Күшкенова Сандуғаш Әлібекқызы
«Атырау қаласы, “Зейнеп, Амина және балапандар” бөбекжай-бақшасы», тәрбиешісі.
Кіріспе
Қазақ халқының ұлттық ойындары – ұлт рухының айнасы, тәрбиенің қайнар бұлағы. Олар тек көңіл көтеру құралы ғана емес, сонымен қатар баланың ой-өрісін, тілін, қимыл-қозғалысын, адамгершілік қасиеттерін дамытатын баға жетпес құрал. Мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық ойындарды жүйелі пайдалану арқылы балалардың тұлғалық, эмоционалдық және физикалық дамуына зор ықпал етуге болады.
Мектеп жасына дейінгі балалар үшін ойын – негізгі әрекет түрі. Осы кезеңде олар айналасындағы әлемді ойын арқылы танып, қарым-қатынас жасап, өз сезімін білдіреді. Сондықтан ұлттық ойындарды күнделікті оқу іс-әрекетіне енгізу – тәрбиенің ең тиімді жолдарының бірі.
Ұлттық ойындардың тәрбиелік маңызы
Ұлттық ойындар – баланың бес негізгі дағдысын (физикалық, танымдық, коммуникативтік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық) дамытудың табиғи құралы.
Физикалық дағды – қозғалыс ойындары арқылы бала ептілікке, шапшаңдыққа, тепе-теңдік сақтауға үйренеді;
Танымдық дағды – ойынды ойнау барысында түстерді, пішіндерді, жануарларды, табиғат құбылыстарын таниды;
Коммуникативтік дағды – бірлескен ойын арқылы қарым-қатынас жасау, кезек күту, тыңдау және ортақ ережеге бағыну қалыптасады;
Шығармашылық дағды – рөлдік ойындарда қиялдау, бейнелеу қабілеттері дамиды;
Эмоционалдық дағды – жеңу мен жеңілу сезімін қабылдау, өз әрекетіне баға беру қабілеті жетіледі.
Қазіргі уақытта ортаңғы топпен жұмыс істеймін. Бұл жастағы балалардың ерекшелігі – олардың назары тез бөлінеді және ойынға деген қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан күнделікті ұйымдастырылған іс-әрекеттерде ұлттық ойындарды жүйелі қолдану – менің басты әдістемелік бағытымның бірі.
1. Таңертеңгі шеңберде қолданылатын ойындар.
Таңертең балалар топқа келгенде көңіл күйін көтеру және бір-бірімен қарым-қатынас орнату үшін күйді қосып қойып, қысқа ұлттық ойындар өткіземін.
Мысалы:
«Сәлем, досым!» ойынында балалар бір-біріне жылы сөз айтып, қол соғып, күлімдеп амандасады. Бұл ойын балалардың коммуникативтік және эмоционалдық байланысын нығайтады.
2. Қимылды ойындар арқылы дене дамуын жетілдіру.
Күн сайынғы дене шынықтыру, сергіту сәттерінде ұлттық қозғалыс ойындарын жиі қолданамын.
Мысалы:
«Ақ серек, көк серек» – жүгіру, қашу, бағыт бағдарды сақтау қабілеттерін дамытады;
«Сақина салу» – баланың зейінін, байқағыштығын, қол үйлесімділігін арттырады;
«Қуыр-қуыр, қуырмаш» – саусақ бұлшықеттерін дамытып, ұсақ моторика мен тіл қозғалысын жетілдіреді.
Осындай ойындар арқылы балалардың қозғалыс белсенділігі артып, физикалық дағдысы қалыптасады.
3. Танымдық іс-әрекетте ұлттық ойындарды пайдалану.
Танымдық сабақтарда жаңа ұғымдарды бекіту үшін ойын элементтерін енгіземін.
Мысалы:
«Түстер әлемі» сабағында – «Кім жылдам табады?» ойынын ойнатамын. Балалар ұлттық киімдердегі түстерді ажыратып, атауын айтады.
«Жануарлар әлемі» тақырыбында – «Қай аңның ізі?» ойынында балалар аңдардың ізіне қарап суретін табады.
Мұндай ойындар баланың сөздік қорын байытып, зейін мен ойлау қабілетін дамытады.
4. Шығармашылық және тіл дамыту іс-әрекеттерінде ұлттық мазмұнды ойындар.
Шығармашылық жұмыстар мен тіл дамыту сабақтарында ұлттық ойын элементтерін енгізу балаларға өте қызықты.
Мысалы:
«Киіз үй құрастырайық» – балалар киіз үйдің бөліктерін орналастырып, бірге құрастырады. Бұл олардың шығармашылық және ұжымдық әрекет дағдысын қалыптастырады.
«Жаңылтпаш жарысы» – балалар қысқа ұлттық жаңылтпаштарды айтып жарысады. Бұл тілдік және коммуникативтік қабілеттерін дамытады.
5. Эмоционалдық дамуға әсер ететін ойындар.
Ұлттық ойындарда бала қуанады, таң қалады, жеңіске ұмтылады, кейде ренжиді – осының бәрі оның эмоционалдық тәжірибесін байытады.
Мысалы:
«Кімнің үні?» ойынында бір бала көзін жұмып тұрып, досының дауысын тануға тырысады. Бұл сенімділік пен өзара түсіністікті қалыптастырады.
Ұлттық ойындарды ұйымдастыруда қолданатын әдіс-тәсілдерім:
Көрнекілік әдісі: ұлттық суреттер, киім үлгілері, музыкалық сүйемелдеу қолданамын.
Сұрақ-жауап әдісі: ойын соңында «нені байқадың?», «кім жақсы ойнады?» деп талдау жүргіземін.
Қызықтыру және мадақтау әдісі: әр бала белсенді қатысуы үшін жылы сөзбен, жапсырма, жұлдызша беру арқылы ынталандырамын.
Шығармашылық біріктіру әдісі: ұлттық ойындарды ән, би, сурет, қимыл элементтерімен біріктіріп өткіземін.
Нәтижесі
Ұлттық ойындарды күнделікті жұмысымда жүйелі пайдалану нәтижесінде балалардың:
- қимыл-қозғалысы үйлесімді дамыды;
- тілдік белсенділігі артты;
- бір-біріне деген мейірімділік, достық сезімі қалыптасты;
- сабаққа қызығушылығы мен эмоционалдық көңіл күйі жақсарды.
Ата-аналармен де тығыз байланыс орнатып, үй жағдайында да ұлттық ойындарды ойнауға шақырамын. Бұл тәрбие мен мәдениеттің сабақтастығын нығайтады.
Сөзімнің соңында, ұлттық ойын – ұлт рухын ұлықтайтын мәңгілік мұра. Ол баланың ой-өрісін кеңейтіп, денесін шынықтырып қана қоймай, оның бойында ұлттық сана мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады. Мектепке дейінгі ұйымдардағы әр тәрбиеші өз іс-тәжірибесінде ұлттық ойындарды күнделікті қолдана білсе, онда біздің балаларымыз рухани бай, белсенді, ізденімпаз ұрпақ болып өсері сөзсіз дегім келеді.