Жунисбаева Данагуль Дауренбековна
№52 «Еркетай» балабақшасы
Аннотация. Бұл мақалада мектепке дейінгі және бастауыш жастағы балалардың тілін дамытуда жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын қолданудың ғылыми-әдістемелік мүмкіндіктері қарастырылады. ЖИ-дің сөйлеуді тану, интерактивті диалог, мультимедиалық жаттығулар, тілдік орта құру және жеке білім беру траекториясын ұсыну сияқты артықшылықтары сараланып, педагогикалық тәжірибеде қолдану мысалдары талданады. Сонымен қатар, ЖИ-ді қолданудағы мүмкін болатын шектеулер мен қауіптер де айқындалады.
Түйін сөздер: жасанды интеллект, тіл дамыту, мектепке дейінгі тәрбие, интерактивті оқыту, цифрлық технологиялар.
XXI ғасырдағы білім беру жүйесі цифрлық технологиялардың жедел дамуына байланысты жаңа міндеттерді алға қойып отыр. Балалардың сөйлеу тілін дамытуда дәстүрлі әдістермен қатар, заманауи жасанды интеллект негізіндегі құралдар ерекше орын алуда. Қазақстандағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен мектепке дейінгі білім беруді жаңғырту бағыттары да ЖИ-ді пайдалануды қолдайды. Осыған байланысты, ЖИ-дің тіл дамытудағы рөлі ғылыми тұрғыдан зерделенуі тиіс [1].
Мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі білім беру стандартында баланың сөйлеу, коммуникативтік дағдыларын дамыту — білім беру саласының негізгі мақсаттарының бірі ретінде көрсетіледі. Сондай-ақ, заманауи цифрлық және инновациялық технологияларды қолдануға рұқсат беріледі. Оқу қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану баланың қызығушылығы мен танымдық белсенділігін арттыруға бағытталуы тиіс — деп көрсетілген [2].
Баланың тілінің дамуы — мектепке дейінгі баланың тұлғалық, когнитивтік және әлеуметтік жетілуінің маңызды көрсеткіші. Қазіргі заманда инновациялық технологиялардың дамуымен бірге балалардың тілдік дамуын қолдайтын жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Әсіресе жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын білім беру процесіне енгізу сөйлеу тілін дамытудың тиімді құралдарының біріне айналып келеді.
Жасанды интеллект — адамның когнитивтік әрекеттерін модельдейтін технологиялар жиынтығы. Баланың тілін дамытуда ЖИ:
- сөйлеуді тану және талдау -дыбыстарды дұрыс айтуға жаттықтыру;
- диалог құру — баламен интерактивті әңгімелесу арқылы сөздік қорды кеңейту;
— тілдік ортаны модельдеу — виртуалды кейіпкерлермен сөйлесу арқылы тілдік дағды қалыптастыру;
— жеке дара оқыту — әр баланың деңгейіне қарай тапсырмаларды бейімдеу.
Кесте 1. ЖИ-дің тіл дамытудағы негізгі функциялары
| № | Функция атауы | Мазмұны | Практикалық маңызы |
| 1 | Сөйлеуді тану | Баланың айтқан сөздерін дыбыстық талдау | Дұрыс дыбыстауға үйрету |
| 2 | Диалог құру | Баламен интерактивті әңгімелесу | Сөздік қорды байыту |
| 3 | Тілдік ортаны модельдеу | Виртуалды кейіпкерлермен қарым-қатынас | Коммуникативтік дағдыны дамыту |
| 4 | Жеке дара оқыту | Әр баланың деңгейіне қарай тапсырмаларды бейімдеу | Индивидуалды тәсіл |
| 5 | Мультимедиалық қолдау | Сурет, аудио, видео арқылы оқыту | Тілді қабылдауды жеңілдету |
Кесте 2. Жасанды интеллект негізіндегі тіл дамыту құралдары
| Құрал түрі | Мысалдар/қолдану формасы | Әсері |
| Интерактивті чат-бот | Сұрақ-жауап ойыны, шағын әңгіме құру | Диалогтық сөйлеуді жетілдіреді |
| Дыбыстық ойындар | Дыбысты дұрыс айтуға арналған жаттығулар | Артикуляцияны дамытады |
| Цифрлық кітаптар | Мәтінді дауыстап оқу, түсіндірмелер беру | Оқылым дағдыларын дамытады |
| AR/VR платформалары | «Рөлдік ойындар» – дүкен, қонақ, саяхат | Ситуациялық сөйлеуді дамытады |
| Мобильді қосымшалар | Қазақ тілін үйрететін интерактивті бағдарлама | Тілді үйренуге қызығушылық тудырады |
ЖИ-ді қолданудың артықшылықтары мен қиындықтары
Артықшылықтары:
- баланың қызығушылығын арттырады.
- жеке траекториямен жұмыс жасауға жағдай жасайды.
- үнемі қолжетімді ци
- цифрлық көмекші рөлін атқарады.
— көптілді орта құруға мүмкіндік береді (қазақ, орыс, ағылшын тілдері).
Мүмкін болатын қиындықтар:
- артық экран уақыты мен тәуелділік қаупі.
- баланың эмоциялық қарым-қатынасын шектеуі.
- қазақ тіліндегі сапалы контенттің жеткіліксіздігі.
— педагог пен ата-ананың цифрлық сауаттылық деңгейіне тәуелділігі [3].
Мектепке дейінгі ұйымдарда жасанды интеллектіні тәжірибелік қолдану мысалдары. Интерактивті қосымшалар: ChatGPT тәрізді диалогтық жүйелер балаларға қысқа әңгімелер құруға, сұрақ-жауап ойнауға мүмкіндік береді. Дыбыстық ойындар: «Сөйлеуді үйретуші боттар» дыбысты дұрыс айтуға жаттықтырады. Қазақ тіліндегі цифрлық кітаптар: мәтінді дыбыстап оқып, түсіндірмелер беретін ЖИ негізіндегі платформалар. AR/VR технологияларымен біріктіру: баланың тілін дамытуға арналған рөлдік ойындар (мысалы, «дүкенге бару», «қонақ күту» жағдайларын модельдеу).
Баланың тілін дамытуда тәрбиеші дыбыстық жаттығулар жасатуына болады. ЖИ негізіндегі қосымша (мысалы, сөйлеуді тану бағдарламасы) арқылы бала сөздерді қайталап айтады, бағдарлама дұрыс дыбыстауын бағалайды. Дидактикалық ойын түрніде қолдануға болады. Мысалы: «Сөзді тап» ойыны: ЖИ сурет көрсетіп, «Бұл не?» деп сұрайды. Бала жауап бергенде, жүйе даусын түзетіп немесе қосымша түсініктеме береді.
Сөздік қорды кеңейтуде интерактивті ертегілерді пайдану тиіміді. Мысалы: ЖИ ертегіні бастайды, бірақ кей жерінде тоқтап: «Балалар, ары қарай не болады деп ойлайсыңдар?» — деп сұрайды. Балалар жауап береді, ал ЖИ олардың жауабына сәйкес ертегіні жалғастыра алады.
«Сұрақ-жауап» ойыны: Балаға қарапайым сұрақтар қояды «Кім ұшады?», «Қай жануар суда жүзеді?», бала жауап бергенде ЖИ суреттерді көрсетіп, нәтижені бекітеді.
Коммуникативтік дағдыны дамытуда диалогтық әңгімелесу арқылы балалар ЖИ-мен қарапайым сұхбат жүргізеді мысалы, «Сәлем, сенің атың кім?», «Қайда бара жатырсың?».
Рөлдік ойындарда ЖИ виртуалды дос рөлінде болып, балаға «қонаққа бару», «дүкеннен зат алу» сияқты ситуацияларды модельдеп береді.
Ұйымдастырылған іс әрекет барысында көрнекіліктерді пайдалануда сурет пен дауысты сәйкестендіру: ЖИ жануардың суретін көрсетіп, оның дауысын шығарады. Бала атауын қайталайды.
AR (кеңейтілген шындық) элементтері: Планшет арқылы баланың алдында 3D сурет пайда болып, ЖИ оның атауын айтуға шақырады [4].
- Практикалық тапсырмалар мысалы (ұйымдастырылған іс-әрекет)
Тақырыбы: «Жануарлар әлеміне саяхат»
Мақсаты: Балалардың сөздік қорын молайту, сөйлеу дағдысын дамыту.
ЖИ арқылы ұйымдастырылған іс-әрекет:
- ЖИ жануардың суретін көрсетіп, дауысын шығарады.
- Балалар: «Бұл кім?» деп жауап береді.
- ЖИ: «Жарайсың! Бұл — арыстан. Ол қайда тұрады?» — деп қосымша сұрақ қояды.
- Балалар жауап береді.
- Қорытынды кезеңде ЖИ балалармен бірге әндетіп, тақпақ қайталатады.
Осы тәсілдер баланы жалықтырмайды, тілін дамытады және ойын арқылы үйретеді.
Циклограмма жазуда тәрбиешілерге мүмкіндігінше пайдаланатын бір апталық жұмыс жоспарын ұсынамыз. «ЖИ арқылы тіл дамыту» (4–5 жас)
1-күн. «Сәлем, достар!»
Мақсаты: Балаларды қарапайым амандасу, өзін таныстыру сөздеріне үйрету.
ЖИ қолдану:
- Балалар планшеттен «виртуалды доспен» амандасады.
- ЖИ: «Сәлем! Сенің атың кім?» — деп сұрайды.
- Балалар өз атын айтады, ЖИ жауапты қайталап, дұрыс дыбыстауын бағалайды.
Ойын: «Сиқырлы айна» — ЖИ әр баланың атын айтып, «Сен мейірімдісің», «Сен көңілдісің» сияқты позитивті сөздер айтады.
2-күн. «Жануарлар әлеміне саяхат»
Мақсаты: Жануарлар атауын меңгерту, сөйлем құруға үйрету.
ЖИ қолдану:
- Экранда жануардың суреті пайда болып, оның дауысы шығады.
- ЖИ: «Бұл қандай жануар? Ол не істейді?» — деп сұрайды.
- Бала: «Бұл — ит. Ол үреді»
Ойын: «Кімнің дауысы?» — ЖИ дыбыс шығарады, бала жануарды табады.
3-күн. «Түстер мен заттар»
Мақсаты: Балаларды түстерді ажыратуға және сөйлем құруға үйрету.
ЖИ қолдану:
ЖИ түрлі түсті заттарды көрсетіп: «Бұл қандай түс?» деп сұрайды.
Бала: «Бұл — қызыл алма.»
ЖИ дұрыс жауабын қуанышты смайликпен немесе дыбыспен көрсетеді.
Ойын: «Түстерді тап» — ЖИ бір түсті айтады, бала бөлмеден сол түсті затты тауып көрсетеді.
4-күн. «Ертегі әлемінде»
Мақсаты: Сөздік қорды кеңейту, шығармашылық сөйлеуді дамыту.
ЖИ қолдану:
ЖИ қысқа ертегі бастайды: «Бір күні орманда…» — әрі қарай тоқтап қалады.
Балалар жалғастырады. ЖИ балалардың жауабын тыңдап, оқиғаны бейімдеп жалғастырады.
Ойын: «Ертегіні аяқта» — әр бала кезекпен бір сөйлем қосады, ЖИ соңында қорытынды жасайды.
5-күн. «Менің отбасым»
Мақсаты: Балалардың отбасы мүшелері туралы сөздерді қолдануын дамыту.
ЖИ қолдану:
ЖИ сурет көрсетіп: «Бұл кім?» — дейді.
Бала: «Бұл — әкем.»
ЖИ: «Жақсы! Әкең не істейді?» — деп толықтыруға жетелейді.
Ойын: «Сиқырлы фотоальбом» — балалар өз суретін ЖИ-ге көрсетеді, ол «Бұл кім?» деген сұрақ қояды, балалар жауап береді.
Әр сабақта ЖИ — сұрақ қоюшы, әңгімелесуші және бағалаушы көмекші рөлінде болады. Бұл балалардың қызығушылығын арттырып, тілдік белсенділігін дамытады.
Ойымызды қорытындылай келе, баланың тілін дамытуда жасанды интеллектіні пайдалану — заманауи білім берудің жаңа мүмкіндіктерінің бірі. Ол дәстүрлі әдістерді толықтырып, баланың жеке ерекшелігіне сай оқытуға жағдай жасайды. Алайда, ЖИ қолдану педагогикалық бақылаумен, ата-ананың қадағалауымен, ұлттық тілдік және мәдени контентті қамтумен қатар жүруі қажет. Болашақта қазақ тіліндегі ЖИ қосымшаларын дамыту — білім беру саласының стратегиялық бағыты болуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Қазақстан Республикасы Үкіметі. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2018.
- ҚР Білім және ғылым министрлігі. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. – Астана, 2022.
- Савелова Е.В. Цифровые образовательные ресурсы в школе: методика использования. Обществознание. Сборник учебно-методических материалов для педагогических вузов. – Москва, 2008.
- Баймухамедов М.Ф., Молдамурат К. Искусственный интеллект: современная теория и практика. //Материалы международной нучно-практической конференции «Байтурсыновские чтения – 2019», Костанай, 2019. – с.501-504.