2025 жылғы 1 қараша күні Халықаралық ғылыми-мәдени мұраларды зерттеу орталығында «Сапалы білім беру» және «Тұрақты даму үшін серіктестік» атты БҰҰ тұрақты даму мақсаттары аясында «Күретамыр» монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің деканы, филос.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мейрбаев Б.Б., дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, филос.ғ.д., профессор Курманалиева А.Д., сондай-ақ кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, филол.ғ.к., қауымдастырылған профессор Балтымова М.Р. қатысып, жаңа еңбектің тұсауын кесті. Монография авторлары Жамашев А.Ш., Жомарт Д. және Мажен Е.К. өз сөздерінде еңбектің идеялық мазмұнын, зерттеу ауқымын және құрылымдық ерекшеліктерін таныстырды.
Тарих пен руханият тоғысқан зерттеу
«Күретамыр» – XIX–XX ғасырлардағы қазақ жерінің тарихын өңірлер бойынша тақырыптық жүйемен қарастырған ауқымды тарихи-ғылыми еңбек. Кітапта еліміздегі әрбір облыстың қалаларының қалыптасу тарихы, олардың діни ахуалы, мешіт-медреселердің қызметі, оқу-ағарту орталықтарының дамуы, сондай-ақ сол өңірлерден шыққан тұлғалардың өмір жолы мен қоғамдық қызметі кеңінен қамтылған. Зерттеу Қазақстанның бес экономикалық ауданы – Батыс, Шығыс, Оңтүстік, Солтүстік және Орталық өңірлерге бөлініп, әрқайсысы бойынша тарихи шолу, діни және ағартушылық үрдістердің ерекшеліктері баяндалған.
Тұлғалар тағылымы – ұлт рухының айғағы
Еңбекте қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, діні мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ондаған тұлғалардың өмір жолы мен қызметі жан-жақты сипатталады. Мәселен, Маңғыстау өңірінің рухани келбетін айқындайтын Айдар Шайхысламұлы, Дүйсенбай қажы, Хасан Нұрмұхамедұлы сынды дін өкілдері, Шығыс Қазақстаннан Құрбанғали Халиди, Орталық өңірден Әлихан Бөкейхановтың анасы Бегім ханым, Иса Достайұлы, Солтүстіктен этнограф Мейрам Жанайдаров, Оңтүстіктен Жаңабай Құдайбергенұлы мен Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы сияқты қайраткерлердің өмірі нақты деректермен берілген. Авторлар бұл тұлғалардың ел игілігіне арнаған еңбегін ғылыми тұрғыда саралап, олардың діни-ағартушылық қызметін тарихи сабақтастық тұрғысынан талдайды.
Зерттеудің ғылыми ауқымы мен дереккөзі
Монография 447 әдебиетке сүйеніп жазылған. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдеріндегі іргелі, заманауи ғылыми еңбектер мен тарихи деректер пайдаланылған. Авторлар мәліметтерді салыстырып, тексеріп, жүйелі талдау арқылы зерттеудің ғылыми нақтылығын қамтамасыз еткен. Кітаптағы деректер Дербісәлі Ә., Абдигалимов Қ., Алдабергенова Д., Әнес Ғ., Байғараев Н., Жолсейітова М. және өзге де отандық ғалымдардың зерттеу еңбектеріне сүйенеді. Бұл тәсіл «Күретамырды» тек тарихи баяндау емес, ғылыми дәлел мен талдауға құрылған кешенді зерттеу ретінде ерекшелейді.
Рухани сабақтастық пен ұлттық сана үндестігі
Авторлар еңбекті «Сайын даланың саңлақ ғұламалары» кітабының жалғасы ретінде ұсынған. «Күретамыр» атауы – елді сақтау, рухты қорғау, ұлт болмысын аманаттау идеясын білдіреді. Кітаптың басты мақсаты – өткен мен бүгінді сабақтастырып, болашақ ұрпаққа тарихи жадыны аман жеткізу. Ғылым – елдің күретамыры. Сондықтан да бұл еңбек ұлт руханиятын жаңғыртудың маңызды бір баспалдағына айналып отыр.
Қорытынды
«Күретамыр» монографиясы – қазақ халқының тарихи, діни және ағартушылық өмірін кешенді қамтыған, ғылыми тұрғыдан салмақты еңбек. Ол ұлттық тарихымызды зерттеудегі жаңа бағытты айқындап, жас ғалымдар мен оқырман қауымға тың көзқарас ұсынады. Бұл еңбек – ел мен жер тарихына адалдықтың, рухани мұраға құрметтің, және ғылым арқылы ұлтты танудың үлгісі.
Балтымова М.Р., Жамашев А.Ш., Елеусызбаева Н.М.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті