Авторлары: Алға Мақпал, Рысқалиева Гауһар
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 3 курс студенттері
Ғылыми жетекші: Утебаева Динара Сахибовна
Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпарат кеңістігі шексіз мүмкіндіктермен қатар, түрлі қауіптерді де алып келуде. Соның ішінде ең күрделісі – дін атын жамылған жат ағымдардың жастар санасына әсер етуі. Бұл – тек жеке адамға емес, тұтас қоғамға бағытталған қатер. Сондықтан жат ағымдардың ықпалынан сақтану – әр азаматтың рухани әрі ұлттық қауіпсіздігінің негізі.
Жат ағым деген не?
Жат ағым – дәстүрлі діннің атын жамылып, оның мазмұнын бұрмалап тарататын, дін арқылы өзге идеологияны насихаттайтын топтар.Бұл ағымдардың басты ерекшелігі – қоғамнан бөлектену, радикал көзқарас, мемлекетке және дәстүрге қарсы тұру.
Неліктен жастар оңай арбалады?
Жастар – ізденіс пен қызығушылық кезеңінде болатын, өмірлік бағытын анықтауға тырысатын буын. Жат ағым өкілдері осы сәтті пайдаланып:
•интернет арқылы тартымды уағыз таратады,
•«шындықты біз ғана айтамыз» деп сендіреді,
•дәстүр мен ата-баба жолын жоққа шығарады.
Мұндай идеологияға қарсы тұру үшін рухани иммунитет қажет. Ал бұл — дұрыс діни білім мен ұлттық тәрбиеден басталады.
Не істеу керек?
1.Діни сауаттылықты арттыру.
Дінді тек ресми мешіттер мен білікті мамандар арқылы үйрену – адасудан сақтайды.
2.Ақпарат көзіне мән беру.
Интернеттен алынған кез келген діни ақпаратты сүзгіден өткізу қажет. Сенімді дерек – ҚМДБ және ресми діни сайттар.
3.Отбасы мен мектеп тәрбиесін күшейту.
Баланың рухани дүниесіне бей-жай қарамау – ең маңызды міндет.
4.Жастармен ашық диалог жүргізу.
Оларды тыйып қою емес, түсіндіріп, бірге ой бөлісу – тиімді жол.
Қоғамдық бірлік – басты қалқан
Қазақстан – көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекет. Біздің рухани негізіміз – төзімділік пен бейбітшілік. Жат ағым – осы құндылықтарға қауіп төндіретін фактор. Сондықтан барша азаматты сергек болуға, ұлттық сана мен дәстүрлі дінді қорғауға шақырамыз.
Дін – рухани тәрбие. Ал оның бағытын дұрыс таңдау – әркімнің жауапкершілігі. Жат ағымға жол бермейік – болашағымызды бірге қорғайық!