Жаһандық деңгейдегі білімді қалыптастырудағы ұстаздың орны (12 жылдық білімге көшу жөніндегі ой-пікір)

Әбуйір Инабат Жанғазықызы
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

Андатпа

Бұл мақалада қазіргі Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен 12 жылдық білім беру моделіне көшудің қажеттілігі қарастырылады. Автор ұстаздың қоғамдағы орны мен білім сапасын арттырудағы маңызды рөлін жан-жақты сипаттай отырып, ұлттық тәрбие мен жаһандық талаптардың үйлесімділігін талдайды. Мақалада мұғалімнің кәсіби дамуындағы негізгі бағыттар, білім беру мазмұнын жаңарту, педагогтің ғылыми және әдістемелік қызметі, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға негізделген сапалы білім беру мәселелері қозғалады.

Кілт сөздер: ұстаздың рөлі, білім беру, ұлттық тәрбие, жаһандану, білім беру сапасы, педагог мәртебесі, инновациялық оқыту, білім жүйесі, құндылықтар, педагогикалық шеберлік, әлемдік стандарттар.

 

Бүгінгі күні қазақ елінде білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасу үстінде. Ұлтымыздың рухани жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың “Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегі-міз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады” деген даналық өсиетінде үлкен мән-мағына, терең ой жатыр. Ұлттық тәрбие бере отырып, жаһандық сапалы білім бе-ретін бастау бұлақ, алтын тамыр – мектеп. Ал, мектептің тірегі – ұстаз. Осы тұста ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының “Мұғалімдік міндетті дұрыс атқару үшін, мұғалімнің, ең алдымен өзі білімді болуы керек” (Т. Жүргенов), “Өзгелерді оқыту үшін, ең алдымен өзі оқуы керек, сондықтан, мұғалімдердің шеберлігін шыңдауға жағдай жасауымыз қажет” (С. Аспандияров) деген ойлары [1.]әдебиет сыншысы В.Г.Белинскийдің “Ұстаздың қолында адам өмірінің келешектегі тұтас тағдыры тұр” деген пікірімен астасып жатқаны анық. Ұстаз – болашақтың тұтқасы жас ұрпақты тәрбиелеу және терең де жан-жақты білім беру ісіндегі қоғамның жұрт сенген өкілі. Ол өзінің мәдени, психологиялық және адами келбетімен, шығармашылық қабілетімен білім беру жүйесінің әлемдік білім кеңестігіне енуіне қамтамасыз етуші шешуші тұлға.

Қазақстанның 2007-2024 жылдары қамтыған тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасында айтылғандай, еліміздің “Білім және ғылым жүйесі адам ресурстарын даярлау сапасын арттыру және жеке адам мен қоғам қажеттіліктерін қанағаттандыру” үшін [2.] қоғамда педагог-ұстаздардың ең алдымен мәртебесін айқындап, содан кейін ғана біліктілігін арттыруға деген пікірді толық өзгерту қажет. Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстандағы білім беру жүйесінің алдында тұрған негізгі мәселелерге тоқталып, басты міндет ретінде “Еліміздегі білім берудің ұлттық үлгісін  әлемдік стандарттарға сәйкестендіре отырып, білім сапасын арттыру” деп атап көрсеткені белгілі.

Бұдан рухани ұлттық қажеттілікке жараған білім ғана – ең мықты білім, ұлттың рухани нәрімен сусындаған ұрпақ қана болашақты гүлдендіріп, тәуелсіз елді нығайта алатынын ұғамыз.

Бүгінгі дүниежүзіндегі елдер мен халықтардың бір-бірімен тарихи сабақтастығының дамуы ілімнің түрлі салаларында дүниежүзілік іс-тәжірибені оқып-үйренудің қажетті екенін дәлелдеуде. Сондықтан, болашақтың бүгінгі күннен нұрлы болуына ықпал етіп, қазақтың “ары мен ұжданы” Абай атамыз меңзегендей адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек ілім мен оқу-тоқуға ғана тән. Қай елдің болсын өсіп-өркендеуі, жаһанда өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты екені анық. Атап айтар болсақ, жалпы білімнің көп жылдық әлемдік тәжірибесін саралағанда жалпы білім беру “АҚШ, Канада, Жапония, Италия, Францияда – 12 жылдық, Германия, Чехия, Швейцарияда – 13 жылдық, Голландияда – 14 жылдық. Он екі жылдық оқытуға ТМД-ның жеті елі көшіп” алғанын байқаймыз. Ескеретін жәйт, бұл өзгеріс аталмыш елдерде, атүсті емес, кезең-кезеңімен бүкіл ғылыми-педагогикалық, психологиялық ерекшеліктерді, қағидаларды сақтай отырып іске асырылған. Мұның артында бүтін бір елдің болашақ тағдыры тұрғанын олар естен шығармаған.

Қазіргі кезде жалпы орта білім берудің басты міндеті – әлемдік білім беру стандарттарына сәйкес келетін білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз ету, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі тануға және кәсіптік білім беру бағдарламаларын меңгеруге дайын, жеке және қоғамдық мүдделерін үйлестіре білетін жан-жақты мәдениетті, шығармашылық тұлғаны қалыптастыру боп табылады.

Ал, ХХІ ғасырдағы ұстаз-педагогтің ең негізгі міндеті шәкіртті ұлттық рухта тәрбиелеу, әрі жаһандық білім кеңістігіне шығудың жолы: оқушының сапалы білім алуына, өзінің бар өмірінде оқуды үздіксіз жалғастыруына, сондай-ақ, логикалық ойлауға, жаңа ақпараттарды сын тұрғысынан жете түсіну әдістерін меңгертуі тиіс.

Он екі жылдық білім берудің міндеттері мынадай:

  1. Негізгі және қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеруге және білім алуды жалғастыруға қажетті жағдайлар жасау.
  2. Даралықты дамытуға жағдай жасау арқылы жеке тұлғаның интеллектін дамыту.
  3. Азаматтық және патриотизмге, өз Отанын сүюге, халықтық дәстүрлерді құрметтеуге,конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу;
  4. Республиканың қоғамдық-саяси экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттіліктерін, тұлғаның өзінің құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру.
  5. Әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне бой ұру.
  6. Қазақ халқының және республикадағы басқа да халықтардың тарихын, салттары мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік, орыс, шетел тілдерін меңгеру.
  7. Оқыту, білімді ақпараттандыру технологияларын және халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығуды қамтамасыз ету.

    Аталмыш оқу модуліне көшудің қажеттілігін айшықтайтын негізгі факторлар:

  1. Білім беру үрдісінің өзгеруі.
  2. Оқушы тұлғаның денсаулығын сақтау.
  3. Оқушылардың арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендету.
  4. Оқу сапасын арттыру.
  5. Отандық орта білім куәліктерінің шетелдерде танылуына мүмкіндік жасау.

     Ең бастысы – білімін көтеруге талаптанған педагогтің өзін-өзі дамытуына, танытуына мүмкіндік берілуі әрі жасалуы қажет. Ал, ұстазға қоғам мен білім ұясында ұлттық тәрбие арқылы жаһандық білім беруді ұйымдастырушы орны тиесілі.

  Ұстаздың ұйымдастырушы, зерттеуші, енгізіп, іске асырушы, педагог келбетіндегі орны:

  1. Ғылыми-әдістемелік инновациялық жаңалықтарды оқыту үрдісінде қолданып, білім сапасын жоғарылатуы.
  2. Білім берудің өзекті мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік материалдарды дайындау.
  3. Жаңашыл тәжірибені таңдау, сынақтан өткізу және оның нәтижесін практикада қолдануға икемдеп, енгізу.
  4. Ақпараттық-әдістемелік материалдарды дайындау.

     Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында айқын  көрсетілгендей педагог “ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыспен айналысуға педагогтің практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге, кәсіби қызметіне арналған жағдаймен қамтамасыз етіле отырып, педагогтік қызметпен айналысуға құқылы” екендігін ескергендігіміз жөн. Бұл заңның да, заманның да талабы. Білім беру – ұлт болашағын айқындайтын стратегиялық сала. Сондықтан ұстазға артылар жүк – ауыр, міндет – ауқымды. Жаңа форматтағы білім беру жүйесінде мұғалім тек білім беруші емес, сонымен қатар оқушының бағыт-бағдарын айқындаушы, рухани дамуына дем беруші тұлғаға айналуы тиіс. Ұлттық болмыс пен қазіргі заман талаптарын ұштастыра білген ұстаз ғана елдің ертеңіне қызмет етеді. Осы орайда, білім жүйесіндегі әрбір өзгеріс терең пайыммен, ғылыми негізде жүзеге асуы қажет. Себебі, ертеңіміз бүгінгі білім мен тәрбиенің нәтижесіне тікелей байланысты.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.Б. Қиясова. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының педагог мамандарды даярлау туралы ой-пікірлері. Қазақстан мектебі. 2006 ж. №4.12 бет.

2.Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы. А. 2007 ж.

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Прокрутить вверх