Дін мен зайырлылық: ҚазҰУ-дағы ғылыми ізденіс пен қоғамдық жауапкершілік

Автор: Беисбек Ілияс Алмасұлы
Жетекші: Мұқан Нұрзат

Дін мен зайырлылық: ҚазҰУ-дағы ғылыми ізденіс пен қоғамдық жауапкершілік
Бүгінгі әлемдік және қоғамдық өзгерістер кезеңінде, дін мен зайырлылық арақатынасы қоғамдық саяси-әлеуметтік келісім мен ішкі тұрақтылықтың іргесі деуге болады. Бұл тақырып қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өте маңызды. Себебі, бұқаралық ақпарат құралдарынан бастап, мемлекеттік стратегиялық құжаттарға дейін дін мәселесі – ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырылып келеді. Мұндай маңызды салада білім беріп, ғылыми-талдамалық орталық ретінде әрекет етіп келе жатқан Қазақстандағы жетекші оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.
ҚазҰУ – Қазақстандағы ең ірі әрі беделді университеттердің бірі. Университеттің «философия және саясаттану факультетінің», «дінтану және мәдениеттану кафедрасы» – елдегі дін саласы бойынша кәсіби мамандар даярлайтын жетекші ғылыми орталықтардың бірі деп айта аламын. Кафедра қызметі – зайырлы мемлекет талаптарына сәйкес дін мен қоғам арасындағы үйлесімді байланысты ғылыми негізде түсіндіруге, діни таным мен рухани процестерді сын тұрғысынан талдауға бағытталған.
ҚазҰУ-дың дінтану мамандығы бойынша оқытылатын білім беру бағдарламасы – Қазақстандағы рухани қауіпсіздік, діни төзімділік пен дәстүрлі мәдениетке негізделген дүниетаным қалыптастыруға ықпал етеді. Мұнда студенттер тек теориямен шектеліп қана қоймай, тәжірибелік дағдыларды да меңгереді. Мәселен, дін саласындағы мемлекеттік мекемелермен, соның ішінде Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-мен бірлесе отырып, нақты әлеуметтік мониторинг жүргізеді. Атап айтқанда, студенттер мешіттер мен діни нысандардағы жағдайды сараптау, деструктивті діни ағымдардың сыртқы белгілерін анықтау, әлеуметтік желілердегі діни белсенділікті бақылау, және т.с.с. жұмыстарға қатысып, өздерінің кәсіби даярлығын нығайтады. Бұл өз кезегінде жас дінтанушылардың ғылым мен қоғам арасындағы байланысты терең түсінуіне мүмкіндік береді.
Кафедраның профессор-оқытушылық құрамы – елімізге белгілі дінтанушылар мен теологтардан құралған. Олар дін саласындағы заманауи сын-қатерлерді саралап, ғылыми еңбектер мен талдаулар ұсынады. ҚазҰУ қабырғасында жарық көретін ғылыми жобалар мен мақалаларда зайырлылық принциптері мен діни сананың эволюциясы кеңінен талқыланады. Сонымен қатар кафедрадағы ғылыми семинарлар мен конференциялар студенттер мен жас ғалымдарға өз білімін тәжірибе жүзінде шыңдауға жол ашады.
ҚазҰУ дінтанушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары тек теориялық шеңберде қалмайды. Олар қоғамдағы нақты мәселелермен тығыз байланысты. Мысалы, деструктивті діни ағымдармен күрес, жастардың діни сауаттылығы, зайырлылық принциптерінің бұқаралық санада дұрыс қалыптасуы секілді тақырыптар зерттеу өзегіне айналған. Мұндай мазмұндағы ғылыми жұмыстар бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін аса өзекті.
ҚазҰУ дінтану кафедрасының студенттері өздерінің ғылыми ізденістерін магистрлік, дипломдық жұмыстар арқылы нақтылап, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та діни мәселелерге байланысты талдау материалдарымен де бөлісіп отырады. Бұл – олардың ғылыми әлеуетінің өсуіне, қоғамдық ой-сананы дұрыс бағыттауға қосқан үлесі. Сонымен қатар кафедра халықаралық ғылыми байланыстарды да дамытып келеді. Түркия, Египет, Германия, Ұлыбритания секілді елдердің университеттерімен әріптестік орнату арқылы студенттер мен оқытушылар тәжірибе алмасып, дін саласындағы жаһандық процестерді бірлесе зерттеуге мүмкіндік алуда. Бұл – ҚазҰУ-дың әлемдік ғылым кеңістігіндегі беделінің артқанын көрсетеді.
Дінтану – бұл жай ғана теория ғана емес, ол – қоғамның рухани иммунитетін қалыптастыратын ғылым. Әсіресе жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, зайырлы қоғамның ұстанымдарын жеткізу, діни радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыру – ҚазҰУ-дың басты миссияларының бірі. Мұндай миссияны орындау үшін терең білім, кәсіби дайындық және ғылыми жауапкершілік қажет. Осы тұста ҚазҰУ-да білім алып жатқан дінтану мамандығының студенттері еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген жастар екенін де атап өткен жөн. Бұл фактор ұлттық бірегейлік пен рухани тұтастықты сақтау жолындағы маңызды басымдық болып табылады.
Мен, Беисбек Ілияс Алмасұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «дінтану» мамандығы бойынша білім алып жатқан студент ретінде бұл оқу ордасындағы ғылыми орта мен тәрбиелік миссияны терең сезінудемін. Өндірістік тәжірибе, ғылыми семинарлар мен конференцияларға қатысу, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының жетекшілігімен жүзеге асырылған нақты зерттеу жұмыстары мені болашақ маман ретінде тәрбиелеуде үлкен рөл атқаруда. Бұл тәжірибе маған тек білім беріп қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті де сезінуге үйретті.
Қорытындылай келе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану кафедрасы – зайырлылық пен діннің арасындағы ғылыми үндестікті қалыптастырып отырған бірегей орталық. Бұл кафедрада дайындалып жатқан дінтанушылар ертеңгі күні қоғамның рухани және идеологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, терең білімді, парасатты, кәсіби тұлғалар болып қалыптасуда. ҚазҰУ – тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, ол – қоғамдық жауапкершіліктің, рухани жаңғырудың және ұлттың мәдени іргетасын нығайтатын алтын шаңырақ деп сеніммен айта аламын.
Қосымша ақпаратты университеттің ресми сайтынан алуға болады:
Авторлар:
Кафедра ғылыми жетекшісі: Мұқан Нұрзат, 2-курс студенті: Беисбек Ілияс

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх