Ұрпақ жалғасы Тәуке хан “Жеті жарғысы”

Тәуке хан «Жеті Жарғы» заңы арқылы ішкі тартысты жою мақсатында ел басқару ісін, заң шығару тұтқасын билерге беріп, ұсақ хандар мен сұлтандардың саяси ықпалын тежеуге тырысады. Жыл сайын Күлтөбеде (Ташкент маңы) үш жүздің басын қосқан жиналыс (құрылтай) шақырылуы тиіс болған. Хан кеңесі, билер кеңесі мемлекеттік тұрақты құрылымға айналады. «Жеті Жарғы» заңында ел дауын шешудегі билер кеңесінің құқығының қорғалуын, сақталуын қатты қадалаған.
«Жеті Жарғы» баптары мейлінше нақты. Мәселен, кісі өлтіргендер үшін «қанға қан, жанға жан алу» ұстанымы сақталады. Кейбір жағдайларда өлім жазасын соттың келісімімен құн төлеумен ауыстыруға болады. Бұл – осы заң жобасының тарихи прогрестік маңызын айқындайтын бап. Құн қылмыстының өзінен немесе ру мүшелерінен алынады. Кісінің денесіне жарақат түсірген болса, құн төлеуге тиіс болады.
“Жеті жарғының” негізгі талаптарының бірі – жасаған қылмыстық әрекетіне сай жаза тарту, яғни талион принципі (қанға – қан, жанға – жан). Бірақ талион принципі “Жеті жарғыда” бекітілгенімен онша дамыған жоқ, керісінше жаза қолданудың негізгі формасы ретінде композиция қалыптасты. Құқық бұзушылық тек жеке адамның ісі, яғни жәбірленушінің тілек-талаптарына сай болуына байланысты “барлық мәселелерді өздері құштар адамдар шешеді”. Қорыта айтқанда, қылмыстан жапа шеккен адам , жәбірленуші талионның орнына мүліктік композицияны талап етуге құқылы.
Талдау жасап қарасақ “Жеті жарғының” бірнеше баптары қазақ мемлекеттілігінің негізгі құрылымын қорғауға және оның аумақтық тұтастығын, ұлттық бірлігін сақтауға бағытталғанын аңғарамыз. Бұрынғы басылымдарда кездеспейтін, жаңадан ғылыми айналымға түскен “Жеті жарғының” бір бабы мына норманы бекіткен: “Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын”.
Бұл норманың мазмұнына назар салатын болсақ, сол кезеңде әрбір ру басшыларының сепаратистік, алабақан алауыз болған қимыл-әрекеттерінен туған іріткіге тежемелік әсер еткенін аңғармасқа болмайды. Бұл баптың мәні дәл қазір де әлсіреген емес. Конституциялық құрылымды күшпен құлату әрекеті қазіргі кезеңде де көрініс тауып отырғаны бәрімізге мәлім. Қазақ билерінің осы бапты енгізу олардың аса көрегенділігін, білгірлігін танытқанына қайран қаламыз.
Осыған байланысты тағы бір бапта: “Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылысын”, – деп көрсетілген. Аталмыш бапты маман емес, немесе зер салмай оқыған адамға атты мініп қашқаны үшін өлім жазасын беру гуманизмге қарама-қайшы келетін пікір ретінде танылуы әбден мүмкін.
Бірақ бұл норманың да мәні қазақ қоғамына прогрессивтік себебін тигізгені ақиқат. Ат, оның ішінде сәйгүлік, жау қыспаққа алғанда көшпелі қазақ қоғамында тек қана жеке меншікке қол сұғу емес, керісінше, стратегиялық, қорғанысты қамтамасыз ететін, қазақ мемлекеттілігінің қауіпсіздігін нығайтатын ерекше күш ретінде танылған. Жаушы: “жау шапты, аттан” деген суық хабарды естігенде әрбір қару ұстай алатын қазақ атқа қонуы тиіс болған. Қонатын ат болса жаумен шабысқанда ең күшті соғыс құралы болғаны айтпаса да түсінікті: қусаң жетесің қашсаң құтыласың. Міне, сондықтан бұл әрекет үшін өлім жазасын бекіту өте орынды. Зертеулерге қарап отырсақ, ғалым Н.Гродеков «Киргизы и кара-киргизы Сыр-Даринской области. т.1, Юридический быт. Ташкент, 1889» және А. Левшиннің «Описание киргиз-казачьих или киргиз- каисацких орд и степей. Ч.З. Спб, 1832» еңбектерінде кездестіруге болады.
Бірақ қазақ қоғамында “Жеті жарғының” бұл бабы бейбіт өмірде өте сирек қолданылған. Негізінде бұл нормамен жауапқа тарту үшін ұрланған ат міндетті түрде бұрын халық арасына танымал болған, бірнеше жүлделер алған болуы шарт. Халық арасында осы күнге дейін: “Есім ханның Көкаласы да бір-ақ бесті” деген сөз бар. Аңыз бойынша Есім ханның “Көкала” деген атын ұрлап кеткендерге өлім жазасы кеспеген екен. Себебі, “Көкала” ханның аты болғанмен, жүйрік болса да бәйге, жарыстарда еш уақытта жүлде алмаған екен. Ұрыдан төлеу алғанда осы себептерге байланысты бірақ бесті кесіпті деседі. “Жеті жарғы” сол заманда “Ұлы Түрік қағанаты” мемлекеттілігінің тамаша ынтымақтастықтың негізінде күшті болғанын ескере отырып, мынандай норманы бекітеді: “Түрік халықтарының мүддесін сатып елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын”.
Әз Тәукенің көрегенділігі, кемеңгерлігі қандай десеңізші. Бүгінгі өмірді болжай білгендей. Қазіргі тәуелсіздікке қолымыз жеткен Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан сияқты түркі тілдес елдермен ынтымақтастығын нығайтуды сыртқы саясатының ең бастысы деп танып отыр. Түрік бірлігінен айырылуы елімізді күшті мемлекеттерге жем ету. Бүгінгі күн талаптарымен тікелей ұштасып жатқан мәселелердің бірі – экзогамиялық табу, яғни жеті атаға құрыла алады. Ал өзін қашуға саналы түрде жол берген әйел сол еркектің қолында қалдырылады. Бірақ істеген қимыл-әрекеті үшін әйелдің бұрынғы күйеуіне қалың мал төлеп, оған қоса бір қызды қалың малсыз беруге міндетті. “Жеті жарғы” әйелдің еркегінің көзіне шөп салғаны үшін, егер күйеуі әйелін басқа еркекпен жатқан жерінде ұстап алса, өлтіруге құқық береді.
Тәуке ханның “Жеті жарғысы” ұрлық жасағандарға өлім жазасын кеспейді. Керісінше, олардан ұрланған мүліктер, дәулеттің құнынан 27 есе өндіріліп отырған. Бұл өте тиімді жаза болған. Бекітілген ереже бойынша “Жеті жарғының” қылмыстық нормалары құқық субъектілерін қылмыстық әрекеттері үшін жауапкершіліктен босатуды да қарастырады. Атап айтсақ, балаларын өлтірген ата-аналарды қылмыстық жауапқа тартпайды. Тек некеге тұрмаған әйел күйеусіз туған баласын өлтірсе, оған керісінше өлім жазасы кесілген.
Екіншіден, әйелі еркегінің көзіне шөп салғаны үшін, егер әйел еркекпен жатқан жерінде күйеуі ұстап алса, өлтіруге құқық береді, ол үшін күйеуі ешқандай жауапқа тартылмайды. Үшіншіден, күйеуін өлтірген екіқабат әйелге ешқандай жаза қолданылмайды, ол ел арасында жек көрінішті болып, қырғысқа ұшырайды.
Төртіншіден, әкесінің және күйеуінің ұрлық істегенін біліп тұрып, оны хабарламағаны үшін әйелі және балалары жауапқа тартылмайды. Бұл норма жалпы адамгершілік, қандастық қасиеттің заңынан да жоғары болуы қажеттігін анық көрсетеді. Осы заң бойынша әкенің билігі баянды етіледі. Ол – қамқоршы, сондықтан оның ризалығын алмай, отбасының кез-келген мүшесі ешбір шешім қабылдамайды.
Әкесіне немесе шешесіне қол көтеріп, балағаттаған баланы қара сиырға отырғызып, ауыл іші аралатып, қамшымен соққан. Бір себеппен (аңдаусызда) баласын өлтіргені үшін ата-анасы ешқандай жаза алмайды. Бірақ некесіз туылған баласын ұяттан (қасақана) өлтірген әйел өлім жазасына кесіледі.

Ж.М. Арынов

Мырзатаев Н.Д.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *