Рахманқызы Ақерке
Ғылыми жетекшісі: Қаршығаева Айнұр Аралбекқызы
Медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебі
«Тұран» университеті
Аңдатпа. Мақалада көркем аударманың маңызы мен оның әдебиеттегі рөлі жан-жақты қарастырылады. Көркем аудармада шығармашылық үдеріс, онда стилі, мәдени ерекшеліктері сақталады. Көркем аударманың негізгі қағидалары мен әдістері талданады. Аудармашы рөліне ерекше назар аударылады. Сондай-ақ мақаланың маңызды бөлігінде аударма кезінде кездесетін қиындықтар мен оларды түзету сипатталады. Көркем аударманың әдеби байланыстарды нығайтудағы,ұлттық мәдениетті басқа халықтарға таныстырудағы рөліне ерекше назар аударылады. Аудармада шығарманың құндылығы сақталғанда ғана ол өзге халықтың рухани жемісіне айналады деген қорытынды жасалады.
Түйін сөздер: көркем аударма, аудармашы, түпнұсқа тіл, аударма тіл, тіларалық байланыс.
А.А.Каршигаева, А.Рахманкызы
Высшая школа медиа и межкультурной коммуникации
университет «Туран»
ХУДОЖЕСТВЕННЫЙ ПЕРЕВОД
Аннотация. В данной статье рассматривается значение художественного перевода и его роль в литературе. В художественном переводе это творческий процесс, в котором сохраняются стиль и культурные особенности произведения. Анализируются основные принципы и методы художественного перевода.Уделяется особое внимание роли переводчика. Также в важной части статьи рассматриваются трудности,возникающие при переводе и способы их устраниения. Особое внимание уделяется роли художественного перевода в укреплении литературных связей и в ознакомлении других народов с национальной культурой. Делается вывод о том, что только при сохранении ценности произведения в переводе оно становится духовным достоянием другого народа.
Ключевые слова: художественный перевод, переводчик,язык оригинала, язык перевода, межъязыковая связь.
A.A.Karshygaeva, A.Rakhmankyzy
Higher School of Media and Intercultural Communication
«Turan» University
LITERARY TRANSLATION
Abstract. The article examines the significance of literary translation and its role in literature. Literary translation is a creative process in which the style and cultural characteristics of a work are preserved. The main principles and methods of literary translation are analyzed, with special attention given to the role of the translator. An important part of the article also describes the difficulties encountered during translation and ways to overcome them. Particular emphasis is placed on the role of literary translation in strengthening literary connections and introducing national culture to other nations. The article concludes that a work becomes a spiritual asset of another people only when its value is preserved in translation.
Keywords: literary translation, translator, language of original, language of translation, interlingual connection.
Кіріспе
Аударма – адамзат өркениетінің дамуына ықпал еткен маңызды құбылыстардың бірі. Әртүрлі халықтар арасындағы мәдени, әдеби және ғылыми байланыстардың кеңеюінде аударманың, соның ішінде көркем аударманың алатын орны ерекше. Көркем аударма – тек тілдік кодтарды ауыстыру ғана емес, түпнұсқаның көркемдік құндылығы мен мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, оны басқа тілде жаңғырту үдерісі.
Көркем аударма -шығармашылық саласы. Осы орайда аудармашы алдын ала тілдік құралдарды тәртіппен таңдап қана қоймай, өнер туындысын басқа тілдік, әлеуметтік, тарихи жағдайларда қайта дүниеге әкеледі. Көркем аударманың заңдылықтарын өнер саласына жатқызады.[П.М.Топер, Традиции реализма :27]
Көркем аударма – үлкен жауапкершілікті, терең білімді және шығармашылық шеберлікті талап ететін сала. Көркем шығарманың тілдік және стильдік ерекшеліктерін ескере отырып, оны басқа тілде жеткізу оңай емес. Өйткені әрбір тілдің өзіндік ерекшелігі, ұлттық дүниетанымы, көркемдік тәсілдері мен ұғымдары бар. Осыған байланысты көркем аударма түпнұсқаның мағынасын дәл жеткізумен қатар, оның бейнелік, эмоциялық реңктерін сақтауы тиіс.
Аудармашы көркем шығарманы басқа тілде сөйлетуші ғана емес, оны жаңа оқырман үшін қайта жаңғыртушы тұлға. Аударматануда аудармашыны көбінше әртіспен немесе пианистпен салыстырады. К.И.Чуковский аудармашы жұмысының шығармашылық сипатын, оның бойындағы әртіске тән қасиеттерін ерекше атап көрсеткен [2]. Аудармашы түпнұсқа мәтіннің мазмұнын ғана емес, автордың стилін, көзқарасын, ұлттық бояуын да дәл жеткізуге ұмтылады. Осы тұрғыдан алғанда, аудармашының рөлі ерекше. Ол екі түрлі мәдениеттің арасындағы көпір іспеттес, әрі аударманың сапасы оның шеберлігі мен біліктілігіне тікелей байланысты.
Көркем аударманың әдебиеттегі орны ерекше. Әлем әдебиетінің үздік туындылары аударма арқылы кең таралып, халықтардың рухани байланысын нығайтады. Аударма бір халықтың мәдениетін екінші халыққа жақындату арқылы ұлттық әдебиеттің дамуына да ықпал етеді. Мысалы, қазақ әдебиетінде Абай Құнанбаевтың Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын аударуы қазақ поэзиясына жаңа өрнек әкелсе, Қажым Жұмалиев, Мұхтар Әуезов, Зейнолла Қабдолов сынды қаламгерлердің аудармалары әлемдік әдебиеттің жауһарларын қазақ оқырманына таныстыруда маңызды рөл атқарды.
Дегенмен, көркем аударма барысында бірқатар қиындықтар туындайды. Түпнұсқа мен аударма тілінің құрылымдық ерекшеліктері, лексикалық және грамматикалық айырмашылықтары, мәдени-ұлттық өзгешеліктер аудармашы үшін үлкен сын. Сонымен қатар, автордың ойы мен стилін дәл беру, көркемдік деңгейін сақтау – шығармашылық тұрғыдан күрделі үдеріс. Осы мәселелерді шешу үшін аудармашы жан-жақты ізденіп, шығарманың әрбір сөзіне мән беруі қажет.
Көркем аударманың маңызы, оның әдебиеттегі рөлі, аударма үдерісіндегі негізгі қағидалар мен әдістер, аудармашының орны және аударма барысында кездесетін қиындықтар жан-жақты қарастырылады. Сонымен қатар, көркем аударманың мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтудағы орны мен аударманың сапасына қойылатын талаптар талданады.
Негізгі бөлім
Көркем аударма әдебиеттегі өзара ықпалдастықты қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі болып табылады. Әлем әдебиетінің жауһарлары әртүрлі халықтарға аударма арқылы қолжетімді болып, ұлттық әдебиеттің дамуына серпін береді. Көркем аударма процесінің нәтижесінде түпнұсқаның мазмұны мен пішіні арасындағы бірлік пен тұтастықтың сақталуының маңызы жоғары. Түпнұсқаның мазмұны мен пішіні арасындағы байланыс, келісім мен жарасым аудармада сақталмаған жағдайда әдеби шығарманың көркемдік табиғаты, автордың шығармашылақ даралығы мүлде бұрмаланып, түпнұсқа бір басқа, аударма бір басқа – екеуі екі бөлек туынды болып шығады. Мұндай жағдайда аудармадан түпнұсқаның мазмұны да, көркемдік – бейнелеу ерекшеліктерін де табу қиынға түседі. Ал, көркем аудармада түпнұсқаның мазмұны мен пішінін дәл жеткізу немесе біршама дәл жеткізу аударма ісіндегі ең бір қиын, күрделі әрі аудармашы шығармашылығының мағынасы мен мәнін анықтайтын айрықша маңызды көрсеткіш болып табылады. Бір ұлттық тілде жазылған көркем шығарманы екінші бір ұлттық тілдің көркемдік бейнелеу құралдары арқылы қайта жасау, аудару оңай емес. Ал, түпнұсқа белгілі бір ұлттың ұлы ақынының шығармасы болса, оның ұлттық сипаты барынша анық, беделді болса, онда оны өзге тілге аудару аудармашыдан үлкен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар, үлкен талантты талап етеді. Аудармашы таланты – айрықша талант. Ол өз тілінің айшығы мен ажарын, көркемдік бейнелеу мүмкіншілігін, бейнелілігін еркін меңгерген дарынды ақын болумен бірге, түпнұсқаның мазмұны мен мәнін, тіл байлығын, ұлттық бояуын жете білетін шебер маман дәрежесіне көтерілуі шарт. Сонда ғана ол аудармашы ретінде түпнұсқаның мазмұны мен пішінін толық игеріп, өз аудармасында олардың арасындағы байланысты, келісім мен жарасымды, тұтастықты сақтауға мүмкіндік табады.Әр аудармашының өзіне тән тәсілдері болады, қазіргі заманғы зерттеу әдістері арқылы аудармашының жеке сөз бен орамдардарын таңдауда аңғарылатын құштарлықтарын айқындауға болады.Мұндай талдау оның жұмыс сапасын бағалау үшін маңызды. Өйткені,қандай да бір ой дұрыс әрі түсінікті жеткізілуі маңызды. Мәселен, ғылыми мәтіндерді аударуда ой дұрыс әрі түсінікті жеткізілуі маңызды. Көркем аудармада түпнұсқаға жақын болып қана қоймай , аударылған шығарманың мән-мағынасын толық сақтауы тиіс.
Көркем аударманы ең биік өнер деп санаған К.Чуковский аударма өнерінің шеберлері жайлы:«Шебер аудармашылар орта кәсіпті аудармашылардан синонимдердің бай қорына ие болуымен айрықшаланады. Синонимдерді жинақтай отырып, аудармашы оларды тәртіпсіз үсті-үстіне үюі тиіс емес.Ол синонимдерді стиль бойынша дәл қолдансын,өйткені әрбір сөз салтанатты»[3,62] -деп синонимдік қатарды ретіне қарай қолдану аудармашылық шеберліктің бір қыры екендігін алға тартады.
Аударма тіліне қарап, сол кезеңдегі ұлттық әдеби тіл деңгейіне баға беруге болады, әр тілдің тарихын қалыптастыруға да мүмкіндік ашылады. Аударма шығармаларында пішін мен мазмұн бірлігінің маңызы үлкен. Белинскй аудармашы талантын пішінді дәл табу таланты деп бағалаған болатын. П. Скосырев «Наследство и поиски» еңбегінде: «Ұлттық пішін дегеніміз халықтық ойлау машығының көркем бейнелерде көрініс тапқан тұтас жүйесі. Ол әрбір халықтың тарихының, тұрмысының, сенім-нанымының, әдет-ғұрыптарының, үйренген үрдістерінің, талғамының ерекшелігінен құралады. Аудармашының еңсеруіне тура келетін қиындықтарының ең үлкенінің бірі ұлттық пішіннің ерекшеліктерін дәл ұстай білу, соны өзге тілде жеткізе білу»[4,285]
Аударма — сөз өнерінде өзіндік орны бар үлкен бір сала. Көркем аударманың ең негізгі атқарар қызметі — сол әдеби байланыс, яғни рухани үндестікке көпір болуы. Аудармалардың жасалуына жеңілдік туғызған көптеген себептер бар. Аударма әдебиетінің марқайып өсуіне әсер болған бірінші жеңілдік — ауысу, араласу арқылы ортақ сөз, ортақ ұғым көбейді. Екінші, төл әдебиетіміз де өсіп, аудармаға үлгі жасалды. Үшінші жеңілдік, тіліміздің қалыптасуы — тіл ғылымдарының ат салысуы. Осы үшеуіне қосылатын тағы бір жеңілдік — бөгде елдердің әдебиетіндегі, әсіресе орыс классиктерінің шығармаларындағы кейіпкерлердің қазақ еліне, қазақ ұғымына жат еместігі.
