Білім беру реформалары және олардың нәтижесі

 

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан көптеген білім беру реформаларын қолға алды. “Болашақ” бағдарламасы, Назарбаев Зияткерлік мектептері және үштілді білім беру жүйесі осы реформалардың қатарында. Бұл бастамалар оқушылар мен студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

Алайда, реформалардың оң әсерімен қатар, кейбір қиындықтар да байқалады. Мысалы, ауыл мен қала мектептерінің білім беру деңгейінде айтарлықтай айырмашылық бар. Ауылдық мектептерде мұғалімдердің жетіспеуі, интернеттің қолжетімді болмауы және материалдық-техникалық базаның әлсіздігі білім сапасын төмендетеді.

ҰБТ және оқушылардың білім сапасы

Қазақстанда бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) мектеп түлектерінің білім деңгейін бағалаудың негізгі құралы болып табылады. Бұл тестілеу арқылы оқушылардың алған білімдерінің сапасы анықталады. Дегенмен, көптеген сыншылар ҰБТ жүйесінің шынайылық пен объективтілігін күмәнге салады. Оқушылардың тестке дайындалу барысында теориялық білімнің орнына тест сұрақтарын жаттап алуы білім сапасын төмендетеді деген пікірлер жиі айтылады. Әсіресе, 2024 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі  мектеп бітіруші түлектердің наразылығын тудырды. Наразылықтың басты себебі, көптеген мемлекеттік гранттардың төтенше жағдай өңірлеріндегі оқушыларға бөлінуі. Мәселен, өзге аймақтағы 120-130 баллмен түсе алмаған мамандыққа, төтенше жағдай өңірлеріндегі бітіруші түлектер 111-114 баллмен түскен. Әлеуметтік желі қолданушылардың пікірі бұл жерде де екіге бөлінді. Бірі, басымызға түскен қиын кезеңде, төтенше жағдай өңірлеріндегі оқушыларға грант бөлуде басымдылық берген дұрыс десе, екіншісі, төтенше аймаққа мемлекеттік гранттан басқа, бөлек гранттар қарастырылуы керек еді деп ойлайды.

Университеттер мен жоғары білім деңгейі

Қазақстанда жоғары білім беру саласы да дамып келеді. Жоғары оқу орындары халықаралық рейтингтерде орын алып, академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейтілуде. Дегенмен, университеттер арасындағы білім беру сапасы да біркелкі емес. Кейбір университеттерде академиялық еркіндік пен сапалы білім беру тәжірибесі дамыған болса, басқа оқу орындарында коррупция мен білім сапасының төмендігі туралы сындар көп айтылады.

Қазақстандағы білім деңгейі шынайы көзқараспен қарауды талап ететін күрделі мәселе. Мемлекет пен қоғам білім саласының басты мәселелерін шешуге бірге атсалысуы қажет. Ауылдық және қалалық мектептер арасындағы айырмашылықты жою, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру және оқушылардың білім сапасын шынайы бағалайтын жүйелерді дамыту — елдің болашағына тікелей әсер ететін факторлар. Шынайылыққа негізделген журналистика бұл мәселелерді объективті түрде талқылап, қоғамда білім беру саласына қатысты жауапкершілікті арттырады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *