Бүгінгі қазақты не құтқарады?

Тлеужан Еркеназ Дулатқызы

 

Бүгінгі қазақты не құтқарады?

    Қазақты құтқаратын – қазақы тәрбие ғана. Тақта тақта тарихқа көз жүгіртсек, қазағым қашанда өзінің ұрпағын адам етуді мансұқ еткен, тәрбиені заң қылып, ұлттық қасиетті, қазаққа тән даралықты бойға сіңіртетін мықты мектеп қалыптастырды, ол ата мектебі, ана мектебі болды, сол үшінде отбасында берілген тәрбиенің дұрыстығына бәрі бірдей жауапкершілікпен қарады. Сөйте жүре бір тұтас ұлтты тарихтың тезінен, сан өткелдерінен, жойылудан аман алып қалған. Өткен ғасырлардағы қазақтардың ортасын еске алсақ, хандар мен билері, батырлар мен ақындар, ардақты ақсақалдар мен елді аузына қаратқан аналар, бармағынан бал тамған аспаздар мен шеберлер, небір ісмерлер мен зергерлер, атбегілер мен аңшылар тұтас ұлттың игілігіне қызмет жасады. Қазақпыз деп өсіп – өнді. Дала заңын бұзбады. Соның негізінде өмір қағидасына сай әдет – салттар мен ғұрыптарда орнығып, олардан дәстүр қалыптасты.

 

Дәстүрлер туралы ұғымдардың жаңа кезеңі басталған тұста, мәдени тұтастық та бұзыла бастады.

 

Сондағы мақсат, сондағы төгілген тер, зобалаң, талай қазақты жұтқан жұт, құлдық өмір, мың өліп, мың тіріліп, талай нәубетті бастан кешудің есебі не еді. Ұрпақ азаттығы, тәуелсіз ел, дархан дала, қаймағы бұзылмаған қазақылықты, ұлтты, тілді, дінді, аманат етіп, мәңгілік ел болу еді. Ғасырлар бойы бізді құтқарған тәрбие еді. Бізді ұлт ретінде қалыптастырған тәрбие еді. Демек, әлі де құтқаратын тәрбие.

 

Біз не істедік. Тәуелсіздік алдық, егемен ел болдық. 70 жыл құл болып, құрсаудан босадық. Ұлт болып жаңғырдық. Ана сүтімен даритын, ана тілімізді қалыптастырдық. Ата заңымызды Конституциямызды жаздық. Бірақ, діңгегімізден ажырадық. Соны мойындайық. Өз тілімізді өзіміз өгейсіндік. Дінімізге селкеу салдық. Ата дәстүрден айныдық. Тарихымызға иланбадық. Ішінара бүліндік. Өз тіліңді сөйлемеуді қойшы, өз тіліңде ойланбасаң сол қауіп. Сол баяғы орысша сөйлей алмасаң, күнелтпейсіңнің сойылын соғумен келеміз. Дәстүрлер заман талабына сай емес деп, оны қараңғы ой еттік те қазақы тамырдан ажырадық. Сүйттік де өз әлімізше біреуді кінәлап немесе құры үмітке алданып келеміз. Ақсақалдар жастарды, жастар заманды кінәлаумен әлек. Болмысына, ұлтына, тарихына, тілі мен дініне адал емес өскелең ұлттан өз тәнінен, табиғатынан айныйтын ұрпақ өсіп келеді. Кімді кінәлі етеміз? 32 жыл ел басқарғандарды кінәлаймыз. Олар бізден тұтастықты, қазақы тәрбиені тартып алған ба еді. Әдетте заман өзгереді, заманына қарай адамы деп жатамыз. Бірақ сол замандардың ішінен қазақы болмысы бар керек тұсын сақтап қала алмауымыз, біздің басты кемшілігіміз

 

Бүлінген өзіміз…Сайып келгенде ұлттық тәрбие көбесінен сөгілді. Тарихы бүтін, іргеміз биік, еңселі, тамыры терең ел едік.

 

Қазақ тағылымы ұлан ғайыр, оны түпкілікті зерттеу, ретке келтіру әлі біраз уақытты қажет етері сөзсіз. Халықтық тәрбие беретін арнайы пәндер ашылса да артық болмас еді. Ал оның көш басында тіл мәселесі мен салт – дәстүрлер тұруы керек. Қазақы тәрбие немесе қазақы тағылым дегенде, менің көз алдыма ұшы қиыры жоқ қазақ даласы елестейді. Сағынышқа айналғандай сартап даланың изені мен жусанын иіскегендей боламын.

 

Ұрлық жасау, зорлық көрсету, баюға деген құлшыныс адамдарды басты қасиеттерінен айырып жатыр. Жаһандану үрдісі осылай екен деп кете берсек, тағы да қиындықтарда тап боларымыз анық. Аузын ашса жүрегі көрінетін алқам – салқам ауыл қазағын жоғалтып алдық. Қарапайым адами қасиеттерден ажырап барамыз. Қарапайымдылық, адамгершілік, қонақжайлық, ақ көңіл ағайынның орнын, өз құлқынын ойлайтын, тек менде болсын, асып түсейін көршімнен деген пейілмен өмір сүретіндердің қатары күн санап көбеймесе, азаяр емес. Қараңғылақтан арылдық қа, қиындықтарға тап болдық. Құлқынның күйін күйттедік те, кеңшілдіктен ада болдық. Бауырды жат қылдық, ауылды жат қылдық… Айта берсең өзегі терең мәселе. Тарихын танымаған болашағын қайбір күйттепті. Ұлылықтан бас тартпайықшы. Тәрбие дедім сөзімнің тірегін, ойымның басын. Бірақ, кім береді тәрбие. Абыз ақсақалдар жастармен жарысады, аналар күн түн демей үй бетін көрмей ерімен жарысады, ері жалқаулыққа салынып қалысады. Сонау жылдарда қазақты сақтаған қала емес, ауыл аналары мен аталары еді. Қос қостан бала туып, ері түзде болғанда тілеуін тілеп, әжесі немере бағып, атасы ақыл айтты. Солай көрегенді ұрпақ өсірді. Қазақ қашанда көргенсізден қорқушы еді. Қазір ше? Қарттар үйін жағалаған, жетімдер үйін паналаған жандар көп. Титтей қыздар зорлық көріп, енелерден қорлық көретін келіндер көп. Қаршадай жасөспірімдер о дүниеге асық. Шынында, бітетін өмірдің бітпейтін күйбең тіршілігіне салып талай дүниені сарп етіппіз.

 

Қорытындылай келе, ұлды ұлша, қызды қызша тәрбиелейік. «Артық қылам деп, тыртық қыламыз» деген сөз бекер айтылмайды. Ұлың намысты болса, ең болмағанда отбасын өзі асырайды емеспе, қыз тәрбиесін айтып жатудың өзі артық. Қазағым қызыңды тәрбиелегенің, ұлтыңды тәрбиелегенің дейді. Одан асырып не айтасың. Ата дәстүрді, дала заңымызды бұзбайық. Жаңғырамыз деп жоғалмайық. Тұтастықты сақтайтын қазақы мінез, болмыс, бірегейлік пен ұлттық мүдде, тәрбие, мәдениет пен тіл ғана. Қайтеміз жақынды алыстан іздеп…

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *