Қабышев Темірхан Ахатұлы
Жетекші: Жұмашев Рымбек Мұратұлы
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қазақстан
Аңдатпа: Бұл мақалада Кеңестік биліктің Қазақстандағы өкілі Филипп Исаевич Голощекиннің саяси тұлғасы мен қызметі жан-жақты талданады. Автор Голощекиннің 1925–1933 жылдар аралығындағы Қазақстанда атқарған саяси реформаларын, оның ішінде «Кіші Қазан» ұранымен жүргізілген күштеп ұжымдастыру мен оның салдарларын тарихи деректер негізінде қарастырады. Мақалада Голощекиннің қазақ қоғамына тигізген теріс ықпалы, 1930-жылдардағы ашаршылықпен байланысы және ұлт зиялыларына қарсы репрессиялық саясаты сарапталады. Сонымен қатар, оның қызметінің Қазақстан тарихындағы орнына объективті баға беруге ұмтылыс жасалады.
Кілт сөздер: Голощекин, Кіші Қазан, ұжымдастыру, ашаршылық, репрессия, кеңестік саясат, отарлық басқару
Кіріспе
Қоғамдағы құбылыстар мен қатынастарды зерттеп, жұртшылыққа жария етіп отыруға тиіс қоғамдық ғылымның, соның ішінде ең алдымен, тарих ғылымының сол бір қуғын- сүргін зобалаң тұсындағы, одан беріде әкімшіл-әміршілдік, жәдігөйлік, жағымпаз, белең алған кезден бастан кешкенін түсіну керек. Ф.И. Голощекиннің Қазақстандағы саяси қызметі мен оның салдарларын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмыстары еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бастап белсенді түрде жүргізіле бастады. Бұған дейінгі кеңестік кезеңде Голощекин тұлғасы мен оның жүргізген саясаты біржақты сипатталып, негізінен партиялық мүдде тұрғысынан жағымды кейіпте баяндалды. Оның «Кіші Қазан» саясаты ұжымдастыру мен социализмге өтудің «батыл қадамы» ретінде бағаланып келді. Алайда кейінгі зерттеулер бұл көзқарасты түбегейлі қайта қарауды қажет етті [1, б. 93].
1920 жылдардың екінші жартысынан бастап қазақ даласында жаңа заманның саяси көлеңкесі қоюлана түсті. Кеңестік билік әкелген өзгерістер ел өміріне жай ғана түзету емес, тұтас бір дәуірдің үзілуіне себеп болған бетбұрыс әкелді. 1930 жылдардың басында бұл үдерістер шарықтау шегіне жетіп, қазақ халқы бұрын-соңды болмаған зұлматқа тап болды.
Жаппай ұжымдастыру, еріксіз отырықшыландыру, азық-түлік дайындау науқаны – осының барлығы дәстүрлі өмір салтына үлкен соққы болып тиді. Мыңдаған отбасы ойран болды: аналар баласынан, ағайын туысынан айырылды. Аштық пен ауру жайлаған ел арасында үрей мен үмітсіздік етек алды. Халық жан сауғалап, шекара асып – кім қайда барса, сонда беттеді. Алайда босқындықтың жолы ауыр болды: көпшілігі жолда аштан қырылды, кейбірі белгісіз жақта көз жұмып, көмусіз қалды. Қазақ даласы қаңырап, тіршілік тамыры үзілгендей күйге түсті. Бұл трагедияның артында сол тұстағы республикалық биліктің бірінші басшысы – Филипп Исаевич Голощекиннің (шын есімі – Шая Ицикович) есімі тұр. Ол 1925 жылы И.Сталиннің тікелей сенімімен Қазақстанға басшылыққа жіберіліп, «Кіші Қазан» ұранын ұстанып, ауыл шаруашылығын күштеп қайта құру науқанын бастады. Оның саясаты дәстүрлі шаруашылықты күйретіп, бай мен орта шаруаны тап ретінде жоюға бағытталды. Бұл реформалар түбінде 1931–1933 жылдардағы ашаршылықтың, демографиялық апат пен рухани күйзелістің негізгі себептеріне айналды. Халық арасында «Қужақ» лақап атымен танылған Голощекин есімі қазақ жадында қайғы-қасіреттің символына айналды. Оның билігі кезінде жүз мыңдаған адам ажал құшты, миллионға жуық адам ата-қонысын тастап, Қытайға, Ресейге босып кетті.
Жас кезінен-ақ саяси қозғалыстарға қызығушылық танытып, марксизм идеяларына ықылас танытады. 1903 жылы РСДРП (Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясы) қатарына өтіп, большевиктер қатарында белсенді жұмыс жүргізе бастайды. Голощекиннің революциялық қызметі Ресейдің түрлі өңірлерінде астыртын жұмыстар жүргізумен байланысты болды. Бірнеше рет қамауға алынып, жер аударылған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ол Петроградтағы Уақытша үкіметке қарсы әрекеттерге қатысып, Қазан төңкерісі кезінде белсенді рөл атқарды. Ол Ленин мен большевиктердің сенімді серіктестерінің бірі ретінде танылып, кейін кеңестік билік құрылымында түрлі қызметтерге тағайындалды. 1918 жылы Голощекин Қазан қаласындағы революциялық комитеттің мүшесі болды. Дәл осы кезеңде оның есімі патша әулетінің жойылуымен байланысты атала бастады. Ол 1918 жылы Екатеринбургте Романовтар әулетінің атылуына тікелей қатысы бар тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалды. Тарихи деректерге сүйенсек, аталмыш оқиғаны жүзеге асырған большевиктік топтың белсенді мүшелері арасында Г. Мясников пен Я.М. Юровский сынды тұлғалар ерекше аталады. Белгілі диссидент тарихшы және публицист Сергей Мельгунов Юровскийді «барып тұрған қылмыскер» деп сипаттайды. Ал Николай II-нің балаларына ағылшын тілінен сабақ берген британдық дін қызметкері архимандрит Чарльз Сидней Гиббс оны «салқынқанды жендет» деп бағалаған. Қызығы, бұл адам туралы Владимир Ленин «үміт күтетін коммунист» деп оң баға бергені туралы мәлімет бар [2].
Осы оқиғаға байланысты тарихи-публицистикалық әдебиеттерде кеңінен баяндалатын тағы бір маңызды дерек — Ф.И. Голощекиннің аталған жаппай қырғынға тікелей қатысы. Қасындағы жора-жолдастары басбұзар, жендет аталып жатқанда оның да бұл атаулардан алыс кетпегені анық. Бірқатар зерттеушілердің жазуынша, Николай II мен оның отбасын толықтай жою Лениннің тікелей тапсырмасы болған, ал Голощекин осы тапсырманы жүзеге асырушы және кейін бұл қылмыстың ізін жасырушы ретінде әрекет еткен. Тарихи деректерге қарағанда, қырғыннан кейін 1918 жылдың 19 шілдесінде Голощекин қараңғы түнде Екатеринбургтен Мәскеуге жеке вагонда аттанып, өзімен бірге ауыр үш жәшік алып кеткен. Жолаушылар тарапынан қызығушылық тудырған бұл жәшіктер туралы Голощекин: «Бұлар-Путилов зауытына арналған снаряд үлгілері», — деп жауап бергені айтылады. Кей деректерде бұл жәшіктердің ішінде патша отбасының мәйіт қалдықтары, нақтырақ айтқанда, кесілген бастары болғаны туралы ақпараттар келтіріледі. Мәскеуге жеткен соң, бұл жәшіктердің Кремль аумағындағы Свердловтың пәтеріне жеткізілгені де баса айтылады. Мұндай мәліметтер кеңестік кезеңде құпия сақталып, тек кейінгі диссидент тарихшылар мен публицистер еңбектерінде жарық көрді. Осы тарихи эпизод кеңестік жүйенің террорлық саясаты мен адам өміріне деген немқұрайдылық көзқарасын айқын көрсетеді. Яғни Голощекин өз әрекетін “қажетті революциялық шара” деп санады. Сонымен қатар өз еркімен бүтін бір патша әулетін қырып салғаны үшін Голощекинге ешқандай жаза қолданылмады. Керісінше бұл оның саяси жолдағы баспалдақ секілді жылдам көтерілуіне әсер етті .. 1922 жылдың қазан айынан бастап 1925 жылға дейін Филипп Исаевич Голощекин Самара губерниялық жұмысшы, шаруа және Қызыл армия депутаттары Кеңесінің төрағасы, губерниялық атқару комитетінің төрағасы және РКП(б) губерниялық комитетінің мүшесі қызметтерін атқарды. Бұл кезеңде ол губерниядағы ең жоғарғы билік өкілдерінің бірі болды [3].
Азамат соғысынан кейінгі қиын-қыстау жылдарына тап келген Самара аймағында аштық, індеттер мен күйреу кең таралған еді. Осыған байланысты Голощекин губерниядағы ашаршылықтың салдарымен күрес жөніндегі арнайы комиссия — «губпоследгол» жұмысына жетекшілік етті. Ол 1922 жылы 23 қазанда губерния аумағында енгізілген әскери жағдай режимін тоқтатып, бейбіт өмірге көшуге қадам жасады. Голощекиннің басшылығымен Самарада жаңа экономикалық саясат (НЭП) белсенді түрде жүзеге аса бастады. Бұл саясат аясында дореволюциялық өнеркәсіп ошақтары қалпына келтіріліп, жаңа өндіріс орындары ашылды. Транспорт жүйесі қайта жандандырылып, ауыл шаруашылығы мен сауда нарығы реттеле түсті. Сонымен қатар, мәдени-ағарту ісіне де көңіл бөлінді: сауатсыздықты жою (ликбез) науқаны басталып, театрлар, мұражайлар мен кітапханалар сияқты мәдениет мекемелері ұйымдастырылды. Бұл тәжірибе Ф.И. Голощекинге әкімшілік басқару жағынан белгілі бір бедел қалыптастырды және кейінгі Қазақстандағы қызметіне жол ашты. Алайда Самарадағы салыстырмалы түрде жұмсақ басқару әдістері Қазақстандағы радикалды әрі қатал саяси реформалармен мүлдем үйлеспеді. Мұнда ол жергілікті ұлт-азаттық қозғалыстарды басып-жаншуға белсенді қатысып, «орталықтың сенімді өкілі» ретіндегі рөлін айқын көрсетті. Оның әкімшіл-әміршіл, қатал басқару стилі дәл осы кезеңде қалыптасып, кейін Қазақстанда толық көрініс тапты. 1925 жылы Иосиф Сталиннің тікелей ұсынысымен Голощекин Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. Осылайша, оның қазақ халқымен тарихи байланысы басталып, бұл байланыс еліміздің ең ауыр кезеңдерінің бірімен тұспа-тұс келді [4].
Филипп Голощекиннің саяси болмысы мен қызметін замандастары түрліше бағалады. Кеңестік идеология тұрғысынан қарағанда, ол — өз ісіне адал, бар саналы ғұмырын коммунизм мұраттарына арнаған, лениншіл әрі табанды қайраткер. Осыған орай кеңестік тарихнамада оның бейнесі көбіне жағымды кейіпте сипатталды. Мәселен, зерттеуші В.Бурцов былай деген: «Кәсіби революционер. Өз өмірін саналы түрде коммунизм идеяларына бағындырған, мақсатты, адамдарға өзінің ақыл-ойын, күші мен қабілеттерін беретін адам. Бұл ерекшеліктер үлкен дәрежеде Филипп Исаевич Голощекинге тән болды». Бұл сипаттама Голощекиннің өз кезеңіндегі большевиктік элитаның өкілі ретіндегі бейнесін аша түседі. Алайда тарихи уақыт пен объективті зерттеулер оның қызметінің екінші, қарама-қайшы қырларын да алға тартты. Коммунизм жолындағы бұл «табандылық» кейін Қазақстан халқы үшін ауыр зардаптарға ұласқан саясатқа ұласып, оның аты қазақ тарихында қаралы беттермен байланысып қалды.
Филипп Голощекин — кеңестік жүйенің қолшоқпары іспеттес тұлға болды. Ол революциядан кейінгі кезеңде түрлі өңірлерде жылт етіп көрініп, қайта жоқ болып кетіп жүретіндігін айтпағанда, орталық тапсырмаларын бұлжытпай орындап, бейімделгіштігімен көзге түскен еді. Оның қызметтік жолына қарап, Голощекиннің ойшыл не теориялық деңгейдегі идеолог емес, нақты іске бағытталған орындаушы болғанын байқаймыз. Оның болмысына астыртын жұмыс, азық-түлік дайындау науқандары немесе дағдарыс жағдайындағы жедел тапсырмалар көбірек тән еді. Ол өз дәуірінің туындысы болатын. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен азаматтық соғыс жылдары адамдар үшін кісі өлімі қалыпты жағдайға айналды. Адам өміріне деген немқұрайдылық сол кезеңнің бір көрінісі еді. Бейбіт өмірдің моральдық нормалары ығысып, орнына қатыгез реализм келді. Осындай ахуалда қалыптасқан Голощекин де биліктің жоғарғы сатысына ұмтылмағандай көрініп, тапсырылған істі үнсіз атқаратын, жүйеге адал «қолшоқпар» ретінде танылды. Ол үнемі жаман жерде жүрді, ол жүрген жерде үнемі жамандық жүретін. 1925 жылы ол Қазақстан Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалып, Қызылорда қаласына келеді. Бұл кезде Қызылорда — бар болғаны жиырма мыңдай тұрғыны бар, шекаралық сипаттағы шағын қала болатын. Орынбор–Ташкент теміржолы бойында орналасқан бұл аймақ жаңа саяси-экономикалық бастамалар үшін сынақ алаңына айналуға дайын еді. Голощекиннің осындай лауазымға келуі Мәскеудің Қазақстанға деген қызығушылығының артқанын аңғартты. Кеңес үкіметі үшін бұл алып, бірақ сирек қоныстанған республика стратегиялық маңызға ие болды — болашақта бүкілодақтық шаруашылық жүйесін шикізатпен қамтамасыз ететін маңызды аймақ ретінде қарастырылды. Сонымен қатар, бұл тағайындау Кеңестік Орталықтың бұл аймақтағы жағдайға алаңдаушылықпен, әрі абайлықпен қарағанын да көрсетті. [5]
Жер реформасына қатысты туындаған қайшылықтар, этносаралық шиеленістер және славян шаруаларының жаппай қоныстануы — мұның бәрі Қазақстандағы ұлттық саясаттың нәзік әрі жарылғыш сипатта болғанын айғақтайды. 1920–21 жылдардағы реформалардың нәтижесіздігі Мәскеудің бұл өлкеде бақылауы әлсіз екенін көрсеткен еді. Сондықтан Голощекиннің келуі — саяси да, символдық та маңызға ие оқиға болды. Филипп Голощекин Қызылордаға келген кезде, оның артында бай революциялық тәжірибе, бедел мен белгілі бір аңызға айналған өмір жолы тұрған еді. Онымен қатар жұмыс істеген украин коммунисі Михаил Ряднин кейінірек Голощекин туралы былай деп еске алады:
«Біз ол кезде Ф. И. Голощекин туралы көп білмейтінбіз, бірақ білгеніміздің өзі бізде оған деген ерекше құрмет тудырды», — дейді ол. Ряднин Голощекиннің 1905 жылғы революциялық оқиғаларға қатысқанын, Яков Свердлов пен Иосиф Сталин сияқты большевик көсемдерімен байланысы барын және ІІ Николай патшаның отбасын өлтіру ісіндегі ықтимал рөлі туралы естігенін айтады.
Голощекин сыртқы болмысы мен мінезімен де өзгешеленетін. Рядниннің сипаттауынша, ол шамамен елу жастағы, еңселі, шашы ағарған, шапшаң әрі өте сергек адам болған. Көкшіл көздері үнемі бақылап, ештеңені назардан тыс қалдырмайтындай әсер қалдырса, бірдеңе туралы ойланған кезде сол қолымен үшкір сақалын сипап отыратын әдеті болған.
1925 жылы 12 қыркүйекте Филипп Исаевич Голощекин Қазақстанның астанасы Қызылордаға келді. Осы тарихи оқиғаға қатысты, уақыт өткен сайын өзекті бола түскен бір логикалық сұрақ туындайды: неліктен дәл осы адам, қазақ жерінде бұған дейін мүлде жұмыс істемеген, саяси тұрғыдан бөтен тұлға билікке келді? Бұл сұрақтың астарында сол дәуірдің ішкі саяси қайшылықтары мен Мәскеудің отарлық саясатындағы таңдау механизмі жатыр. [6]
XX ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары арасынан шыққан большевиктік бағыттағы бірнеше көрнекті тұлға бар еді. Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасов, Сейітқали Меңдешев, Сұлтанбек Қожанов — бұлардың әрқайсысы кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Қазақстанды басқаруға толық лайық еді. Алайда осы тұлғалар арасындағы идеологиялық және рулық алауыздық Мәскеудің сенімін әлсіретті. Тіпті сол кезеңнің өзінде-ақ бұл тұлғалар Мәскеуге барып, бір-біріне қарсы арыз жазып, “қаралау” тактикасын қолданғаны туралы деректер бар.
Виктор Нанейшвилидің биліктен кетуінен кейін қазақ большевиктерінің арасында басталған ішкі тартыс Мәскеу үшін “қауіпті белгі” саналды. Бұл туралы Ақтөбе губерниялық комитетінің жауапты хатшысы Исаак Беккердің мәліметтері де растайды:
“С. Меңдешов басқарған Кіші Орда (Кіші жүз) рулық тобы Қожанов басқаратын Үлкен Ордамен (Ұлы жүз) қақтығысып жатыр. Нұрмақов пен Садуақасов бастаған Кіші және Орта жүздің интеллигенциясы төңірегіне Орта Орда бірігетін болды.”
Осындай жағдайда Иосиф Сталин қазақ даласында ұлттық негіздегі саяси тұрақсыздықтың тамыр жайып келе жатқанын көріп, бұл процесті “сырттан” басқаруға шешім қабылдайды. Оның нәтижесінде Қазақстан партия ұйымының бірінші хатшысы қызметіне Мәскеуге адалдығымен танылған, “жүйенің адамы” Филипп Голощекин жіберіледі. [7]
Голощекин — қазақ өлкесі үшін бөтен, бірақ Кремль үшін сенімді кадр болатын. Ол саяси бейтараптылығының арқасында ішкі рулық қақтығыстардан тыс тұрды. Мәскеу үшін бұл өте ыңғайлы еді: бірін-бірі тұқыртқан, өзара келісе алмаған қазақ басшыларының орнына сырттан келген, қатаң вертикалды басқаруға бейім, “тәртіп орнатушы” адам керек болды. Салыстырмалы түрде көрші республикалардағы жағдай мүлде өзгеше өрбіді. Мысалы, 1923 жылы Өзбек КСР-інде партия ұйымының жауапты хатшысы лауазымы бекітіліп, оған өзбек қайраткерлерінің қолдауымен Абдулло Рахимбаев тағайындалды. Бұл — ұлттық кадрлардың ауызбіршілігінің нәтижесі болатын. Өзбектер өз ішіндегі ықпалды топтардың басын қосып, Мәскеуге ортақ кандидат ұсынды. Ал қазақ қайраткерлері мұндай тұтастық таныта алмады. Және бір себеп: Қазан төңкерісінің жетінші жылдығы қарсаңында Троцкий өзінің «Қазан сабақтары» атты еңбегін жариялап, партиядағы жетекшілікке деген өз талабын негіздеп, қарсыластарына өткір сын бағыттады. 1924 жылдың желтоқсанында Голощекин Самарада «Троцкизмге қарсы» деген сөз сөйлейді. Әлі де ықпалды Троцкийге ашық қарсы шығу арқылы Голощекин бұл саяси күресте толығымен Сталин жағын таңдағаны анық еді. Сталин болса, мұны лайықты түрде бағалады.
«Голощёкин — нағыз қатігез большевик болған. Ол үшін адам қаны — кедергі емес. Қажет болса, қан төгуден тайынбайтын адам. Мінезі өте қатал, тіпті жүйкесі сыр бергендей әсер қалдыратын. Партияда жүрген кезінде өзін басқалардан жоғары ұстайтын, демагог, циник болатын. Қазақтарға мүлде адам деп қарамаған. Қазақстанға келген бетте-ақ: «Мұнда әлі кеңес өкіметі орнамаған, сондықтан осында да бір шағын Қазан төңкерісін жасау керек», — деп жариялады оның көзін көргендердің бірі В.Бурцов .»
Голощёкин Қазақстанға келе салысымен өзінің саяси көзқарасын ашық көрсетті: оның ойынша, қазақ еліне түбегейлі өзгеріс керек еді. Өйткені, Қазан төңкерісінің дауылы қазақ ауылына шын мәнінде жетпеген — ауыл сол күйі ескі өмір салтымен өмір сүріп жатты. Осы ойдан келіп, ол әйгілі «Кіші Қазан» идеясын ұсынды. Бұл — қазақ ауылына күштеп революция әкелу жоспары еді. Бірақ бұл идея теориялық тұрғыдан жақсы пысықталмаған болатын. Ол ең алдымен ауылда сенімді коммунистік бастауыш ұйымдар — ячейкалар құру керек дейді. Бұл ұйымдар ауылды өзгертудің негізгі құралы болмақ. [8]
Голощекин ауыл коммунистерінің деңгейіне күмәнмен қарайды. Олардың партияға өту себептері күмәнді – көпшілігі партияға тұқым несиесі үшін кірген. Жарна төлемейді, 90 пайызы сауатсыз. Саяси сауаттылық жоқ: Коминтерн деген не деп сұрасаң, “Үлкен комиссар” дейді, саясат деген — “қулық” деп жауап береді. Ол ауыл коммунистерінің көпшілігі шынайы партиялық мүддені емес, рулық мүддені көбірек көздейді дейді. Осыған қарап, Голощекин ауылды бірден өзгерту мүмкін емес екенін, алдымен кадр дайындау керектігін айтады. Голощекиннің негізгі ойы: ауылды революция жолына салу керек. Голощёкин Қазақстанға келген соң, бірден: «1925 жылдың күзіне дейін болғанның бәрін Қазақстанның және оның партия ұйымының шынайы тарихы деп айтуға келмейді» — деп кесіп айтты. Яғни, ол елдің бұған дейінгі он жылдық тарихын жоққа шығарып, барлығын жаңадан бастау керек деді. Оны Қазақстанның екінші өлкелік комитетінің хатшысы І. Құрамысов та қызу қолдады. Ол да: «Қазан төңкерісінің дауылы қазақ ауылын жанап қана өтті, шын мәнінде әсер етпеді» — деп қайталады. Ол бірден Сталинге хат жазып, өзінің саяси бағытын қорғауға кірісті. Хатында ол бес негізгі мәселе көтерді: партия құрылысы, ұлттар арасындағы қатынас, кадр мәселесі, мәдениет және ықпал ету жолдары. Мысалы, ол қазақ ауылына әсер етудің «жаңа» жолын былай сипаттады: «Сауатты, мәдениетті қазақтарды ауылға көшіру керек. Дала халқына қасықты, шанышқыны, терезесі бар үйді, түтін шығатын мұржаны, таза киімді — бәрін үйрету қажет. Бір сөзбен айтқанда, мәдениетті ауылға алып келу керек. Себебі, бұл мәдениет дегеніміз — үлкен саясат.» [9]
1925 жылғы Бесінші конференция кезінде-ақ Филипп Исаевич Голощекин қазақтар Қазан төңкерісінің шын мәніндегі ықпалын сезбегенін ашық айтты. Ол бұл ойын алғаш рет бейнелі түрде, біршама жұмсартып, қазақтарға деген әлдебір жылы сезіммен білдірді. Бірақ шын мәнінде ол қазақ халқын мәдени, саяси тұрғыда артта қалған, әлсіз, өзін өзі басқара алмайтын, ескі “қапаста” өмір сүріп жатқан жұрт ретінде сипаттады. Голощекин алдында тұрған міндеттің ауқымын айқын түсінді: бір жағынан — шеткері, кең-байтақ, коммуникациялық қатынасы қиын, көшпелі халық мекендеген өлке; екінші жағынан — бұл өлкеде мәдениет ошақтары мен кеңестік аппараттарда әлі де «Алашорда» көзқарасындағы ұлтшыл кадрлар орнығып алған. Осыны ескерген ол “артта қалған республиканы” кеңестендіруді, яғни толық бақылауға алуды үлкен мақтанышпен бастау керек деп білді. Оның көзқарасы мынадай болды: біз кедейлерге, батырақтарға қалай қарасақ, қазақтарға да, яғни қазақ халқының еңбекші бұқарасына да дәл сондай көзқарас танытамыз. Бірақ, деді ол, біз бұл бұқарамен әлі де нақты байланыс орната алған жоқпыз. Біз қазақ халқына — “энергияның”, “халық даналығының”, “сау-саламат сезімнің” қайнар көзіне — әлі жақындай қойған жоқпыз. Сондықтан «Ауылға бет түзеу» ұраны осы қайнарларға апарар жол болып табылады. Біз осы қайнардан ішуді, сусындауды бастауымыз керек. “Бірақ тек қайнар судан — ондаған жылдар бойы тұрып қалған, дәмі бұзылған судан емес” [10].
Бұл — Голощекиннің конференциядағы қорытынды сөзі еді. Әрине, ол тәжірибелі шешен ретінде мәтінді алдын ала жазбай, тікелей сөйледі. Бірақ сөзі тыңдаушыларға оғаш, алаңдатарлық әсер қалдырды. Оның сөзі бұрынғыдай шұбалаңқы, демагогиялық, кейде тавтологияға (бір сөзді қайта-қайта қайталау) құрылған. Ол өз ойын бейнелі сөздермен жеткізуге тырысқанымен, сол бейнелер тым орынсыз әрі екіұшты шықты. Мысалы, ол “қайнар көз” деген сөз тіркесін бірнеше рет қолданды: “энергия қайнары”, “халық даналығының қайнары”, “сау сезімнің қайнары”, соңында — “халықтық қайнар көздер” деген ұғымға әкеліп тірейді. Сосын сол “қайнар көзден ішуді бастау керек” дейді. Бейнебір халық — бір ыдыста тұрған сұйықтық секілді, одан ішіп, пайда көруге болатындай көрінеді. Енді сұрақ туады: “Қайнар көзден” ішетін не нәрсе? Егер бұл “қайнар” халық болса — онда, тура мағынасында, ішілетін бір ғана нәрсе бар. Ол — қан . Голощекиннің “қайнар көз” деп бейнелеп отырғаны — қазақ халқы. Ал ол халықтан “сусындау” дегені — оны саяси, рухани, экономикалық жағынан бөлшектеу, қанын сору, керек болса құрбан ету. Бұл сөздер көркем естілгенімен, артында өте ауыр, қасіретті мағына жатыр. Голощёкин бұл идеологияның бірден бір орындаушысы болды. «Кіші Қазан» саясатына баға беру — тарихшылар арасында әлі күнге дейін пікірталас тудырып келеді. Кейбіреулер оны әлеуметтік серпіліс ретінде бағаласа, басым көпшілігі оны қазақ қоғамына орасан зор зиян келтірген, тарихи сабақ ретінде қарастырады. Әрине, сауат ашу мен инфрақұрылымдық өзгерістер секілді кейбір оң өзгерістер болды. Алайда олардың барлығы халықтың еркінен тыс, репрессия, ашаршылық және жаппай жойылумен қатар жүрді. Қорытындылай келе, «Кіші Қазан» саясаты — реформаның емес, революциялық зорлықтың көрінісі. Бұл саясат ғылымға емес, идеологиялық қиялға негізделді. Ол қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын күшпен жоюға, билікті орталыққа шоғырландыруға бағытталды және салдары орны толмас қасіретке алып келді. Тарих бұл саясаттың тұрақтылық әкелмегенін, керісінше әлеуметтік күйзеліс пен адами апат туғызғанын дәлелдеді. Сондықтан бұл саясатты оң бағалауға негіз жоқ деп санаймын.
Жергілікті жағдаймен танысып алған соң Ф. Голощекин И.Сталинге арнайы хат жолдап, онда ендігі уақытта басымдылық жалпыұлттық міндеттерге емес, қазақ ауылын кеңестендіруге, республика өмірінде коммунистердің үлес салмағын күрт арттыруға, басқару аппараттарын жергіліктендіруге, яғни қазақ бұқарасына қазақша қызмет жасауға, соңдай-ақ «үлкен саясатқа» емес, қалың қазақ бұқарасының күнделікті мұқтаждықтарын қанағаттандыруға берілмек екендігін тәптіштеп айтты. Ф.Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» концепциясы осындай тұжырымдардан тұрды және ол И.Сталиннің толық қолдауына ие болды. Бірақ ол Кіші Қазанды келе салысымен бастап кете алмады. Оған қарсы “Алаш” партиясының бұрынғы мүшелері мен қазақ большевиктері қарсы тұрды. Кейбір беделді тұлғалардың өзі дәулетті отбасыдан шыққан еді. Ендігіде Голощекин осы саяси топтардан құтылуды қолға ала бастады. Себебі олар тұрғанда Кіші Қазанды жасау мүмкін болмайтынын білді. Ол туралы Ыдырыс Мұстамбайұлы былай деген болатын: “Егер сіз өлкелік комитеттің бюросы 7-8 адам деп есептесеңіздер, бұл жай ғана көзбояушылық дер едім. Өлкелік комитет түгел дерлік бір ғана жолдас Голощекиннің жұдырығында. Мүмкін ол диктатор шығар, мүмкін күшті партия қызметкері шығар. Не де болса ол басқаларды былқ еткізбей билеп-төстеп отыр” [11]
Сталин өзі тағайындаған адамнан дәл осыны күтсе керек. Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощекин ішкі алауыздықты пайдаланып, биліктің ықпалын күшейтуі керек еді. Осылайша Қазақстандағы кеңестік мемлекеттік автономия қызметіне ұлттық сипат, мазмұн беруге күш салған саяси топ (С. Қожанов, С. Сәдуақасов, Ж. Мыңбаев, Н. Нұрмақов, т.б.) Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» бағдарламасын қазақ ауылында «азамат соғысын» тудыру әрекеті есебінде қабылдады. Қазақ қайраткерлері арасындағы келесі бір топ (О. Исаев, І. Құрамысов, Ғ. Тоғжанов, т.б.) ендігі уақытта басымдылықтың жалпыұлттық емес, таптық саяси мәселелерге берілгенін жөн санады. Республика өміріндегі саяси тартыс, негізінен, осы екі топтың арасында жүрді. Ф.Голощекин қазақ большевиктерін, қазақ зиялыларына айдап сала бастады. “Алаш” зиялыларының өз қызметтерінен қуылуына осылайша олардың ізіне шам алып түскен Голощекиннің қатысы бар екені мәлім. Мысалы: Сәкен Сейфуллин Аймет Байтұрсыновты орнынан алып тастауға көмектесті. Яғни оның 1925 жылы академиялық орталықтан кетуіне ықпал етті (Наркомпрос). Ал Нығмет Нұрмақов Әлихан Бөкейхановтың Алматыға қайтып оралуын құптамады. Ендігі кезек қазақ большевиктеріне келгенімен оларды орнынан алып тастай салу оңайға түспеді. Себебі олардың көбісі кеңес үкіметін құрысқандар қатарында, азаматтық соғысқа қатысқандар және Сталинмен жеке таныс тұлғалар еді. Осы бойынша енді Голощекин Сталинге жүгінді. Сталиннің өзі осы жағдайды мақұлдап, беделді қазақ большевиктерін орнынан алуға келіскені туралы нақты дерек жоқ. Алайда қазақ большевиктерінің алдағы өміріндегі қызметін ауыстыру мүмкіндігі тек Сталиннің құзырында болатын. Және ол солай болды. Тек Сталин ғана Т.Рысқұловты Моңғолияға, Қожановты Кавказға жібере алатын. 1928 жылы Қазақ педогогикалық университетінің ректоры С.Садуақасовты Мәскеудегі көлік инженерлері институтына студент ретінде ауыстырып жіберді. Сонымен қатар ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақовты да Мәскеуге оқуға жіберді [25].
Осылайша 1928 жылы Сталиннің көмегімен Голощекин қазақ жеріндегі өзіне қарсы шығады ау деген қазақтардың көзін құртты. Олардың орнына айтқанды бұлжытпайтын: І.Құрамысов, О.Исаев, Қ.Сарымолдаев, Е.Ерназаров сайланды. Ф.Голощекин тұсындағы ең керемет мансапқа қол жеткізгендердің бірі Н.Ежов болды.1923 жылғы наурыз айында Семей облыстық комитеттің хатшысы қызметінен,1925 жылы Ф.Голощекиннің орынбасары қызметіне дейін көтерілді. 1926 жылдан бастап, беделді қазақтарды қудалап болғаннан соң ол Қазақ даласының қожайыны бола бастады. Ол қазақтарда ең бастысы жер екенін және бірінші кезекте жерді тартып алу керектігін түсінді.
Ф.Голощекин бастаған саяси басшылық қазақ ауылын кеңестендіру жолында тұрған негізгі кедергі байлар табы деп түсінді. Оның ойынша қазақтар өте дәулетті, бай тұрады. Оның бұлай ойлауына да себеп болды. Себебі қазақ даласындағы көшпелі өмір сүретін ең кедей қазақтың: 100-150 қойы, 25 жылқысы, 10-15 түйесі бар еді. Голощекин үшін бұл сұмдық көрсеткіш болатын. Себебі сол кездегі ең кедей ресей шаруасының тіпті баспанасы да жоқ еді. Осыны ойлаған Голощекин енді қазақ байларын шұғыл тәркілеу керек деген ойға келді. Ол бай мен кедей қазақ бір бірін туысқан деп санағандықтан, бай ешқашан кедейдің аштықтан немесе аурудан қырылуына жол бермейді деп санады. Әрі қазақ байлары өз ауылдарының қорғанышы мен жәрдемшісі болғандықтан олар кеңес үкіметінің орнауына өз кедергісін келтіреді деп есептеді. Сондықтан да 1926 жылы 20 мамырда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» заң қабылдап, байларды мал жайылымынан айыру шарасын осы жылдың маусым және шілде айларында бастап кетті. Шабындық және егістік жерлерді қайта бөлуде бірқатар қиындықтар кездесті: жерді өлшеу даярлықсыз жүргізілді, болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бұл шараның мақсаты мен мәнін толық түсініп, оны ақырына дейін жеткізуге мүдделі қызметкерлер аса көп байқалмады. «Кіші Қазан» бағдарламасы аясында шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу арқылы қазақ ауылында тап аралық «майдан» ашудан үміттенген кеңестік басшылық бұл үміті ақталмаған соң, жаңа ауқымды да қауырт шараларды іске асыруды қолға алды. Осылайша 1928 жылы 28 тамыздағы жарлық “бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы” бойынша “Ауылдардағы кеңестік үкіметтің орнауына өз кедергілерін келтіріп отырған ірі мал иелерін көшіруді ұйымдастыру. Ф. Голощекиннің ойынша “бай”-дегеніміз 150 бас малы бар қазақ. Яғни бұларды жазалау керек. Алайда Мәскеу билігі 150 бас мал 1 миллион қазақта бар, оның бәрін жазалай алмайсың, бәрінен бір уақытта тартып алатын болсаң олар жаппай көтерілуі мүмкін деп үн қатты. Сондықтан да “бай” деп ендігіде 450 бас малы бар қазақты айтатын болды. 1928 жылғы жарлық бойынша тек солтүстік Қазақстанның өзінде 700 адам “бай” деп танылды. Осылайша байларды қудалау мен кәмпескелеу арқасында кеңес үкіметінде тегін жұмыс күші мен тегін мүліктер келе бастады. Голощекинді жақтағандар ішінде А.А.Андреев, И.Зеленский болды. [12]
Осылайша қарсы шыққандар ауыр жазаланды. Әбден қанға көзі боялған Голощекин енді кім бай, кім кедей екенін өзі шешетін болды. Іс ақылға сыймайтын жағдайға дейін жетті. Мысалы “Советская Степь” газетінде былай деп жазылған:1928 жылы 13 қарашада 60 байдың жазаланып, олардан 16 киіз үй, 11 жертөле үй, 17 техника, 26 кілем, 26 киіз тәркіленді. Бірақ бұндай мүліктердің бәрі байлардың барлығында болмағаны анық. Бұл мәліметтер, шын мәнінде, кедейлердің көз алдында байларды барынша жауыз, ашкөз етіп көрсету үшін әсіреленген. Егер бір нәрсеге иелік етсе, ол тек мал ғана еді. Ендігіде 450 бас мал емес, басыңда баспанасы болса да “бай” аталып кете беретін болды.1929 жылы 54мың адам бай саналып, мүлкі тәркіленді әрі жазаланды. Жылдар өте келе “байлардың” саны өсе бастады.
Филипп Голощекиннің бастамасымен жүзеге асқан «Кіші Қазан» саясаты әсіресе қазақтың дәстүрлі элитасын – байлар мен кулактарды тап ретінде жоюға бағытталды. Бұл науқан барысында мыңдаған адам жазықсыз қуғынға ұшырады. Архив деректеріне сәйкес, осы кезеңде тәркілеуге ұшыраған ірі байларға қатысты 799 жеке іс тіркелген. Олар Қазақстанның басқа өңірлеріне жер аударылып, кейінгі жылдары ату жазасына кесілді. 1928 жылы И.В. Сталиннің Сібірге сапары кезінде ол мемлекетке белгіленген бағамен астық өткізуден бас тартқандарды РСФСР Қылмыстық кодексінің 107-бабы негізінде қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде нұсқау берді. Осы шешімнің негізінде Қазақстанда 40 мыңға жуық шаруа қожалығы (шамамен 200 мың адам) жазаланды. Мұндай тәжірибе кейінгі жылдары ОГПУ органдары тарапынан жүйелі түрде қолданылды. 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейінгі аралықта ғана астық дайындау барысындағы қарсылықтар үшін 30 800 адам сотталды. 1928 жылдың 1 қазанынан 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін сот органдары 125 адамға өлім жазасын қолданды, ал ГПУ органдары осы кезеңде 326 адамды жазалап, олардың 152-сін атып тастады. 1929–1933 жылдар аралығында Қазақстандағы ОГПУ Үштігі 9805 іс қарап, 22 930 адамға қатысты жазалау шараларын қабылдады. Оның ішінде 3386 адам ату жазасына, 13 151 адам 10 жылға дейінгі мерзімге лагерьге айдалды. Бай-кулактарды тап ретінде жою науқаны барысында барлығы 56 498 адам қуғындалды. Кейінірек күштеп ұжымдастырумен байланысты түрлі әлеуметтік-саяси науқандардың барысында 165 мыңнан астам шаруа репрессияға ұшырады. Сонымен қатар, 1932 жылы 7 тамызда қабылданған социалистік меншікті қорғауға қатысты заң негізінде бір жылдың ішінде ғана Қазақстанда 33 345 адам сотталды. Бұл жағдайлар кеңестік жүйенің жергілікті халыққа қарсы бағытталған репрессиялық сипатын нақты айғақтайды.
1929 жылы қарашада “Правда” газетінде Сталиннің “Ұлы бетбұрыс жылы” мақаласы жарық көрді. “Жаппай ұжымдастыру” қарқын ала бастады. Бұл тапсырманы ең алғашқы болып орындауға асыққан Голощекин “Қазақтарды шұғыл отырықшылыққа көшіру және егіншілікпен айналысуға мәжбүрлеу” туралы бұйрық берді. Бұл жөнінде оның жақтастары оны қолдады, бірақ қазақтарды күштеп егіншілікпен айналысуға мәжбүрлеудің қиын болатынын, және оған ұзақ уақыт кететіндігін ескертті. Сонда Ф. Голощекин оған қанша жыл кететіндігін сұрағанда Қ. Сарымолдаев оған Әлихан Бөкейханов 1913 жылы жасаған талдау жұмысын көрсеткен болатын. Онда Бөкейханов қазақтың көшпендіден отырықшыға айналу үшін 250 жыл керек деп түсіндірген. Голощекин бұл санды естігенде ашуға булығып, сақалы дірілдеп, мойны қызарып кетті. Сосын қатқыл үнмен: “қайдағы 250 жыл. Біз қазақтарды екі-үш жылдың ішінде отырықшылыққа көшіреміз!”-деді” [12].
Салдарынан көрсетілген жылдар арасындағы қырылған малдар көрсетілген:
1928ж -6млн 500мың сиырдан
1932ж-965мың бас
1928ж-18млн 500мың қойдан
1932ж — 1млн 300мың қой
1928ж-3млн 600мың жылқыдан
1932ж-400мың жылқы
1928ж- 1млн түйеден
1932ж-63мың түйе қалды
Алдымен мал, одан соң адамдар жаппай қырылды. Қаншама мың адамдар колхозды тастап қалаларға, Қытайға ауа бастады. Бұл кездегі Ф.Голощекиннің саяси әрекеті тіпті жаға ұстатады. 1930 жылы аштық басталғанда, аш қазақтарды қалаға өткізуге тиым салды. Қашқан, шекара ауғысы келген қазақтарды еш себепсіз атуға бұйрық берді. Бесжылдықтың соңында, ресми мәлімет бойынша (әрине, асырып көрсетілген), бар болғаны 4 миллион бас мал қалды. Шындығында қанша болғанын ешкім білмейді. Ұжымдастырудан аман өткен адамдардың айтуына қарағанда, әлдеқайда аз. Тарихшылар 1932-1933 жылдардағы аштық құрбандарының саны туралы 3тен 14 миллионға дейінгі аралықта әртүрлі цифрды атайды. Көпшілігі 4-7 миллион адамға тоқтайды. Әлихан Бөкейханов 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жазған мақаласында 1914 жылы қазақ халқының саны 6 миллион 470мың болғанын айтады. 10 жыл ішінде табиғи өсім арқылы бұл сан 979 мың адамға артқан. Демек, 1930-32 жылғы ашаршылық басталар алдында Қазақстан аумағында қазақтардың саны кемінде 7 миллион 250мың адам болған. [13]
Кейбір зерттеулерде Қазақстанда аштықтан халықтың үштен бірі қырылғаны, ал әсіресе байырғы тұрғындар — қазақтардың жартысына жуығы қаза тапқаны көрсетіледі. Сара Кэмерон қазақ халқының 40%-ы қырылып қалды деп көрсетті. Демографиялық көрсеткіштер бойынша туу көрсеткішінің күрт төмендеуі,ал кей аймақтарда мүлдем тоқтап қалды.1932 жылы көптеген аудандарда тіркеуде бірде-бір нәресте болмаған. Өлім көрсеткіші шектен шығып кетті. Кей ауылдарда халықтың 70-80%-ы аштан қырылған. Қазақ этносының үлесі 58%-дан 38%-ға дейін құлдырады. Тарихшылар мен демографтардың алдын ала жасаған зерттеулері бойынша қазақ этносы ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық кезінде қатал геноцидке ұшырап, ауыр демографиялық апатты бастан өткерді. Аштықтың, оның салдарынан таралған жұқпалы аурулардың және табиғи өлім-жітімнің өте жоғары деңгейде болғанының нәтижесінде Қазақстан халқы 2 миллион 200 мың адамынан айырылды. Бұл — жалпы халық санының шамамен 49 пайызына жуығын құрады. [14]
Қорытынды
Француз ойшылы әрі публицист Гракх Бабёф Робеспьердің серігі болған Жан-Батист Каррьенің қанды әрекеттері туралы жазған еді. Каррье Францияда “кіші революцияны” іске асырса, Голощекин Қазақстанда өз “кіші Қазанын” жасап, сол жолда миллиондаған адамның тағдырын құрбан етуден тайынбады. Ол қанды қақтығыстан, аштықтан қорықпады. Қайта, бұны революция жолындағы “қажетті құрбандық” деп таныды. Бұл – кездейсоқ қаталдық емес, саналы түрде таңдалған бағыт болатын. Ашаршылықтың басты саяси жауапкершілігі сол кезеңде өлкелік билікті басқарған Филипп Исаевич Голощекинге жүктелетіні тарихи деректермен де, заманауи зерттеулермен де дәлелденіп отыр. Оның аты-жөні ашаршылық трагедиясының синониміне айналғаны кездейсоқ емес.
Голощекин тағдыры — кеңестік жүйе адамдарының шынайы бет-бейнесін, олардың өз сенімдерінің құрбанына айналғанын көрсететін тарихи-психологиялық сабақ деп қабылдаймын. Сонымен, бұл өтініш хат партиялық элитаның тағдыры шешіліп қойғанын өзгерте алмады. 1941 жылы 28 қазанда, ешқандай ашық сот процесінсіз, НКВД мен КСРО прокуратурасы арасындағы келісім негізінде, Ф.И. Голощекин ату жазасына кесілді. Оның аты-жөні кеңестік тарихнамада ұзақ уақыт бойы аталмай, мектеп оқулықтарынан, газет-журнал беттерінен фотосуреттері мен аты өшіріліп, жаппай ұмыттыруға ұшырады. Бұл кеңестік саяси репрессия дәуірінің жиі қолданылған әдістерінің бірі болатын. Голощекин өзі қатысқан, 36 жыл ішінде осы механизмде жұмыс жасаған саясаттың түбінде өзін жалмағанын кеш аңғарды. Ол Кеңестік саясаттың өзі білетін алдымен жақын тарту, пайдалану, кейін керек емес заттай лақтыра салатынын ұмытқан секілді.
Филипп Голощекин – XX ғасырдың алғашқы жартысындағы кеңестік саясаттың ең қайшылықты әрі трагедиялық тұлғаларының бірі болып тарихта қалды. Ол өз дәуірінің белсенді революционері, партияға адал қызмет еткен большевик саналғанымен, оның аты Қазақстан тарихында «Кіші Қазан» саясаты, ұжымдастыру зардаптары мен 1931–1933 жылдардағы ашаршылық сияқты аса ауыр оқиғалармен тығыз байланысты. Голощекиннің жүргізген саясаты — әсіре орталықтандыру, жергілікті ерекшеліктерді елемеу, күшпен ұжымдастыру — қазақ халқы үшін орны толмас демографиялық және рухани трагедияға айналды. Оның шешімдері салдарынан миллиондаған адам аштықтан қырылып, дәстүрлі қазақ қоғамы күйреді. Ол өзін коммунистік идеяға шынайы сенген, партияға берілген қайраткер ретінде көрсе де, нақты тарихи тәжірибе оның авторитарлық, идеологияға құл болған, шынайы өмірден алшақ саясаткер болғанын дәлелдеді. Кейінгі сталиндік репрессия кезінде өзі де сол зұлматтың құрбанына айналды. Бұл оның өмірінің тарихи ирониясы әрі кеңестік жүйенің өз ішінен өзін жоюға бейімділігін көрсетеді. «Ұлы жұт шежіресі» атты еңбектің авторы Владимир Михайлов Голощекиннің «Советская степь» газетінің тігіндісінде жарияланған барлық фотосуреттерінің сызылып, «қаскүнем», «қатыгез» деген сөздермен шимайланғанын анықтаған. Бұл жазулар өте ерте жасалған, себебі сияның өзі әбден өшіп кеткен. Бұл – халықтың оған деген көзқарасының анық көрінісі еді. Бүгінде тарихты бағалаушылар тарапынан: «Голощекинді атқаны үшін Берияға ескерткіш мүсін қойып, «Қазақ халқының жартысына жуығы аштықтан қырылғаны үшін кек қайтарған Берияға» деген тақта ілуге болар еді» деген ащы ирония жиі айтылып жүр. Тарихтың ащы шындығы – кеңестік қатыгез жүйенің бір өкілі ақырында екінші бір қатыгез жүйенің құрбанына айналды .Саяси тұрғыдан бағалайтын болсақ, Голощекин – сталинизмнің шектен шыққан формаларын Қазақстанда жүзеге асырып, кеңестік репрессивті жүйенің символына айналған қайраткер. Оның есімі әділ тарихи баға алуы керек: ол — халық мүддесін екінші орынға ысырған, бұйрықты орындаушы өктем саяси күштің өкілі ретінде есте қалуы тиіс.
Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналды. Бүгінгі күні қазақ тілін, мәдениетін және руханиятын сақтап қалудағы қиындықтардың бастауы сол ашаршылық жылдарынан басталады. Тым көп нәрсе жоғалды, тым көп адам өз үлесін қоса алмады. Әлемде ешқай ұлт туған жерінде аз ұлтқа айналмаған. Қазақтар 60-шы жылдарға дейін өзінің туған жерінде аз ұлттардың біріне айналды.
Сондықтан аштық тек қана цифра емес, аштық біздің мінез-құлқымызды, болмысымызды, қазіргі санымызды, сапамызды өзгерткен үлкен трагедия. Бірақ оған қарамастан қазақ мәдениеті жойылып кеткен жоқ — ол аман қалды. Оның бүгінгі тіршілігі — сол жылдардағы зұлматта шейіт болғандардың рухына қойылған ескерткіш іспетті. Әрбір қазақ сөзі, әні, жыры мен ою-өрнегі — сол ауыр тарихтың үнсіз куәсі. Қазақ мәдениеті модернизация дәуірінде өз орнын таба алар еді. Егер ол күшпен тұншықтырылмаса, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра отырып жаңа белестерге жетер еді. Сондықтан біз бұл тарихты ұмытпауымыз керек. Бұл — тек өткеннің қасіреті емес, болашақта сондай деспоттық қайталанбас үшін қажет сабақ. Голощекин тарихта адам тағдырын елемей, билік мүддесін бәрінен биік қойған басшының қандай қасіретке апаратынын көрсететін қара дақ болып қала береді. Қалай болғанда да, 1930-жылдардың басында орын алған қайғылы оқиғаларда оның да кінәсі бар. Ол кезде қазақ ұлты жойылып кетудің сәл-ақ алдында қалды. Алайда менің ойымша, Голощекин мұндай ауқымды мәселелер бойынша өз бетімен шешім қабылдап, оны жүзеге асыратындай дербес тұлға болмаған. Бұл сол кезеңдегі билік жүйесіне де, орныққан тәртіпке де қайшы келер еді. Ал оның ақыры кінәлі болып шығуы – бұл да заңдылық секілді. Өйткені белгілі қағида бар: «халық көсемі» ешқашан қателеспейді, барлық асыра сілтеулер жергілікті жерлерде орын алған. Ақырында, қазақ халқының басына түскен зұлматты біреудің мойнына арту керек болды. Оның үстіне болашақ «генералиссимус» өзіне енді қажетсіз болған адамдарды, орындаушылар мен куәларды жойып, құжаттарды мұқият түрде тазалап отырған болатын. Голощекин осылайша өзі құрамында басты рөлдердің бірінде болған механизмнің ақырында өзі құрбаны болды. Бұл кеңестік саясат еді… «жақын тарту, пайдалану, лақтырып тастау».
Әдебиеттер тізімі
- Аспандияров Б. Образование Букеевской орды и ее ликвидация. «Қазақ энциклопедиясы».-Алматы, 2007. 400б.
- Қозыбаев М.Қ. Ақтандақтар ақиқаты. — Алматы, 1992. — 272б.
- Васьковский О. А., Моисеева Е. И. Материалы к биографии Ф.И. Голощекина //Вопросы истории Урала. Вып. 7.– 1967.–С. 27-40.
- Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті //Алматы: Санат. – 1997. – Т. 84б
- Васьковский О. А. и Моисеева Е. И — Материалы к биографии Ф. И. Голощекина статья, 1-14 ст.
- Niccolo Pianciola. The Collectivization Famine in Kazakhstan, 1931–1933. Harvard Ukrainian Studies, vol. 25, no. 3/4, 2001, pp. 237–51.
- Нурпеисов К., Дахшлейгер Г.Ф. Некоторые проблемы историографии кочевниковедения и оседания кочевников и в полукочевников в СССР // Вопросы историографии Казахстана. – Алматы, 1983. – С. 53-54.
- Sarah Cameron — The Hungry Steppe.Famine,Violence, and making of Soviet Kazakhstan. 156-158p
- Shoshanova S. The Asharshylyq in Contemporary and Public Art of Kazakhstan: The Politics of Commemorating the Kazakh Famine of the 1930s //History & Memory. – 2024. – Т. 36. – №. 1. – С. 45-82.
- Михайлов В.Ф. Хроника великова джута. — Алматы, 1996. — 267б.
- Юсупов Ш. Из истории перехода кочевого казахского населения к оседлости. – 1960. 7-8ст.
- Бөкейханов Ә. Қазақ қанша?//«Еңбекші қазақ». – 1924. – 28 октября. — Орынбор. – С. 3
- Ашаршылық, Голод: док. хроника : сборник. документов: 1928 – 1934 / [Б. Әбдіғалиұлы, А. Асанбаева, Д. Айтмағамбетов [и др.]]. – Алматы : Атамұра, 2021. — 271б.
- Конквест Р. Большой террор // Нева. — 1989. — No 9. — С. 126–148.