Қазіргі паразиттік сөздердің қолданысының қазақ тіліне әсері
Асанәлі Шұғыла
Қазақ тілі – бай әрі көпқырлы тілдердің бірі. Оның ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары, сөздік қоры мен грамматикасы халқымыздың рухани мәдениетін, ұлттық ерекшелігін айшықтап көрсетеді. Алайда қазіргі таңда күнделікті ауызекі тілде жиі қолданылатын паразиттік сөздер қазақ тіліне теріс әсерін тигізіп жатқаны байқалады.
Паразиттік сөздер дегеніміз не?
Паразиттік сөздер – әдетте мағынасы жоқ, не өте аз, сөйлеушінің ойын айқын жеткізуге кедергі келтіретін, сөйлегенде еріксіз түрде қайталанып отыратын сөздер мен тіркестер. Олар адамдардың тілдік мәдениеті мен тіл байлығының аздығын көрсетуі мүмкін. Қазіргі қазақ тілінде жиі қолданылып жүрген паразиттік сөздерге мысал ретінде мыналарды айтуға болады:
“ғой”, “сосын”, “мынау”, “анау”, “енді”, “қайдам”, “ну”, “и”, “яғни”, “млд”,т.б.
Бұл сөздер сөйлемнің мағынасын өзгертпей, тек толтырып тұрады немесе бос уақытты созу үшін пайдаланылады. Олардың артық қолданылуы сөз сапасының төмендеуіне және ойдың түсініксіз болуына әкеледі.
Паразиттік сөздердің пайда болу себептері
1. Қостілділік әсері. Бүгінгі таңда көптеген қазақ тілді адамдар орыс немесе ағылшын тілдерін де еркін меңгерген. Бұл тілдердің грамматикасы мен сөздік қоры сөйлеу барысында араласып кетеді. Мысалы, «и», «ну», «короче», «вообще» секілді орыс тілінен енген паразиттік сөздер жиі қолданылады.
2. Әлеуметтік желілер мен медианың ықпалы. Жастардың тілінде паразиттік сөздер көбінесе әлеуметтік желілердегі блогерлер мен танымал тұлғалардың сөйлеу стиліне еліктеуден пайда болады. Олар қысқа, қарапайым әрі бейресми тілде сөйлегенді жөн көреді, нәтижесінде дұрыс сөйлеу мәдениетіне мән бермейді.
3. Тілдік сауаттылықтың төмендеуі. Қазіргі уақытта жазбаша және ауызекі тілде паразиттік сөздердің артық қолданылуы тіл сауаттылығының азаюымен тікелей байланысты. Адамдар өз ойын нақты әрі сауатты жеткізуге тырыспай, жеңіл, дайын шаблондар мен сөз тіркестеріне жүгінеді.
Паразиттік сөздердің қазақ тіліне тигізетін әсері
1. Тілдің беделіне нұқсан келтіреді. Паразиттік сөздер тілді шұбарлап, сөйлеушінің ойы түсініксіз, байланыссыз болып шығады. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің әдемілігін, мәнерлілігін жояды.
2. Тіл мәдениетін төмендетеді. Паразиттік сөздер сөздің тазалығына нұқсан келтіріп, жалпы сөйлеу мәдениетін төмендетеді. Әсіресе, ресми және ғылыми ортада мұндай сөздердің қолданылуы білімді адамның тіл мәдениетінен хабарсыздығын көрсетеді.
3. Ойдың айқындылығына кедергі жасайды. Паразиттік сөздердің шамадан тыс қолданылуы адамдардың өз ойын нақты әрі түсінікті жеткізуіне кедергі келтіреді. Сөйлем құрылымы бұзылып, негізгі ойды жеткізу қиындай түседі.
Паразиттік сөздерден қалай құтылуға болады?
1. Тілдік сауаттылықты арттыру. Паразиттік сөздерден арылудың ең тиімді жолы – тілдік сауаттылықты арттыру. Сөздік қорды кеңейтіп, қазақ тілінің байлығын меңгеру керек. Бұл үшін әдеби шығармаларды оқу, қазақ тілінің классикалық үлгілерін зерттеу пайдалы болмақ.
2. Сөйлеу барысында өзіңді бақылау. Әңгімелесу кезінде сөздерді артық қолданбауға назар аудару қажет. Егер сөзді артық қолданғаныңызды байқаған болсаңыз, оны қалай азайтуға болатынын ойластырыңыз.
3. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру. Қоғамда дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Әсіресе, білім беру мекемелерінде балалар мен жастарға дұрыс сөйлеу әдетін сіңіру керек.
Қазақ тілінің болашағы – оның тазалығын сақтап, байлығын арттыруда. Паразиттік сөздерден арылып, тілді шұбарламай, сауатты сөйлеп, жазу – әр қазақ тілін қолданушының міндеті. Сондықтан тілді құрметтеу арқылы оның дамуына үлес қосуымыз керек. Тіл – ұлттың айнасы, оны сақтау – ұрпақтың жауапкершілігінде.