Мәтіндегі қателер медиа этиканы бұзады
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3- курс студенті
Аяулым Султанбекова
XXI ғасыр технология қарқынды дамып жатқан мына заманда ақпараттың жылдам таралуы мен алуан түрлілігі күн өткен сайын артып келеді. Әлеуметтік желілер мен жаңалықтар порталдарының көбеюі, адамдардың ақпаратқа қол жеткізу жылдамдығының жоғарылауы – бұл жағдайлар медиа саласындағы этикалық мәселелерді туындатуда. Аталмыш мәселелердің бірі – мәтіндердегі қателер, дұрыс емес ақпараттар. Мәтіндердегі өрескел қателер медиа этикасын бұзуы мүмкін, себебі олар ақпараттың дұрыстығына, сенімділігіне және жауапкершілігіне тікелей әсер етеді.
Медиа этикасы журналистер мен ақпараттық ресурстардың қоғам алдындағы жауапкершілігін, ақпаратты шынайы және әділ жеткізуді талап етеді. Мәселен, ақпараттық мәтіндерде кездесетін қателер аудиторияға дұрыс емес ақпарат жеткізуге, қате түсінік қалыптастыруға, сондай-ақ сенімсіздік пен шатасушылық тудыруға әкеледі. Бұл жағдай қоғамда дұрыс ақпарат алуды қиындатады.
Мәтіндердегі қателердің зиянды әсері көп жағдайда ақпараттың сапасына тікелей байланысты. Ақпарат дұрыс, дәл және түсінікті болуы керек, себебі ол адамдардың дүниетанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Егер мәтіндерде қателер көп болса, оқырманның ақпаратқа деген сенімі төмендейді, әрі ол мәтінді қабылдауға, талдауға және дұрыс қорытынды жасауға кедергі келтіреді. Мәселен, әлеуметтік желілерде немесе жаңалықтар порталдарында бірқатар қателер мен манипуляцияларға негізделген хабарлар жиі таралуда. Мұндай жағдайлар әсіресе саясат, экономика және денсаулық сақтау сияқты маңызды салаларда қауіпті болуы мүмкін. Олар қоғамның дұрыс ақпарат алуына, маңызды шешімдер қабылдауға және қоғамдық пікірдің қалыптасуына теріс әсер етеді.
Медиа этикасы тұрғысынан, мәтіндердегі қателер тек техникалық мәселелер ғана емес, олар журналистика мен ақпарат саласындағы моральдық және кәсіби жауапкершілікке де қатысты. Әрбір ақпаратты тексеру, оның дәлдігіне мән беру және аудиторияға таза әрі шынайы ақпарат ұсыну журналистиканың басты қағидаларының бірі.
Мәтіндердегі қателердің медиа этиканы бұзатындығын дәлелдеу үшін бірнеше нақты мысал мен фактілер келтіруге болады: Мәселен, COVID-19 пандемиясы кезіндегі ақпараттық дағдарыс. Коронавирус пандемиясы кезінде медициналық ақпараттың шынайылығы мен дәлдігіне қатысты көптеген қателіктер байқалды. Әлеуметтік желілерде, сондай-ақ кейбір жаңалықтар порталдарында вирустың таралуы, вакциналардың қауіпсіздігі және пандемияға қарсы күрес жөнінде жалған немесе тексерілмеген мәліметтер жарияланды. Бұл өз кезегінде адамдардың денсаулық сақтау саласына деген сенімін төмендетті. Мәселен, 2020 жылы әлеуметтік желілерде «вакцинациядан кейін өлім-жітімнің артуы» туралы қате ақпараттар тарады, бұл вакциналау процесін тежеді. Халық арасында дүрбелең туғызды. Міне, аталмыш осындай факторлар медиа этиканы бұзады.
Қорытындылай келе, мәтіндердегі қателер медиа этиканы бұзады. Олар ақпараттың сапасын төмендетіп, қоғамның дұрыс ақпарат алуын қиындататын фактор болып табылады. Сондықтан медиа саласында жұмыс істейтін барлық тұлғалар үшін өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, ақпараттың дәлдігі мен шынайылығын қамтамасыз ету – негізгі міндет болуы тиіс.