Балалық шақтан естелік

Атам бала кезден бастап балалардың уақытылы ұйықтап, демалып, ерте тұрып, дұрыс тамақтануына үлкен мән беретін. Ата-анамыз жұмыста көп болғандықтан, біз көбінесе атамыз бен әжеміздің тәрбиесінде өстік. Әжеміз еркелігімізді көтеріп, жуас болғанымен, атамыздың қаталдау мінезі бар еді. Бірақ мәселе атамның қатал мінезінде емес, өмір көрген адам ретінде бізге біраз нәрсені үйреткісі келгенінде. Атам соғыстың қатаң кезеңдерін өткерген, әрі ауылдың молдасы еді. Әжем болса, үй шаруасында жүретін, оқыған, тоқыған, сабырлы жан болатын.

Түскі уақытта атам бізді ұйықтатып, демалуды үйрету үшін күн тәртібін қатаң сақтайтын. Біз болсақ, бала болған соң, көше кезіп, далада ойнауды армандайтынбыз. Бірақ атамыздан қорыққаннан кейін, амалсыздан ұйықтауға жататын едік. Сондай күндердің бірінде бір қызық жағдай орын алды.

Атам бізді ұйықтап қалды деп ойлап, шаруаларымен көшеге шығып кетті. Біз атамыздың кеткенін біліп, қайтып келмес деп, ойынға кірістік. Ойынымыз – баланың алақанындай темірді тауып алып, оны жасырып ойнау еді. Ойын қыза түсті. Бір кезде кезек маған келді. Темірді қайда жасырарымды білмей, “кішкентай ғана темір ғой” деп, аузыма салып жібердім. Ойнап жүріп, байқамай темірді жұтып қойыппын. Балалар шулап, “Ата, апа!” деп, мән-жайды жеткізді.

Ауыл адамдары жиналып, маған көмек көрсетті. Біреулер “тамақ молынан жесін, темір қарында жиналып шығады” деді. Атам мен әжем маған мол тамақ беріп, тойдырып қойды. Кейін біреулер “ең болмаса май ішкізсін” деді. Атам мен әжем маған май ішкізді. “Мақта жесе, темірді ұстап шығады” деп ақыл айтқандар да болды. Бірақ мақта жеуден бас тарттым – ішіме ештеңе сыймайтын болды. Ақырында, тамақ пен майдың әсерінен ішімдегі темір шығып, үй ішімізбен бір жеңілдеп қалдық.

Бұл қызықты оқиға, елімізге белгілі әрі беделді жан- Бейсен ағаның балалық шағынан алынған. Мұндай  қызық әңгімені «Бейсен және Болмыс»  кітабынан оқыдым, ерекше әсер етіп, жадымда ұзаққа сақталған соң, желідегі достарыммен бөліскім келді.

Орашева Саяжан Толегеновна

Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласы,

Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің,

11-сынып оқушысы.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *