Отанына оралған “ОРАЛМАН”

Сулейменов Мейірман Ержанұлы

Отанына оралған «ОРАЛМАН»…

Ес білгелі мен ұлтым қазақ екенін, ата-анам қазақ екенін білгелі неге біз өз елімізде тұрмасқа, неге өз тілімізде оқымасқа, айналамыздағы жазулар неге біздің Ана тілімізде жазылмағанына таңдана қарайтынмын, есейе келе мен өзге елде тұрып жатқанымызды, оның себептері өте көп екенін және де өз елімізге, тарихи отанымызға оралуымызға болатынын білгенде өте қатты қуандым. Біздің отбасымыз өзге елде тұрса да өз ана тілімді, салт-дәстүрімізді, ұлттық киімімізді, ұлттық тағамдарымызды, ұлттық болмысымызды үнемі бойымызға сіңдіріп келген.

Жөргегінде туған жердің талай  тағдырлы перзенті  дүниеге келген  атамекеннің  қасиетін сезінгің келсе, мәңгілік сағыныштың  таңбасын  жүрегіңе   мөр қылып таңбалап, қиыр жайлап, шет кет…

Міне,  сол кезде туған топырақтың қадірін  шындап  ұғынар едің, көкіректі  жарып шыққан запыран қайғыны сонда түсінер едің…

Шаңы шыққан қарапайым ауылдың қара домалақ баласы үшін, атаанамыздан естіген  атажұртқа оралу жайлы әңгіме бір күні көктен түскендей жаңалық болып еді. Содан сәл бұрынырақ мен оқыған мектептегі оқушылар арасындағы төбелес шығып, жаппай ұлтаралық (қазақ, өзбек) қақтығысқа ұласып, арты ата-анамызды мектепке шақырып, мектептегі  тәртіпсіздігі үшін деген  хаттаманы «сыйға алған» шақ еді.

«Неге төбелестің?» деген сауалға айтар жауабымыз біреу-ақ еді: олар қазақ қарындастарымызға тиісті.

Қазақ қыздарын басқа ұлтқа  тең көрмедік. Бүгін ойлап  қарасақ, жат жерде жүрсек те біздің  өз ұлтымызға деген  сүйіспеншілігіміз  ежелден  тегімізде бар тегеуріндік екен.

Сол келеңсіз уақыттардың бір кешкі мезгілінде әкемнің жақын, жамағайын туысқандары үйге қонаққа келді. Қысыр әңгіме айтылып, алыс-жақын хал сұрасып болған соң, мен әкеме келелі кеңестің күрмеуін ағытып:

— Мен Қазақстанға кетемін,  осы жаздан бастап құжаттарды жинаймын да, келесі күз көшемін,- дедім.

«Қазақстанға тәуелсіздік тізгіні қолға тиді. Бұл күнді Қазақстанда ғұмыр кешіп жатқан халық қана емес, қиырда жүрген бізде, туған елге алыстан жанының жанарын салған қандас бауырларымызда аңсай күттік» – деді, әкем бір әңгімесінде.  

Қазақтың ағартушысы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дұлатұлы айтқандай, « Бір халық өзінің тарихын білмесе,бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» – демекші, мен 2022 жылы өзімнің тарихи отаныма оралдым.

Әлемнің түкпір-түкпірінде, Қазақстаннан тыс аумақта тұрып жатқан қазақтардың барлығы бір-біріне қандас, қаны бір қазақ баласы деген сөз. Алайда, сол қандас ертең елге оралса, Отанына оралғаны үшін «ОРАЛМАН» болып шыға келетіні бар.

Өзбекстандағы  қазақтардың арасында Қазақстан туралы пікір  екі ұдай, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, бәрінің де бір бүйрегінің ата жұртқа  бұрып тұратынын аңғару қиын емес еді…

Жасыратыны жоқ, «Қазақстанға барғанда, орыс тілін білмесең, өмір сүре алмайсың» деген пікір  басым болды. «Қазақстанда да Өзбекстандағы сияқты. Өзбек  тілін білмесең, бұл жақта да сен өмір сүре алмайсың, Қазақстанда да солай, қазақ тілін білсең болды» деп даурығатын еді қарсы топ…

Мен жоғарыдағы пікірдің  ақиқаттан алыс емес екендігін  туған елге оралғанда  бірден байқадым… Отанымыздағы ана тілімізге деген құрметтің жұтаңдығы  көңіліме көлеңке түсіргенін жасырмаймын.  Төрде отырған «төбе билердің»  орыс тіліндегі шүлдірін естігенде «әттеген-айым» ішімнен әлі күнге сан мәрте айтылып жүр…  

Қандастарымызды жаппай қаралап, «ана тілін білмейді» деп  таңба басқым жоқ,  «тілім, салтым, дәстүрім!» деп аласұрып жүрген азаматтар да жетерлік. Дегенмен, өз тілімізден гөрі өзгенің тілінде сөйлейтіндердің көптігі «ұрпағымыз  өзге тілде шүлдірлемесін» деп көшіп келген көп қандастың жанына жара салғандай болды. Бұл бір 36 миллион өзбектің ішінен туған тілімізді ұмытпай келген біздер үшін ғана емес, біз секілді әлемнің әр тарапынан келіп,  тарихи отанында  елдің салт-дәстүріне, қоғамдық формациясына, өмір сүру дағдысына орай жаңадан бейімделіп жатқан барша қандастар үшін  жағымсыз көрініс болғанын жасырмаймын.

Мен осындай аласыпыран көңіл-күймен жүріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университінің «Журналистика» мамандығына оқуға түсіп, жатақханада тұрып, студенттік өмірді бастап кеттім.

Университетіміздің 90-жылдығына орай студенттерді Ules жобасы аясында ұйымдастырылған «Рухани керуен» кездесу кешіне алып барды.

Кеш спикерлері:  

Жазушы, алаштанушы – Елдос Тоқтарбай « Алаш және ұлттық мемлекет» тақырыбында

Кинопродюссер – Айсәуле Әбілда «Біз естімеген жетістік кілті» тақырыбында

Режиссёр – Мұрат Есжан «Өмірімді өзгерткен үш ауыз сөз» тақырыбында сөз сөйледі, бұл жерде естіген сөздерім, ақпараттарым менің өзіме деген сенімділігімді күшейтті, отаныма келгендегі мақсатымды айқындауға, еліме, жеріме деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттырды. Менің екі ойлы болып жүрген ойымды түбегейлі өзгертті.

Отырарда туып Бағдатта «екінші ұстаз» атанған Әл-Фараби, араб жұртын уысында ұстаған «Сұлтан Бейбарыс», сүйегі ташкентте жатқан «Төле би мен Әйтеке», Ресейде «Әлихан Бөкейханов пен Кенесары», Берлинде көз жұмған Мұстафа Шоқай сияқты тұлғалар болса менде не арман…

Қазақстанның әр азаматы — қазақ елінің мызғымас күшін қалыптастыратын рухани  құндылықтың  бір бөлшегі. Ұлы елді ешкім де табанына таптап,  құл қыла алмаған, қанымызда бар тектілік қасиет пен жүрегімізде бұлқынған ұлтқа деген махаббат күллі қазақ баласы  жоғалтпауға тиіс қазына.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихи отанына оралған қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» терминін пайдаланғанымыз жөн. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады»,- деп, тарихи отанына қайтып келген біздерді  «қандас» деп атауды ұсынды. Бұл Мемлекет басшысының елге оралған ағайынға деген құрметі деп ойлаймын.

Бүгінгі тілегім,  әлемде әр қилы саяси жағдайлар мен соғыстар болып жатқан ауырлау кезеңде елдігімізді сақтау үшін, ел бұзып алмас бірлігіміздің бекем болуы.

Біз  «оралман» емеспіз, біз  қазақ деген ұлы халықтың  бір бөлшегіміз!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1-курс студенті Сулейменов Мейірман Ержанұлы

Ғылыми жетекшісі:Р.С.Жақсылықбаева

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *