әлеуметтік желілер, Қазақстан.
ХХІ ғасыр ақпараттық технологиялардың дамуы мен қоғам өмірінің цифрлану дәуірі ретінде ерекшеленеді, цифрландыру қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласына еніп, жаңа қатысу формаларының қалыптасуына ықпал етті. Осы үдеріс саясат пен демократиялық қатысуды жаңа деңгейге шығарды. Цифрлық демократия қазіргі заманғы демократиялық қоғамдардың ажырамас бөлігіне айналды. Зерттеушілердің еңбектерінде цифрлық демократия ұғымы әртүрлі қырынан түсіндіріледі. Пиппа Норрис (2001) цифрлық демократияны азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыратын, саяси қатысудың жаңа формаларын қамтамасыз ететін демократиялық дамудың маңызды құралы ретінде сипаттайды.[24] Оның пікірінше, онлайн-платформалар саяси плюрализмді нығайтып, азаматтық қоғамды белсендіруге жағдай жасайды. Ал Мануэль Кастельс (2009) «желілік қоғам» тұжырымдамасында интернеттің саяси коммуникациядағы рөлін ерекше атап өтеді.[25] Ол цифрлық кеңістікті қазіргі заманғы әлеуметтік қозғалыстардың басты алаңы ретінде қарастырып, саяси процестердің ақпараттық желілер арқылы ұйымдастырылатынын көрсетеді. Осы тұрғыда цифрлық демократия дәстүрлі саяси институттарды толықтырып қана қоймай, жаңа саяси мәдениет қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазақстан жағдайында да бұл құбылыс жастардың саяси белсенділігін арттыруға ықпал етуде.
Ол тек электронды дауыс берумен шектелмейді, сонымен қатар азаматтық петициялар, қоғамдық талқылау платформалары, және онлайн референдумдарды қамтиды. Цифрлық демократия жалпы ашықтықты, қолжетімділікті, инклюзивтілікті негізгі принциптері етеді. Үкіметтің әрекеттері мен шешімдері азаматтар үшін ашық болуы қажет, әрбір азаматтың саяси процестерге қатысуы үшін мүмкіндіктердің тең болуы және қолжетімді болуы керек, сонымен бірге әлеуметтік топтардың әртүрлілігін ескере отырып, барлығына тең құқық берілуі. Цифрлық демократия азаматтардың саяси шешімдерге қатысуын жеңілдетіп, олардың үкіметпен өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін арттырады.
Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет туралы тұжырымдамасы 2019 жылы мемлекеттік аппараттың халықпен көптен бері жоғалған байланысын орнатуға уәде берді. Бұл құжат азаматтардың елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға наразылығына байланысты наразылық толқынына ерекше жауап болды. Бірақ үш жылдан кейін қанды қаңтар болды, егер билік Қазақстандықтардың дауысын естіген болса, онда ол уәде еткендей емес екенін көрсетті.[1]
Сарапшылардың айтуынша, қаңтардағы оқиғалардан кейін қазақстандықтар саясатқа көбірек қызығушылық таныта бастады.[12] Әсіресе жастар саяси процестерге дәстүрлі институттар арқылы емес, цифрлық кеңістік арқылы қатысуды жөн көреді. Бұл үрдіс Қазақстанда да айқын байқалады.
1980-жылдардың соңындағы КОКП-ның дағдарысы мен 1991 жылғы ыдырауы жастардың ұйымдасқан саяси белсенділігінің аяқталуына алып келді. Бұған дейін жастардың саяси өмірге араласуы Лениндік комсомол арқылы «жоғарыдан» ұйымдастырылып отырған еді .[12] 1990-жылдары жастардың ықпалды саяси ұйымдары болмады, бұл саяси абсентеизмнің күшеюіне себеп болды. Тек 2008 жылы құрылған «Жас Отан» ұйымы жастарды саясатқа тартудың жаңа кезеңін ашты. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін «Нұр Отан» партиясы «Аманат» болып қайта құрылып, жастар қанаты «Жастар рухы» атауын алды.[12] Сонымен қатар, мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» (2018–2022) бағдарламасы жастардың интернет пен әлеуметтік желілер арқылы саяси процеске қатысуына жаңа мүмкіндіктер берді.[18] Қазіргі таңда қазақстандық жастардың 60,3%-ы саясат туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден алады.[18] Facebook, Instagram, TikTok, Telegram сияқты платформалар жастардың негізгі ақпарат көзіне айналды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары әлеуметтік желілердің саяси мобилизациядағы шешуші рөлін нақты көрсетті. Сол күндері интернетті уақытша өшіру биліктің негізгі бақылау құралы болды. Бұл құбылыс халықаралық зерттеушілер тарапынан «Араб көктемімен» салыстырылады. [12] Осыған байланысты, Қазақстандағы жастардың цифрлық саяси қатысу формаларын зерттеу өзекті мәселеге айналып отыр. Зерттеу жастардың цифрлық саяси мәдениетінің ерекшеліктерін айқындап қана қоймай, олардың дәстүрлі саяси институттарға қатысу белсенділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Статистика мәліметтері бойынша, 14 пен 29 жас аралығындағы жастар Қазақстан халқының шамамен 25% құрайды. [2] Бұл дегеніміз, елдің болашағы жастарға байланысты: оның инновациялық әлеуеті, әлеуметтік тұрақтылық деңгейі, мәдени дамуы мен еңбек ресурстары. Бірақ жастардың нақты саяси қатысуы әзірге шектеулі. Бұл туралы PaperLab зерттеу орталығы бірнеше себептерді келтіріп өтті, бірінші себеп, жастардың билікке сенімсіздігі және ресми платформалармен («Ашық НҚА» немесе eOtinish) жақын емес. [1]
Қазақстандық жастардың құндылықтарын, оларды мазалайтын мәселелерді және көзқарастарын анықтау мақсатында Фридрих Эберт қоры жақында ауқымды зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу жұмысының таргеті – қалада және ауылда тұратын 14-29 жас аралығындағы жастар.[3] Бұл сауалнамада Фридрих Эберт қоры ғылыми-зерттеу институты үлкен елді зерттеу үшін жастардың шағын іріктеу көлемін (1000 жас тұрғындар) пайдаланады. Меніңше 1000 адамнан құралған сауалнама бағытты түсіну үшін жарамды. Ал нақты, әділетті, жалпылама қорытынды жасау үшін жеткіліксіз секілді. Дегенмен, іріктеу көлемі ел бойынша жүргізілген зерттеудегі ең үлкендердің бірі болып табылады, ол қалалық және ауылдық жерлер арасындағы жақсы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді, сонымен қатар елдегі қалалар мен аймақтар арасындағы айырмашылықтарды бағалауға ықпал етеді. Мен өзім жеке жастардан сауалнама алған жоқпын, мен жас мөлшеріне қарамай бірнеше адамнан ғана сауалнама алған болатынмын, соның өзінде тұрғындардың саясатқа қызығушылығы жоқ екенін байқадым, себебі әркім өз ісімен айналысып жүрген, «тек маған тиіспесе екен» деген қарапайым тұрғындар, «Бір жағынан, жастар білім алу, отбасын асырау, әскерде қызмет ету, жұмыс іздеу сияқты күнделікті тіршіліктен босамауы мүмкін. Екінші жағынан, Кеңес дәуіріндегі халықтың саясатқа араласпау жайы халықтың ұстанымына әлі де әсерін тигізіп келеді деп ұйғаруға болады», — деген болжам келтіреді зерттеушілер. Осы тұрғыда Фридрих Эберт қоры жастардан сауалнама жүргізіп, тіпті жастардың өзінде де қатты бір қызығушылық жоқ екенін көрсеткен, оған мысал ретінде кейбір сауалнама нәтижелеріне көз жүгіртуімізге болады.