Көркем аударма атаулыға екі түрлі зор талап қойылуға тиіс: мұның бірі және ең бастысы — сол аударылып отырған шығарманың негізгі идеясының екінші тілде дұрыс берілуі, ал екіншісі — шығарманың көркемдік қасиетінің толық сақталуы. Әрине аударма екінші тілде қайта жасалған көркем шығарма болғандықтан, аудармашылар түпнұсқаны жай ғана түсініп қоймай, оны екінші тілге көркем етіп жеткізу үшін ой- електен толық өткізуі жөн.
Қорытынды
Көркем аудармада елеулі кемшіліктердің бірі – барлық аудармашылардың дерлік осы іспен шығармашылығының негізгі арнасы, өмірлік кәсібі ретінде айналыспағандығы. Көркем аударма саласындағы көрнекті із қалдырған суреткерлердің қай-қайсысын алсақ та, осы іске жылдар бойы бар күш-жігерін жұмсағанын, жүйелі айналысқанын, көлемді дүниелерге құлаш ұрғанын көреміз. Аудармашылық – жалғыз шабытпен шалып түсетін, тек алымдылықпен алып түсетін шаруа емес. Аударма техникасын емін-еркін меңгермейінше, көркем аударманы алақанында ойнататын зергерлікке қол жеткізбейінше аударма асуы алдырмайды.
Қазіргі таңда көркем аударманың маңызы артып, жаңа технологиялар мен цифрлық платформалардың ықпалымен оның дамуы жаңа деңгейге көтерілуде. Автоматтандырылған аударма жүйелері кеңінен қолданыла бастағанымен, көркем шығармаларды аударуда адам еңбегі әлі де шешуші рөл атқарады. Өйткені әдеби аудармада шығармашылық маңызды орын алады.
Көркем аудармадағы негізгі қиындықтардың бірі – тілдер арасындағы айырмашылықтар. Әр тілдің өзіне тән грамматикалық құрылымы, сөздік қоры, идиомалары мен тұрақты тіркестері бар. Оларды басқа тілде дәл жеткізу үшін аудармашы әртүрлі әдістерді қолданады. Мысалы, кейбір жағдайларда түпнұсқа мәтіннің құрылымын сақтай отырып, оны сөзбе-сөз аудару қажет болса, басқа жағдайларда мағыналық сәйкестікке басымдық беріліп, еркін аударма жасалады.
Аударманың сапасы аударылатын тілдің нормаларына ғана емес, қабылдаушы аудиторияның тілдік және мәдени ерекшеліктеріне де байланысты. Егер аударма мәтіні түпнұсқаның көркемдік ерекшеліктерін дәл сақтай отырып, жаңа оқырманға түсінікті түрде ұсынылса, онда ол өз миссиясын толық орындайды. Мұндай аудармалар ұлттық әдебиеттің халықаралық деңгейде таралуына ықпал етеді
Қорыта айтқанда, көркем аударма – тек тілдік трансформация ғана емес, сонымен бірге мәдени көпір қызметін атқаратын күрделі әрі жауапты үдеріс. Аударманың сапалы орындалуы әдебиет пен мәдениеттің дамуына ықпал етіп қана қоймай, халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан болашақта көркем аударма саласын дамыту, кәсіби аудармашыларды даярлау және ұлттық әдебиетті шетелге таныту мәселелері өзекті болып қала береді
Әдебиеттер:
- П.М. Топер,Традиции реализма, 1955г. -27 с.
- К.И.Чуковский, Высокое исскуство , 1964г.-51 с.
- К.И.Чуковский,Советский писатель, 1965г.-62с.
- П. Скосырев, Наследство и поиски, 1963г. — 285-286 с.
- М.Әуезов, Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері, 1957ж.-156 бб.
- С. Құлманов,Аударманың өзекті мәселелері, 2015ж- 289 бб.
- С. Талжанов, Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері,1975ж. — 147бб.
- Е.Оспанов,Академиялық жазылым, 164-180б.
- Б.Динаева, Академиялық сауаттылықтың теориялық негіздері
- Б.Сапина,оқу құралдары 120 б.б
- И.Б. Короткина Академическое псиьмо 39-50 с.
- Ю.М Кувшинская Академическое письмо 150 с.