Достық – ең қымбат қазына

Мукангалиева Нургуль Сапидолдаевна
“Зейнеп, Амина және балапандар” бөбекжай балабақшасы, тәрбиеші


Кіріспе

Мектепке дейінгі кезең – баланың тұлға болып қалыптасуының алғашқы әрі ең маңызды баспалдағы. Бұл жаста бала айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауға, өз ойын жеткізуге, өзара көмек пен сыйластыққа үйренеді. Осындай адами қасиеттердің ішінде ерекше орын алатыны – достық сезімі.

Достық – баланың рухани және әлеуметтік дамуының негізі, ал оны қалыптастыру тәрбиешінің шеберлігі мен күнделікті жұмысына тікелей байланысты. Мектепке дейінгі жаста достық туралы түсінік ойын мен тәжірибе арқылы, үлкендердің үлгісімен қалыптасады.

Достық ұғымының мәні

Достық – адамдар арасындағы ең жылы, ең таза, ең ізгі қарым-қатынас түрі. Мектепке дейінгі жастағы бала үшін дос – ойын серігі, көмекші, сенімді жан. Балалар достары арқылы өздерін қоршаған ортаны таниды, мейірімділік пен әділдікті үйренеді.

Тәрбиеші балаларға достықтың мәнін түсіндіру үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады: әңгіме, ертегі оқу, рөлдік ойындар, тренингтер, шығармашылық тапсырмалар арқылы оларды өзара сыйластыққа баулиды.

Мысалы, топта өткізілетін «Жақсы сөз – жарым ырыс» ойынында әр бала өз досына жылы сөз айтады. Бұл ойын барысында балалардың жүзінен қуаныш пен мейірімнің табын байқауға болады. Осындай сәттер олардың ішкі жан дүниесінде бір-біріне деген құрмет сезімін оятады.

Достыққа баулудың жолдары

Балабақша өмірі – балалардың күн сайын бір-бірімен араласатын, бірлесе ойнап, бірге үйренетін орны. Сондықтан әр тәрбиеші баланың бойына достық қарым-қатынас орнатудың тиімді жолдарын іздестіруі қажет.

Балаларды достыққа баулудың тиімді түрлері:
«Біз – достармыз» атты тренинг өткізу арқылы балалар бір-біріне жылы лебіз білдіреді, жағымды қасиеттерін бөліседі;
Топтық сурет салу немесе ортақ мүсін жасау – бірлесе еңбек етуге, келісім мен көмекке баулиды;
«Кешірім сұрай білейік» ойыны – өз қателігін түсініп, достықты сақтауға үйретеді;
«Досымның мінезі» әңгімесі – әр бала өз досының жақсы қасиеттерін айтып, бағалай білуге машықтанады.

Осындай әрекеттер арқылы балада тыңдай білу, бөлісу, әділ болу, өзгенің сезімін түсіну сияқты маңызды дағдылар дамиды.

Тәрбиешінің рөлі және тәжірибеден мысал

Тәрбиеші – баланың өміріндегі екінші ата-ана. Ол балалар арасындағы достықты нығайту үшін әр балаға тең қарап, әділ және мейірімді болуы қажет. Баланың ішкі сезімін түсініп, реніш туындаған жағдайда жазғырудың орнына сабырмен түсіндірсе – шынайы тәрбиенің нәтижесі көрінеді.

Өз тәжірибемнен мысал:
Бір күні топта Аружан мен Мақсат ойыншыққа таласып, ренжісіп қалды. Мен оларды жаныма шақырып:
– «Егер сендер дос болмасаңдар, ойын қызық бола ма?» – деп сұрадым.
Балалар ойланып қалды. Бір сәттен кейін Аружан: «Жоқ, бірге ойнағанда қызық!» – деді. Осылайша олар бір-бірінен кешірім сұрап, ойындарын жалғастырды. Сол сәтте мен достықтың шынайы тәрбиесі жүректен шығатынын түсіндім.

Ойын – достықтың бастауы

Баланың ең сүйікті ісі – ойын. Ойын барысында бала өз мінезін, эмоциясын еркін көрсетеді. Бірлесіп ойнау арқылы олар бір-біріне көмектесуді, кезек күтуді, әділ болуды үйренеді.

Мысалы, «Кім жылдам көмектеседі?» атты ойында балалар топпен жарысып, бір-біріне қолдау көрсетеді. Бұл ойын достық қарым-қатынасты бекітіп, сенім мен ынтымақты күшейтеді.

Тәрбиеші әр ойынды жоспарлағанда оның тек көңіл көтеру емес, тәрбиелік мәнін де ескергені жөн. Себебі, ойын – баланың достық сезімін дамытудың ең табиғи әрі тиімді құралы.

Халық педагогикасы арқылы достық тәрбиесі

Қазақ халқы достықты қастерлеп, «Досы көпті жау алмайды», «Жолдас – жанға серік», «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деп достықтың қадірін ұрпағына ұлағат еткен.

Тәрбиеші балаларға халық ауыз әдебиеті үлгілерін қолдану арқылы достықтың мәнін түсіндіре алады.
Мысалы:
• «Шалқан», «Бауырсақ» ертегілері арқылы бірлескен еңбектің маңызын көрсету;
• Достық туралы мақал-мәтелдер мен жұмбақтар айту;
Достық туралы әндер мен тақпақтар үйрету.

Халық педагогикасы – баланың ұлттық болмысын сақтап, адами құндылықтарға тәрбиелеудің ең бай қазынасы.

Қорытынды

Достық – өмірдің мәні мен сәні, адамгершіліктің айғағы. Балабақша қабырғасында қаланған достық сезімі бала жүрегінде ұзақ сақталады.

Бала достықтың шынайы мәнін ерте түсінсе, болашақта ол мейірімді, әділ, жауапкершілігі жоғары азамат болып өседі. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда достық пен сыйластыққа тәрбиелеу – басты бағыттардың бірі болуы тиіс.

Баланың бойына ізгілік, қамқорлық, сенім және сүйіспеншілік ұялаған кезде ғана қоғамымызда шынайы достық пен татулық орнайды.

Достық – өмірдің ең асыл байлығы. Оны сақтау да, бағалау да жүректің жылуына байланысты.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх