Эссе Бала тәрбиесі – ортақ міндет
Ержан Айжан Ержанкызы
Алматы қаласы білім басқармасы Әуезов ауданына қарасты ЖШС «Lion garden» балабақшасының меңгерушісі.
|
Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата-анаға үлкенге қызмет етіп, әкеңнің еңбегін, анаңның ақ сүтін өтеу – біздің борышымыз. Ата – ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке туралы айтсақ, әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Ана – отбасының ұйтқысы, жылуы, шуағы. Отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Сонымен қатар бала тек отбасынан тәрбиеленбейді. Ол мектепте, балабақшада тағы басқа білім ордаларынан тәлім – тәрбие алады. Балабақшада ең алғаш достарын кездестіреді. Онда топпен жұмыс жасауды, басқа балалармен достасып ойнауды ғана үйреніп қоймайды, тәрбиешімен тығыз байланыста болады. Тәрбиеші баланың өз ерекшелігін анықтайды. Жаңа заман баласы – ертеңгі еліміздің болашағы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені, осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дами бастайды. Балабақшада балаларға білім беру, тәрбиелеуде барлық жағдай қарастырылған. Сондықтан, осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады. Балабақшаның барлық қызметкерлері үшін бастысы – балалар. Олар әр түрлі балалар, қызықты күлкілі, ақылды және олардың қасында балаларды білетін, әрқайсысының жүрегінің кілтін таба алатын мақсатты, жігерлі тәрбиешілер бар. Өйткені елдің ертеңгі тірегі – балдырғандырымыз. Олар заман талабына сай тәрбиеленуі тиіс. Қазіргі таңда тәрбиешілер қауымына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу.