МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ
МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ
Менің атам Ильичбай Әбілқайыр Н.Оңдасынов атындағы жалпы білім беретін мектепте технология пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп зейнетке шықты. Атамның Жетісай ауданының оқу өндірістік комбинатында сабақ беріп, көлік жүргізу куәлігін алып шыққан шәкірттері қаншама, апам Жақсылыққызы Гүлістан осы мектепте 1978 жылдан бастап мұғалім болып еңбек етті. Жанұямызда мұғалім мамандығын өзіммен қатар жолдасымда иемденген. Білім саласына өзіндік үлес қосып жүрген Ақшолпан қайынсіңілім де Шыымкент қаласында ұстаздық етеді. Балаларымның білімге ден қою да осы азаматтардың арқасы деп білемін.Өзінің саналы ғұмырын өзгенің баласына арнаған ұстаздар отбасы көп ақ. Солар жайында айтпай кетпесем мұғалім деген атымызға сын. Нұртас Оңдасынов мектебінде ұстаздық еткен Қалтаев Шайық ағай, Әбдірайымов Сапарбек ағай, Егенов, Әбішев, Мақұлбековтер отбасы да ұстаздар отбасы десем қателеспеймін. Міне сондай ұстаздардың отбасынан шыққан перзенттер қазіргі күнде елдің қызметінде жүрген белді азаматтармен, танымал тұлғалар. Мұның бәрі ұстаз отбасындағы тәртіппен, тәрбиенің, тұрақтылық пен талпыныстың көрінісі деп санаймын. Әрбіріміз бала тәрбиесіне жауапты ата-анамыз, балаларымыздың болашағына алаңдаймыз. Алайда кісіге қиянат жасамайтын адал азаматтардың отбасынан шыққан балаларда келешекте жолы ашық, елге сыйлы болатындығына тарихымыз куә. Әрбір ұстаз өз мамандығын жанын салып балаларға үйретеді, өмірге керек дүниелерді үлгі етеді. Менің мұғалім болып қалыптасуыма сонымен қатар әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, әрі сынып жетекші Айдарова Гулжаһан апайымның да орасан зор үлесі болды. Әрбір адамның өзі қайталанбас тұлға, оның жүзі, сөйлеу мәнері, қол алысып сәлемдесуі, дауыс ырғағы ешқашан қайталанбайтыны секілді, әрбір ұстаздың ролі шәкірт үшін қайталанбас тәрбие көзі. Ұстаздар мерекесі қарсаңында барша педагог әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын. Түрлі материалдық игіліктерден тоқырау болуы мүмкін, бірақ білімнен тоқырауға кету, елдің кері кетуіне әкелетінін мұғалімде, мұғалімге баласын берген ата-анада ешуақытта естен шығармағаны жөн.
Жетісай ауданы
Нұртас Оңдасынов атындағы ЖББМ
Тамара Алмаханбетқызы