Сәлем, жайдары жаз!
Төменбай Айман Абдуллақызы
Мақсаты: Балалардың жаз мезгілі туралы ұғымын кеңейту, жаз айларының ерекшелігін ұғындыру, жазғы табиғат өзгерістерін бақылап, әсемдігін, сұлулығын сезіне білуге үйрету. Жаздай жайдары көңіл-күй орнату, татулыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Ұйымдастыру кезеңі:
Жетекші:
Алақай-ау, алақай!
Той тойлайық, балақай!
Қызарғанша алақан,
Қол соғайық, балақай!
Балалар қол соғады.
Жетекші:
Балалардың бақшасында бүгін той,
Жаз мезгілі келді, оны біліп қой!
Қараңдаршы, балалар, ауа-райы қандай керемет!
Балалар: Иә.
Жетекші: Балалар, мен сендерге бір жұмбақ жасырайын, сендер шешуін тауып көріңдер!
Жұмбақ:
Көбелек те, гүлі де бір,
Қызыл-жасыл күллі өңір.
Аспан төрі ақша бұлт,
Бау-бақшада барша жұрт.
Саңқылдаған саз әні,
Көлде құстың базары.
Жидек пісіп толады,
Бұл қай кезде болады?
Балалар: Жазда болады.
Жетекші: Дұрыс айтасыңдар, балалар! Бұл бәріміз жақсы көретін сүйікті жаз мезгілі!
Айтыңдаршы, жаз мезгілін біз не үшін жақсы көреміз?
Балалар: Жазда біз шомыламыз, күнге қыздырынып, күш жинап өсеміз, жазда біз туған жеріміздің әсем жерлерін аралап қыдырамыз, демаламыз. Қызықты ойындар ойнаймыз.
Жетекші: Ендеше, балалар, ендігі кезекті қызықты ойындарға берейік.
«Ынтымақ», «Бірлік» топтарын қол соғып қошеметпен қарсы алайық!
Қай отбасының күшті, мықты, ауызбіршілігі мол екенін біз сайыста байқайтын боламыз.
Сайысымыздың төрелігін айтатын, әділ қазылар алқасымен таныстыра кетейін.
Әділ қазылар алқасының төрайымы: әдіскер- К.Серікбаева
Мүшесі: психолог – Ж.Әбдіхалық
Енді сайыс түрлерімен таныстырып өтейін. Сайыс 6 бөлімнен тұрады:
- «Түйілген орамал». Шығыршықтан өтіп, межеде жатқан түйілген орамалды келесі ойыншыға әкеліп беру, келесі ойыншы шығыршықтан өтіп оны орнына апарып қояды.
- «Кім жылдам». Доппен секіріп, межені айналып келу.
- «Жүйрік ат». Ағаш атпен шауып, межені айналып келу.
- «Түсірмей апар!». Күрекке салынған кішкене допты қолмен ұстамай, шелекке апарып салу.
- «Көбелекті қондыр». Туннель ішімен өтіп, жерде жатқан көбелектерді жіпке қыстырғышпен іліп қайту.
- «Күлімде күн!» Түрлі-түсті қағаз қиындыларынан күн құрастыру.
Әділ қазылар алқасы өз шешімін шығарғанша қызықты бір ойын ойнап жіберейік.
Ойын: «Қағып ал да, жауап бер!»
Әділ қазылар алқасына сөз беріледі. Жеңімпаз отбасылар марапатталады.
Жетекші: Жеңістеріңіз құтты болсын! Әрқашан биіктерден көрініп, жүре беріңіздер. Отбасыларыңызға бақыт, татулық, ауызбіршілік тілейміз.
Осымен «Сәлем, жайдары жаз!» спорттық ойын-сауығымыз аяқталды. Көңіл қойып тамашалағандарыңыз үшін көп рахмет! Сау болыңыздар!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718