1-диаграмма. «Фридрих Эберт қоры зерттеуі»
Иә, көріп отырғандарыңыздай жартысына жуығы 47,8% мүлде қызықпайтынын көрсеткен, ал қатты қызығатын бөлігі бар болғаны 11,4% құрап отыр. Бұл зерттеу жұмысында жастардың саясатқа көз қарасы, саясатқа араласу деңгейі, саяси өмірге қаншалықты зер салатыны, сонымен бірге саясатты қаншалықты білетіні туралы қарастырылған. Саясатқа қатысу деңгейіне біз нені жатқызамыз?, әлеуметтік желіде белсенді болу-саяси мәселелерді талқылау, ақпарат тарату, митинг, жиналыс, форумдарға қатысу— қоғамдық пікір қалыптастыру, партияға немесе қоғамдық ұйымға мүше болу — белгілі бір идеяны қолдап, соны алға жылжыту, азаматтық бастамалар мен петициялар — белгілі бір мәселе бойынша ұсыныс білдіру, қол жинау, сайлауға қатысу-өз кандидаттарына дауыс беру, бақылаушы болу. Бұл жерге тағы да мысал ретінде Фридрих Эберт қоры зерттеуін көрсетемін.

2-диаграмма. «Фридрих Эберт қоры зерттеуі»
Сайлауға қатысу. Жастардың саясаттағы белсенділігі және сайлауға қатысу деңгейі де зерттелді. Сауалнамаға жауап бергендердің 59,1%-ы демократиялық қоғамда әрбір азамат дауыс беруі керек десе де, Қазақстанда сайлауға дауыс беруге барлық адам бара бермейді. Төмендегі диаграммадағы нәтиже жастардың саяси өмірде белсенді емес екенін көрсетеді, яғни жауап бергендердің үштен бірі ғана (29,6%) соңғы Парламент сайлауында дауыс берген, 37,5%-ы дауыс беру құқығын пайдаланбаған, 26,7%-ның дауыс беруге жасы жетпеген.
Бұл жерде сұрақ туындауы мүмкін, «не себепті жастар сайлауға қатыспайды?» деген. Меніңше жастар билікке сенбейді және менің дауысым ештеңе шешпейді деген пікірде болады, сонымен бірге әлеуметтік желіде болып жатқан кейбір әділетсіздіктерді көрген жастардың сенімі жоқ болады. Жоғарыдағы Фридрих Эберт қоры зерттеуі 2021 жылы жасалынған. Сонымен бірге 2016 жылы жасалынған зерттеуі негізінде кітабы да бар. Ол кітаптың аты «Молодеж центральной Азии. Казахстан». Бұл жерде әлеуметтік сауалнама ретінде де зерттеулер жүргізілген бөлімі бар, ол жерде де жастардың белсенді емес екенін байқауымызға болады.

3-диаграмма. «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы (33-диаграмма)
Жастардың саяси белсенділігіне қатысты жүргізілген зерттеулерде ауыл мен қала жастарының ұстанымдарында белгілі бір айырмашылықтар бары байқалады. Мысалы, зерттеудегі 33-диаграммада ауыл жастарының 13,3%-ы «иә, дайынмын» деп жауап берсе, қала жастарының үлесі 11,3%-ды құраған. Сонымен қатар, «көбірек дайынмын» деген жауап та ауылда (25,6%) қалаға (18,5%) қарағанда жоғары көрсеткіш берген. Бұл деректерге сүйене отырып, кей зерттеушілер ауыл жастарының саяси және азаматтық бастамаларға белсенді түрде қатысуға бейімділігі жоғары деген тұжырымға келеді.
Алайда бұл пікірмен толық келісу қиын. Себебі меніңше, қала жастары ауыл жастарына қарағанда саяси белсендірек. Қалада жастар үшін ақпараттық кеңістік әлдеқайда кең — түрлі медиа, әлеуметтік желілер, жастар ұйымдары мен саяси іс-шаралар қолжетімді. Мұндай ортада жастардың саяси процеске араласу мүмкіндігі де, мотивациясы да жоғары болуы заңды. Ал ауыл жастары арасында керісінше, ақпараттың шектеулілігі мен қоғамдық белсенділікті шынайы бағаламау мәселелері жиі кездеседі. Тіпті, ауылдағы «бәрі бір-бірін таниды» деген ерекшелік олардың өз көзқарасын ашық білдіруге, белсенді болуға кедергі келтіруі мүмкін. Көп жағдайда бұл жастар «қойшы, не өзгермек?» деген енжарлықпен саясаттан шет қалуы ықтимал. Сондықтан теориялық тұрғыдан алғанда, қалалық орта саяси белсенділікті дамытуға анағұрлым қолайлы жағдай жасайды деп айтуға негіз бар.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда басқа пікірге жол берілмейтіндігі, бейбіт шерулер үшін басып-жаншу мен жазалау шаралары орын алуы саяси режимде «кеңестік» (советскост) элементтерінің әлі де үстемдік етіп отырғанының дәлелі (Фридрих Эберт қоры, 2015; BBC News, 2016). Бейбіт қарама-қайшылық пен саяси плюрализмге жол берудегі бұл шектеулер (Adilet.kz, 2015 ж.) ескі кеңестік режимнен жартылай көшірілді. 70 жыл бойы халық Кеңес өкіметінің қол астында болды, саясатпен айналысуға тыйым салынды. Қарама-қайшылық танытқандар халық жауына айналды («враг народа»). Кеңестік қуғын-сүргін туралы естелік әлі күнге дейін сақталған, сондықтан өзін-өзі цензураға апаратын жазаланамын деген қорқыныш ересектер (кеңес кезінде өскен) мен жас ұрпақтың санасында әлі де сақталуда.
ҚР жастарының саяси белсенділігі
Сонымен қатар, жастардың саяси белсенділігіне олардың географиялық орналасуы да елеулі әсер етеді. Қазақстанның ірі қалаларында – Алматы, Астана, Шымкент сияқты орталықтарда – жастарға саяси ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі, қоғамдық ұйымдармен байланыс және пікірталас алаңдары кеңірек ұсынылған. Ал ауылдық және шеткері аймақтарда мұндай мүмкіндіктер шектеулі. Ақпараттық орта тар, азаматтық бастамалар сирек кездеседі, ал жастардың негізгі уайымы – жұмыспен қамту және күнкөріс мәселелері. Осы факторлар жастардың саясатқа қатысуын тежеп, пассивтікке итермелейді. Сондықтан саяси белсенділікті арттыру үшін аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, жастар саясатын аймақтық деңгейде күшейту қажет.
Иә, география маңызды, Алматылық жастардың саяси көзқарастары Астаналық жастардан өзгеше болуы мүмкін, себебі Астанадағы жұмысшы жастар негізінен үкімет құрылымдарында ұсынылған. Астаналық жастар негізінен институционалдық саясатпен айналысса, Алматы жастары әртүрлі халықаралық ұйымдарда, компанияларда және үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейді. Оларда институционалдық емес саяси бағыттардың болуы ықтимал. 14 пен 28 жас аралығындағы 199 294 адамды (ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті), оның ішінде жоғары сынып оқушылары, студенттер және жұмысшы жастарды құрайтын астаналық жастар әр түрлі мерекелік флешмобтарға белсене қатысуға, сондай-ақ Қазақстан астанасындағы республикалық іс-шараларға еріктілер ретінде қатысуға мүмкіндік алды. Алматы жастарының басым бөлігі 2011 жылғы Азиадаға, ЕҚЫҰ форумына, 2017 жылғы Универсиадаға және басқа да волонтерлік бағдарламаларға волонтер ретінде қатысады.
14 пен 28 жас аралығындағы 445 986 адам алматылық жастарды құрайды (Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті). Алматы Қазақстандағы студенттер үшін ең тартымды қала болып табылады, өйткені қалада 38 жоғары оқу орны мен 200 000-ға жуық студент бар (Zakon.kz, 2014). Сондай-ақ, соңғы бес жылда Алматы Ұлттық бірыңғай тестілеуде (Қазақстандағы бітірушілерді бағалау жүйесі) көш бастап келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинаған студенттер жоғары оқу орындарының кең ауқымына (және гранттар мен шәкіртақылардың көп болуына) байланысты Қазақстанның барлық аймақтарынан Алматыға оқуға келеді. Грант ала алмаған студенттер, егер ата-анасының оқуы мен өмір сүру шығындарына мүмкіндігі болса, Алматы немесе Астанада жоғары оқуды таңдайды. ЖОО түлектерінің көпшілігі үйлеріне қайтпайды, бірақ алдағы мансаптық мақсаттарға жету үшін Алматыда қалуды жөн көреді. Олар үшін Алматы жұмсақ климаты, дамыған инфрақұрылымы және әлеуметтік өмір сахнасының арқасында тартымды нұсқа болып табылады. Керісінше, Астана мемлекеттік құрылымдардағы мансап мүмкіндіктерімен тартымды.[1]
Басқа облыстардағы жастармен салыстырғанда Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының жастары ең жоғары азаматтық белсенділікпен және саясатпен айналысуға құштарлығымен ерекшеленеді («Кипр» аналитикалық тобы, 2015 ж.). Үмбеталиеваның (2017) айтуынша, бұл 1990 жылдардың ортасынан бастап халық қарсылығын көрсеткен бұл аймақтардағы ерекше әлеуметтік-саяси атмосфераға байланысты. Осы орта мен қоғамдық-саяси көңіл-күй осы аймақтарда өсіп келе жатқан жастарға әсер етеді. Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы қазақстандық жастардың саны 2024 жылдың басында республика жастарының саны — 5 759 781 адам. Бұл 14 пен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар. [6] .
Жастардың саясатқа енжар болуына бірнеше себептер әсер етеді. Біріншіден, көп жағдайда жастар билікке сенімсіздікпен қарайды. Олар саяси жүйеде әділдік пен ашықтық жетіспейді деп санайды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық, әділетсіз сайлау, халықтың мүддесін емес, жеке топтардың мүддесін қорғау сияқты құбылыстар жастардың саясатқа деген қызығушылығын төмендетеді. Екіншіден, жастардың күнделікті өміріндегі әлеуметтік мәселелер – сапалы білім алу, тұрақты жұмыс табу, баспана мәселесін шешу – олардың басты назарын аударатын салалар болып қала береді. Көптеген жастар саясатпен айналысқанша жеке кәсіби дамуға немесе тұрмыстық мәселелерін шешуге басымдық береді. Үшіншіден, ақпараттық технологиялар дәуірінде жастар саясатты көбіне әлеуметтік желілер арқылы қадағалап отырады. Олар қоғамдағы саяси жаңалықтарға бейжай қарамайды, бірақ нақты іс-әрекетке, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарға қосылуға асықпайды. Мұның себебі – олардың «бір адамның әрекеті үлкен өзгеріс әкелмейді» деген ойға берілуі.
Дегенмен, жастардың саяси белсенділігінің қоғамға ықпалы зор екенін дәлелдейтін мысалдар бар. Соның айқын бір көрінісі – Моңғолиядағы жастар қозғалысы. 2025 жылы Моңғолияда мыңдаған жас көшеге шығып, үкіметтің жемқорлыққа бейім саясатына және әлеуметтік мәселелерді шешудегі дәрменсіздігіне қарсы наразылық білдірді. Наразылық акциялары қысқа мерзімде үлкен қоғамдық қолдау тауып, билікке айтарлықтай қысым жасады. Жастар көшеге «Огцрох амархан», қазақша баламасы «қызметті босату, отставкаға кету» деген плакаттармен шығып, ақырында елдің премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ отставкаға кетуге мәжбүр болды. [11] Бұл оқиға жастардың қоғамдағы саяси процестерге ықпал ете алатынын айқын көрсетті. Егер жастар өздерінің даусын біріктіріп, ортақ мақсатта әрекет етсе, олар тек әлеуметтік желідегі пікірлермен шектелмей, нақты саяси өзгерістерге қол жеткізе алады. Мұндай жағдайлар жастардың саясатқа қатысуының қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Сондықтан да Қазақстан жастары үшін де бұл үлгі бола алады. Белсенділік танытып, өз құқықтары мен болашағын қорғау үшін саяси үдерістерге араласу – қоғамды дамытудағы басты қадамдардың бірі. Жастардың дауысы – елдің болашағы.
Цифрлық технологиялардың жастардың саяси белсенділігіне тигізетін негізгі оң әсерлері: Ақпаратқа қолжетімділік. Интернет арқылы саяси оқиғалар жайлы жедел хабардар болу мүмкіндігі. Қатысу формаларының көбеюі. Онлайн-петициялар, виртуалды дебаттар, Zoom кездесулері арқылы қатысу. Пікір білдіру еркіндігі. Әлеуметтік желілерде ой бөлісу мүмкіндігі. Жаңа қозғалыстардың пайда болуы. Цифрлық кеңістікте өзекті мәселелерге арналған жастар бастамалары (экология, гендерлік теңдік, құқық қорғау және т.б.).
Цифрлық технологиялардың тек оң әсерімен қатар, бұл технологиялардың кері әсерлері де бар: Фейк жаңалықтар мен манипуляция. Жалған ақпараттар жастардың пікірін бұрмалауы мүмкін. Цифрлық қауіпсіздік мәселелері. Хакерлік шабуылдар, жеке мәліметтердің таралуы. Популизм мен саяси арандатулар. Кейбір блогерлер мен белсенділер жастарды шынайы саяси білімнен гөрі эмоциямен басқаруға тырысады. Саяси бейтараптықты бұзу. Кейбір платформаларда белгілі бір саяси күштерге артықшылық берілуі мүмкін.
Сонымен қатар, цифрлық кеңістікте жастарға ұсынылатын контенттің сапасы үлкен мәселе болып отыр. Жастардың жұмыссыздық пен әлеуметтік осалдық жағдайында жүргені — оларды түрлі қауіп-қатерге ашық етеді. Мысалы, Telegram мессенджерінде жұмыс іздеп отырған кезде, ашықтан-ашық есірткі тасымалдауға жұмыс ұсынған хабарлама кездесті. Егер маған ұсынылса, дәл осындай контент күн сайын қаншама жұмыссыз жасқа да ұсынылуы мүмкін. Бұл тек заңсыз әрекеттерге емес, жалпы саяси белсенділіктен алыстатуға, цифрлық кеңістікте адасушылыққа әкелуі мүмкін. Яғни дұрыс ақпараттық бағыт пен жастарды қорғау шаралары болмаса, цифрлық технологиялар саяси белсенділікті арттырудың орнына кері әсер етіп, теріс жолға бағыттауы да мүмкін. Қазір көрсетіліп отырған мәселе мемлекет үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін үлкен қауіп.
Бұл мысал қоғамдағы жүйелі проблеманы көрсетеді: Жастардың жұмыссыздығы; Цифрлық қауіпсіздіктің әлсіздігі; Киберқылмыстың еркін таралуы; Жастардың осал топқа айналуы. Бірақ егер жастарға цифрлық кеңістікте дұрыс бағыт ұсынылмаса — олар саясаттан емес, қара нарықтан өз «орнын» іздеуі мүмкін. Яғни бұл ақпараттық орта мен тәрбие саясатының кемшілігін көрсетеді.
Қорытындылай келе, Қазақстандағы жастардың саяси қатысуында цифрлық технологиялардың рөлі жылдан жылға артып келеді. Әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар жастардың саяси ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетіп қана қоймай, олардың пікір білдіру, қоғамдық талқылауларға қатысу және азаматтық бастамаларды ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейтуде. Бұл үрдіс жастардың дәстүрлі саяси институттарға қарағанда цифрлық кеңістікте белсенді болатынын айқындайды. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар жастарға билік пен қоғам арасындағы диалогтың жаңа формаларын ұсына отырып, саяси мәдениеттің жаңаруына ықпал етуде.
Осыған байланысты, мемлекет үшін – жастардың саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған цифрлық платформаларды дамыту қажет. Арнайы мобильді қосымшалар немесе порталдар арқылы сайлау, қоғамдық тыңдаулар мен үкіметтік бастамалар туралы ашық ақпарат беру тиімді болмақ. Жастар ұйымдары үшін – әлеуметтік желілерді тек ақпарат тарату құралы ретінде емес, жастармен нақты диалог пен пікірталас жүргізетін алаң ретінде пайдалану ұсынылады. Азаматтық қоғам институттары үшін – жастарға арналған тренингтер, медиа сауаттылық курстары мен сыни ойлау қабілетін дамыту жобаларын күшейту қажет. Бұл жастардың фейк ақпарат пен манипуляцияға қарсы иммунитет қалыптастыруына ықпал етеді. Ғылым мен білім беру саласы үшін – жастардың цифрлық саяси белсенділігін зерттейтін ғылыми жобаларды қолдау маңызды. Бұл болашақта тиімді жастар саясатын қалыптастыруға септігін тигізеді. Жеке деңгейде – әрбір жас азамат цифрлық кеңістіктегі ақпаратты сыни тұрғыда қабылдап, өз ойын ашық білдіруге, қоғамдық процестерге белсенді араласуға ұмтылуы тиіс.
Жалпы алғанда, цифрлық технологиялар Қазақстандағы жастардың саяси қатысуының жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Дегенмен, оның тиімділігі мемлекеттік қолдау, қоғамның ашықтығы және жастардың белсенділігіне тікелей байланысты болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- «PaperLab» зерттеу орталығы, «Қазақстандағы жастардың саяси қатысуы: цифрлық технологиялардың рөлі»- Алматы, 2022ж.
- Абай ауданы әкімдігі ресми сайты. Қазақстандағы жастар саясаты. – 2024 ж.
- Азаттық радиосы. «Қазақстан жастары саясатқа қаншалықты қызығады?» – 2021. azattyq.org
- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі. Жастар және отбасы ісі комитетінің баспасөз мәліметтері. – Астана, 2024.
- «The Kazakhstani Youth’s Engagement in Politics», Shugyla Kilybayeva , Gulnar Nassimova, Aliya Massalimova – Алматы, 2020 ж.
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жастар және отбасы ісі комитеті. Жастар саясаты туралы мәліметтер. – Астана, 2024ж.
- ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті. Қазақстан жастары туралы ресми деректер. – Астана, 2024 ж.
- kz. Алматы – Қазақстан студенттерінің орталығы. – 2014 ж.
- BBC News. Kazakhstan: January events and political protests. – 2016ж.
- kz. Қазақстандағы бейбіт шерулерді реттеу жөніндегі заңдар. – 2015 ж.
- Mongolia News Agency (Montsame). Thousands of youth protest demanding PM Oyun-Erdene resignation. – 2025 ж.
- Friedrich-Ebert-Stiftung (FES). Жастардың құндылықтары мен саяси қатысуы жөніндегі әлеуметтік зерттеу. – Алматы, 2021 ж.
- Жеңісбек, Т., Айтымбетов, Н., Исмагамбетов, Т., Тоқтаров, Е., Әлішерова, А. The Impact of Digitalization on Political Engagement Among Kazakhstani Youth: A Comparative Study Before and After “Qandy Qantar”. – Алматы, 2023. – Мақала.
- Friedrich-Ebert-Stiftung. Молодежь Центральной Азии. Казахстан. – Алматы, 2016 ж.
- «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы. Қазақстан жастарының саяси белсенділігі. – Алматы, 2020 ж
- Үмбеталиева А. Қазақстандағы аймақтық жастардың саяси белсенділігі. – Алматы, 2017.
- ҚазАқпарат. Қазақстандағы жастардың әлеуметтік жағдайы мен жұмыссыздық деңгейі. – 2023 ж.
- Digital Rights Kazakhstan. Цифрлық қауіпсіздік және жастардың интернет кеңістіктегі құқықтары. – Алматы, 2022 ж.
- Transparency International Kazakhstan. Сыбайлас жемқорлық және жастардың оған көзқарасы. – Астана, 2021 ж.
- «Кипр» аналитикалық тобы. Қазақстан өңірлеріндегі азаматтық белсенділік. – Алматы, 2015 ж.
- Üмбеталиева А. Қазақстандағы аймақтық жастардың саяси белсенділігі. – Алматы, 2017 ж.
- Назарбаев Университеті, Саяси зерттеулер орталығы. Жастар және цифрлық демократия. – Астана, 2022 ж.
- Jastar Research Center. National Report “Youth of Kazakhstan – 2022”.
- Norris, P. (2001). Digital Divide: Civic Engagement, Information Poverty, and the Internet Worldwide. Cambridge: Cambridge University Press.
- Castells, M. (2009). Communication Power. Oxford: Oxford University Press.