Қазақ әйелінің орны ошақ басында ғана емес…
Қазақ халқының тарихы мен әдебиетінде әйелдер көсемдігі,олардың даналығы мен қоғамдағы ықпалы ерекше орын алады.Дәстүрлі қазақ қоғамында әйел тек отбасының ұйытқысы болып қана қоймай,ел басқару,билікке араласу және ұрпақ тәрбиесі ісінде маңызды рөл атқарған.
Қазақ әдебиетінде нағыз қазақ қызының бейнесін көрсеткен Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романы.Неге десеңіз? Ұлпан адал,Ұлпан нағыз әйел,Ұлпан көсем,Ұлпан батыл.Ол қазақылықтан аттап кетпейтін нағыз қазақтың намысшыл қызы.Мен үшін романдағы бұл кейіпкер қазіргінің бұрымдыларына үлгі боларлық тұлға.Оның байыпты тірлігі,даналығы кез келген жанды тәнті етеді.
Ұлпан ерте жастан-ақ өзінің ақылдылығы мен қайсарлығымен көзге түседі.Ол ерікті түрде өзінен біршама жас үлкен Есенейге ұзатылады.Есеней-ел арасында беделді,ақылды әрі бай адам.Екеуінің жас айырмашылығы мен сүймей қосылғанына қарамастан, Ұлпан оны ер азаматы ретінде сыйлап,әрқашан басын төрге сүйрейтін.Есеней де Ұлпанның мұндай сыйластығынан соң,белгілі бір шешім қабылдамас бұрын міндетті түрде жарынан кеңес сұрап,ақылдасатын.Ұлпан ел ішіндегі мәселелерге араласа бастайды.Дегенмен атағы асқақтап тұрса да,ер азаматынан бір саты төмен тұруды жөн көретін.Ғұмыры енді басталған шақта Ұлпан жұбайы Есенейді жоғалтады.Оның өлімінен кейін Ұлпан ер азаматының орнын ойсыратпай,елдің еркіндігі мен бірлігін сақтауға үлес қоса бастайды.Ол әділділігімен,қайырымдылығымен,ел басқарудағы тапқырлығымен бүкіл халықтың құрметіне бөленеді.Ұлпанның дана шешімдері арқылы ол елдің сүйікті анасына айналады.
Алайда бейбақ Ұлпанның тағдырында сынақ мұнымен біте қоймады.Жалғыз тұяғы Біжікенді құтты орнына қондырған соң,сұм ажал оныда ала кетті.Онымен қоймай тыңғылықты әрі ұзақ таңдаған күйеу баласы сатқындық жасап, арам пиғылын іске асырды.Ел анасы Ұлпанның билігін тартып алып,бар байлығынан айырды.Соңында кішкентай ауыл ханшайымынан,дүйім бір елдің ханымына айналған Ұлпан қаңыраған бос сарайда ажал құшты.
Ұлпанның образы арқылы Ғабит Мүсірепов қазақ әйелдерінің қоғамдағы маңызын,олардың тек ошақ қасындағы тірлікке ғана емес,ел басқару ісіне де араласатын күшті тұлғалар екенін көрсетеді.Қазақ тарихында әйелдердің көсемдігі мен қайсарлығы маңызды орын алады.Қазақ қоғамында әйелдерге ерекше құрмет көрсетілген.Ұлпаннан бөлек тарихта Томирис патшайым, Домалақ ана,Бопай ханым,Айша бибі секілді әйел билері мен ақылман аналар жетерлік.
«Қыздың қырық жаны бар» деген нақыл сөз нақ осы біздің қазақтың қыздарына арналғандай.Олардың алдарына қандай сынақ келсе де,ер азаматтай төтеп бере алатын күш жігербар.Ошақ басы мен билікті бірдей ұстаған қырық жанды қыздардың көрінісі күні бүгінге дейін бар.Олар білім мен мәдениет,саясат пен ғылымда өздерінің көсемдіктерін паш етіп жүр.
Қазақ қыздарының көсемдігі жайында қалам тербесек,ұзаққа кетеріміз анық.Себебі қазақ қыздарының көсемдігі әлі біте қойған жоқ..Сонымен қазақ әйелінің орны ошақ басы,бала шағамен шектелмейді.Олардың да ер азаматтай күш жігері,талабы,ойы,таңдауы,құқығы бар.Сондықтан сонау әдебиет пен тарих беттерінен алынған қазақ қыздарының болмысын сақтайық,құрметтейік,аялайық.Себебі біздің ұлт болып қалыптасуымызға бірден бір себепкер қазақтың көсем қыздары.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718