Бастауыш сынып сабақтарындағы ұлттық құндылықтың маңыздылығы

Какимгалиева Гульмайра Талаповна
Теректі ауданы. Подстепное ауылы.                 
Подстепный №1 жалпы орта білім беретін
мектеп директорының оқу – ісі жөніндегі
орынбасары және бастауыш сынып мұғалімі

Бастауыш сыныптарда ұлттық құндылықтарды ұштастыру, балалардың тұлғалық және азаматтық дамуына маңызды ықпал етеді. Бұл жас кезеңінде балалардың дүниетанымы қалыптасып, өмірлік дағдылары мен мінез-құлқы негізделеді. Ұлттық құндылықтарды мектеп бағдарламасына енгізу арқылы балаларға өз халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихи мұрасын түсіндіру, олардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру мақсатында көптеген мүмкіндіктер ашылады.

Біріншідін ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, яғни өз еліне деген сүйіспеншілігін, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті бағалай білуін қалыптастырады. Ұлттық құндылықтар арқылы балалар өз ұлтының ерекшеліктерін түсініп, ұлтқа деген мақтаныш сезімін оятады. Мысалы, өз тілін, мәдениетін, өнерін және дәстүрлерін білу, бағалау – ұрпақтардың өз тегіне, ата-бабалар мұрасына құрметпен қарауына ықпал етеді.

Екіншіден моральдық және адамгершілік құндылықтарды дамыту. Бұл жерде тәрбиелік мәні бар ұлттық салттар мен дәстүрлер, мысалы, үлкендерді сыйлау, кішілерге қамқор болу, қонақжайлылық, адалдық пен еңбекқорлық сияқты қасиеттер бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Бұл қасиеттер арқылы балалар жақсы азамат болып қалыптасады.

Үшіншіден тілдің, әдебиет пен өнердің маңызы. Қазақ тілін оқыту және ұлттық әдебиет шығармаларын зерттеу арқылы балалар өз халқының рухани мұрасын таниды. Бұл оларға әдебиет арқылы ұлттық құндылықтарды түсіну, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дәріптеу жолдарын көрсетеді. Балалар ұлттық әндер мен би арқылы да өз мәдениетіне деген қызығушылықтарын арттырып, өнер арқылы ұлттық болмысын сезінеді.

Төртіншіден тарихқа деген қызығушылықты арттыру.Ұлттық тарихты оқыту арқылы балалардың туған еліне деген патриоттық сезімін қалыптастыруға болады. Тарихи тұлғалар, батырлар, ұлы оқиғалар мен кезеңдер туралы әңгімелеу балалардың отанға деген құрметін арттырады. Тарихты білу және ұлттық мұраны сақтап, құрметтеу — олардың мәдениетке деген құндылықты сезінуіне көмектеседі.

Бесіншіден құндылықтарды іс-әрекетте көрсету.Ұлттық құндылықтарды бастауыш сынып оқушыларының күнделікті іс-әрекетінде қолдану маңызды. Мысалы, сабақтар барысында ұлттық тағамдарды дайындау, салт-дәстүрлер туралы әңгімелер ұйымдастыру, әртүрлі ұлттық мерекелерді атап өту — осының бәрі оқушылардың ұлттық құндылықтарды тек теория жүзінде емес, іс жүзінде де бағалай білуіне мүмкіндік береді.

Алтыншы қоғамдық ынтымақтастық пен тәртіп.Ұлттық құндылықтар бастауыш сынып оқушыларына өзара сыйластық, ынтымақтастық, жауапкершілік сезімдерін ұялатады. Балалар бір-біріне деген қамқорлық пен көмектесуді, қоғамдық тәртіпті сақтау мен бірлесіп жұмыс істеуді үйренеді. Бұл дағдылар кейін олардың мектептегі және өмірдегі қатынастарын қалыптастырып, қоғамда өз орнын табуға көмектеседі.

Жетеншіден әртүрлі мәдениеттермен танысу.Ұлттық құндылықтарды бастауыш сынып оқушыларына түсіндіру арқылы балаларды басқа мәдениеттермен, дәстүрлермен таныстыруға болады. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп, басқа ұлттар мен этностарды құрметтеуге үйретеді. Балалар мәдениеттердің әртүрлілігі мен көптүрлілігін бағалауға, толеранттылық пен түсіністікке тәрбиеленеді.

Сегізінші дәстүрлер мен мерекелерді сақтау.Ұлттық құндылықтар бастауыш сынып оқушыларына қазақ халқының дәстүрлерін, мейрамдарын үйрету арқылы олардың ұлттық ерекшеліктерін түсінуіне және қадірлеуіне көмектеседі. Мысалы, Наурыз мейрамы, Ұлыстың ұлы күні сияқты ұлттық мерекелерді өткізу, балаларды қазақ халқының бай мәдениетіне баулиды.

Жалпы бастауыш сынып сабақтарындағы ұлттық құндылықтардың маңызы — балалардың тұлғалық қалыптасуы мен қоғамда өзін дұрыс ұстануына негіз боларлық рухани қорды құруда. Ұлттық құндылықтар балаларға патриоттық сезімдерді тәрбиелеп, олардың адамгершілік, мәдени және рухани дамуына ықпал етеді. Олар тек сабақтарда ғана емес, балалардың күнделікті өмірінде де орын алуы керек, бұл өз кезегінде еліміздің болашақ ұрпағының рухани және моральдық деңгейін жоғары етеді деп есептеймін.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *