Қыздар оқу керек қазақ әдебиетіндегі кітаптар

Тұрсынәлі Анара Талғатқызы

Қыздар оқу керек қазақ

      әдебиетіндегі  кітаптар

Қазақ әдебиеті-атадан балаға мұра болып қалған халқымыздың  қымбат қазынасы. Ұлтымыздың әдебиетіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі- әйел теңсіздігі. Бұл тақырыпта жазылған әрбір шығарма тарихымыздан, сол  кездегі  халықтың тұрмыс тіршілігімен қатар қилы замандағы қазақ қыздарының тағдырынан сыр шерте отырып тәлім- тәрбие береді, зейін қойып оқығанға ой салады. Сондай кітаптардың біразы жайлы айтып өткім келеді.

Міржақып Дулатұлы “ Бақытсыз Жамал”. Бұл шығарма қазақтың тұңғыш романы. Кітап өз  заманындағы теңсіздік пен әділетсіздіктің құрбаны болған Жамал атты қыздың тағдырын баяндайды. Әкесінің шешімімен Жамал таланты мен даналығына  қарамастан жақсы білім алудан ғана шегерілмей, одан қалса өзі сүймеген адамға қосылуға мәжбүр болады. Жамал бұған көндіге алмай жүрегін тыңдап, өзі сүйген жанмен қашып кетуге шешім қабылдайды… Бірақ бұл шешім жақсылыққа апармайды. Кітап үлкен көлемді  болмағанымен әр оқырманды бей-жай қалдырмайтындай шебер жазылған.

Бейімбет Майлин “Шұғаның белгісі”. Әңгімеде Шұға атты байдың қызы кедей мұғалім Әбдірахманға ғашық болады. Қыздың әкесі бұны ұнатпай, Әбдірахманға жала жауып, айдатып жібереді. Екі ғашықтың тағдыры әрі қарай не болатынын білгенше асық болып, кітапты қалай  оқып тастағаныңды аңғармай қаласың. Кітапта әлеуметтік теңсіздік те көрініс тапқан.

Мұхтар Әуезов “Қорғансыздың күні”. Шығармада әкесінен  айрылған соң , қиын күй кешіп отырып,екі жолаушыдан қорлық көріп, оған  шыдай алмай, қақаған суықта әкесінің моласына барып, сонда қаза тапқан Ғазиза атты қаршадай қыздың тартқан азабы көрініс тапқан. Әңгімедегі екі жолаушының өздерін сыйлағанды сыйламай,әлсізге әлімжеттік жасағаны,қызды қорлағаны нағыз қатыгездіктің,надандықтың белгісі. Оқырманның көзіне еріксіз жас әкелетін өте мұңды кітаптардың бірден бірі дәл осы кітап.

Жүсіпбек Аймауытов “Ақбілек”. “Ақбілек” романы- өрімдей қазақ қызының тағдыры арқылы әлеуметтік төңкерістер мен халықтың тыныс-тіршілігін сипаттаған шығарма. Орыс офицерінің қолына түскен Ақбілектің көрмеген қорлығы қалмайды. Бір күні еліне қайта оралғанмен жақындарынан қолдау көрмеген ол өмірден әбден түңіледі,басына түрлі ауыртпашылық түседі. Шығарма соңынды Ақбілек бәрін жеңіп, өз мұратына жетіп, бақытты болады.

Жоғарыда айтылған кітаптың кез келгені оқырманды терең ойға шомылдырып, өмірлік сабақ береді. Сонымен қатар қазақтың тарихы мен сонау замандағы дала қыздарының ауыр тағдырынан сыр шерте отырып, түрлі сезімге бөлейді. Сол себепті барлық қазақ қызы осы шығармалармен таныс болса екен деймін.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *