Роман жанрын инновациялық әдіс-тәсілдермен оқытудың жолдары

Рас Дана Динмухамбетқызы
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті

2-курс магистранты 

Аннотация

Бұл мақалада мектеп бағдарламасында берілген Смағұл Елубайдың “Жалған дүние” романын инновациялық әдіс-тәсілдермен оқытудың шарттары қарастырылған. Мақала қазақ әдебиеті сабағында инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану жолдарын көрсетіп, сабақ беру барысын түсінікті әрі жеңіл етеді.

Білім беру сапасы – елдің келешегін анықтаушы факторлардың бірі болып табылады. Заманауи стандартқа сай бала оқыту ісі ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану, дамыта оқыту технологияларын кірістіру, оқушылардың жеке ерекшеліктерін, қажеттіліктері мен дарындарын ескеру секілді бірқатар талаптары бар. Әдебиет – оқушылардың рухани дамуына, эстетикалық талғамының қалыптасуына және қоғамдағы күрделі мәселелерді түсінуіне ықпал ететін маңызды пән. Роман жанрын оқыту – оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамыту мен адамгершілік құндылықтарды меңгертуге ерекше мүмкіндік береді. Смағұл Елубайдың “Жалған дүние” романының мазмұны мен идеяларын талдау арқылы оқушыларға тарихи, философиялық және әлеуметтік мәселелерді жан-жақты ұғындыруға болады. 

Қазіргі заманда әдебиетті оқытуда инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану мұғалімдердің басты міндеттерінің бірі болып отыр. Бұл орайда, белгілі педагог-ғалымдардың зерттеулері инновациялық әдістерді түсініп, оны тиімді қолдануға жол ашады. Оқыту әдістемесі саласында әлемдік деңгейде Джон Дьюи, Лев Выготский және Жан Пиаже сынды шетел ғалымдары маңызды үлес қосты. Олардың зерттеулеріне сүйене отырып, оқытудың белсенді әдістері оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытудың негізгі құралы ретінде қарастырылады. 

Әдістемені зерттеген отандық ғалымдарға келер болсақ, олар да қалыс қалмағанын мақтана айта аламыз. Қ. Бітібаева қазақ әдебиетін оқытудың инновациялық әдістеріне ерекше мән беріп, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған тәсілдерді ұсынды. Ол әдебиетті оқытуда бейнелі ойлауды дамытудың, кейіпкерлерді терең талдаудың және өмірлік мәселелерді түсіндірудің маңыздылығын атап өтті.

Ә. Қоңыратбаев әдеби шығармаларды оқыту әдістемесін зерттей отырып, оқушылардың көркем мәтінді түсіну деңгейін арттыру үшін интерактивті тәсілдерді құптаған.Ал, Н. Оразақынова “Сатылай кешенді талдау” әдісі арқылы шығармаларды талдаудың жүйелі тәсілін қалыптастырған болатын. 

Инновациялық әдістер жалпы алғанда, заман талабына, сабақтың мақсат-міндеттеріне сай, оқушыға бағытталған әрекеттер. Бұл әдістер оқушылардың сабаққа белсенді қатысуына, материалды терең түсінуіне және өз ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді.

  1. Кейс әдіс

Кейс әдіс романдағы күрделі мәселелерді талдауға және оқушылардың сыни көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі. Мысалы, романдағы соғысқа қатысқан кейіпкерлердің өмірі мен тағдырын талқылау оқушыларды өз ойларын еркін жеткізуге үйретеді. Бұл әдіс Джон Дьюидің білімді тәжірибе арқылы меңгерту қағидаттарына негізделеді. 

  1. Визуалдау әдісі

Романдағы тарихи оқиғаларды, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін визуалды құралдар арқылы түсіндіру оқушылардың материалды жақсы меңгеруіне ықпал етеді. Бұл әдіс Лев Выготскийдің “визуалды қолдаудың оқытудағы маңыздылығы” идеясымен ұштасады. 

  1. Рөлдік ойындар

Рөлдік ойындар арқылы оқушылар романдағы кейіпкерлердің өмірін түсініп, олардың көзқарасын қабылдай алады. Бұл тәсіл Қ. Бітібаеваның оқушыларды әдебиетке эмоционалды жақындату принципіне сай келеді. 

  1. Сыни ойлау әдістері

“SWOT талдау”, “Кубик стратегиясы”, “Бес жолды өлең” әдістері романдағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері мен романда көтерілген мәселелерді сыни тұрғыда талдауға мүмкіндік береді. Бұл әдістер оқушылардың аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. 

Осы әдіс тәсілдерге байланысты қысқа мерзімдік сабақ жоспарын қалай құрастыруға болатынына мысал келтірейік:

Пәні:Қазақ әдебиеті 

Сыныбы: 10 

Сабақтың тақырыбы: Роман жанрын инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы оқыту Смағұл Елубайдың “Жалған дүние” романы мысалында

Сабақтың мақсаты:

  1. Смағұл Елубайдың “Жалған дүние” романындағы негізгі идеялар мен кейіпкерлерді талдау.
  2. Инновациялық әдістерді пайдалана отырып, оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілетін дамыту.
  3. Оқушыларды романдағы тарихи және әлеуметтік мәселелерге сыни көзқараспен қарауға ынталандыру.

Күтілетін нәтижелер: 

– Оқушылар романның мазмұны мен негізгі идеясын түсінеді. 

– Кейіпкерлердің шешімдерін талдап, өз көзқарастарын дәлелдейді. 

– Инновациялық әдістерді қолдана отырып, шығармашылық тапсырмаларды орындайды. 

Сабақтың түрі: Жаңа сабақ

Әдіс-тәсілдер: Кейстік әдіс, визуализация, рөлдік ойын, топтық талдау 

Қолданылатын құралдар: Интерактивті тақта, постер, маркерлер, мультимедиалық құрылғылар

  1. Сабақтың басталуы(5 минут)
  2. Сәлемдесу, оқушыларды түгендеу.
  3. Сабақтың мақсаты мен тақырыбын түсіндіру.
  4. Оқушыларды үш топқа бөлу:

   – 1-топ: “Кейіпкерлерді зерттеушілер” 

   – 2-топ: “Сюжетті талдаушылар” 

   – 3-топ: “Шығармашылық ұжым” 

 

  1. Жаңа сабаққа кіріспе (10 минут)
  2. Мұғалім “Жалған дүние” романының мазмұны, көтерген мәселелері және тарихи-көркемдік ерекшеліктері туралы қысқаша баяндама жасайды.
  3. Романның басты тақырыптары:

   – Соғыс және оның адам өміріне әсері. 

   – Кейіпкерлерге мінездеме 

   – Қоғамдағы әділетсіздік пен адамның рухани күйзелісі. 

III. Негізгі бөлім (25 минут) 

1-тапсырма: Кейс әдісі (10 минут)

Әр топқа романдағы келесі үзінділер бойынша кейстер беріледі: 

– 1-топ: Соғысқа аттанған кейіпкерлердің тағдырлары. 

– 2-топ: Басты кейіпкердің қиын шешімдер қабылдауы. 

– 3-топ: Романдағы әділетсіздікке қатысты бөліктері. 

Сұрақтар:

– Бұл жағдайдағы кейіпкердің шешімі дұрыс па? 

– Егер сіз осы кейіпкердің орнында болсаңыз, қандай таңдау жасар едіңіз? 

Әр топ өз тұжырымын постерге жазып, қорғайды. 

2-тапсырма: Визуалдау әдісі (7 минут)

– Әр топқа романдағы бір маңызды эпизод беріледі. 

– Тапсырма: Бөлімдерді визуалдау (комикс, диаграмма, сызба немесе көрініс түрінде). 

– Әр топ өз жұмысын сынып алдында қорғайды. 

3-тапсырма: Рөлдік ойын (8 минут)

– Әр топ романдағы бір бөлімді сахналайды. 

– Басқа оқушылар сахнаны талқылап, кейіпкерлердің әрекетіне баға береді. 

  1. Қорытынды бөлім (5 минут)
  2. Мұғалім сабақты қорытындылайды:

   – “Жалған дүние” романындағы ең маңызды мәселелер қандай? 

   – Бүгінгі сабақтан қандай ой түйдіңіздер? 

  1. Оқушыларға кері байланыс сұрақтары қойылады:

   – Сабақ барысында қай тапсырма сізге қызықты болды? 

   – Романнан қандай әсер алдыңыз? 

 

  1. Үй тапсырмасы
  2. “Жалған дүние” романының кейіпкерлері туралы эссе жазу.
  3. Романда көтерілген басты мәселелерді талқылап, 3-5 минуттық презентация дайындау.

 

Бағалау: 

– Топтардың белсенділігі мен шығармашылық жұмыстары бағаланады. 

– Әр тапсырма бойынша топтарға балл қойылып, сабақ соңында нәтижелері талқыланады.

 

Қорытындылай келе, Смағұл Елубайдың “Жалған дүние” романын инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы оқыту оқушылардың әдеби шығарманы терең түсінуіне, сыни ойлау дағдыларын дамытуға және өмірлік мәселелерге өзіндік көзқарасын қалыптастыруға жағдай жасайды. Ғалымдардың зерттеулеріне негізделген әдістемелер оқушылардың белсенділігін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Смағұл Елубай. (2005). “Жалған дүние”. Алматы: “Атамұра”.
  2. Дьюи, Дж. (1997). “Democracy and Education”. New York: Macmillan.
  3. Выготский, Л. С. (1982). “Ойлау және сөйлеу”. Мәскеу: Педагогика.
  4. Бітібаева, Қ. (1997). Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы: “Рауан”.
  5. Қоңыратбаев, Ә. (1993). Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы: “Мектеп”.
  6. Оразақынова, Н. (2006). Сатылай кешенді талдау әдісі. Алматы: “Білім”.
  7. ҚР Білім және ғылым министрлігі. (2019). Орта білім беру мазмұнын жаңарту бойынша әдістемелік нұсқаулықтар.
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *