Қазақстан қорықтары
НЫГМЕДОЛЛА НУРГУЛЬ
Қазақстан қорықтары
Қазіргі Қазақстанда жануарлар мен өсімдіктер ерекше қорғалады, және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.
Елімізде табиғатты қорғау ісі бұрынғы КСРО Конституциясынан да айқын көрініс тапқан. КСРО–ның негізгі заңының 67 статьясында:«СССР азаматтары табиғатты аялауға, оның байлықтарын қорғауға міндетті»–делінген. Ал 1980 жылы КСРО жоғарғы советінің үшінші сессиясында «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» және «Жануарлар дүниесін қорғау мен пайдалану туралы» заңдардың қабылдануы– КСРО кезінде де табиғатымыз заңды түрде қорғалғанын көрсетеді.
Қазақстанда қазір табиғатымыз үшін 10 қорық ашылған.
Ақсу–Жабағылы қорығы.
1926-1927 жылы Ақсу–Жабағылы қорығы Қаратау, Жабағылы, Өгем, Піскем тауларының түйіскен тұсында орналасқан. Бастапқы жер көлемі 30 мың гектар болған, қазір 74 416 гектар. Қорықты үйымдастырудағы ең басты мақсат- батыс Тянь-Шаньның табиғатының тамаша көріністерін сол қалпында сақтау және осы тау жүйесі табиғи кешендерінің даму заңдылықтарын зерттеу, тауымыздың жасылданған қалың орманын және тұрғындарын қорғау.
Ақсу-Жабағылы қорығында аса сирек кездесетін, «Қызыл кітапқа» енген 18 өсімдік түрлері бар. Сонымен қатар Қазақстанда дәрілік қасиеті бар 3000-ға жуық дәрі болса,оның 200-дейі осы қорықта өседі. Мұнда әсіресе емдік қасиеті жоғары қылша, қара аңдыз, шаңқурай сияқты өсімдіктер қоры өте мол. Өсімдікпен қатар жануарлар түрлері өте көп. Ғалымдардың деректеріне қарағанда қорықтың территориясында құстың-238, сүтқоректілердің-42, бауырымен жорғалашылардың-9, қосмекенділердің-2 және балық пен бірнеше мың жәндіктер өсіп өнуде.
Ақсу-Жабағылы қорығына 1 ғасыр толып қалды. Бұл қорық құрылар кездегі қиын сәттерді еске алсақ, сол кездегі белді оқымыстыларды В.И.Ленин атындағы Ташкент университетінің профессорлары Бродскийдің, Поповтың, Культиасовтың, Коровинның, Қашқаровтың есімдері еріксіз еске түседі. Себебі осы ғалымдар қорықтың ашылуына орасан зор үлес қосқан. Және олардың қорық салынбай тұрып айтқан қорытындылары:
«Ақсу мен Жабағылы өзендерінің жоғары ағысы төңірегінде қорыққа тән келетін ерекше қасиеті табиғаттың сұлу да көрікті жерлері бар екені күмәнсіз. Бұл жерде Түркістан өлкесіне тән өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің типті белгілері көптеп кездеседі және олардың бәрі адам қолы тимеген күйінде сақталған. Ал оның табиғаты өте сұлу әрі ғылыми тұрғыдан зерттеуге де аса қолайлы аймақ.»
Бүгінгі таңда біз оларға ұрпақтар атынан рақмет айтып, мақтан етеміз. Алдағы уақытта осы сияқты өміршең бастамаларды үлгі ете отырып, елімізде жаңа қорықтар ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырамыз.
Алматы қорығы
Бұл қорық алғаш рет Іле Алатауындағы Кіші Алматы орман шаруашылығының территориясында 1931 жылы ұйымдастырылды. Бұл қорықтың негізгі міндеті- табиғат сол жерде бұрын қалайболса, келешек ұрпаққа оны сол қалпында табыстау және қорықтың шөлді аймағында орналасқан «Әнші тау» өңірін қорғау.
Алматы қорығы жануарлар әлеміне бай. Қорықтың тау бөлігін аңның 38 түрі, құстың 170, бауырымен жорғалаушының 6, қосмекенділердің 2, жәндіктердің 700 түрі мекендейді.
Бұл қорық арқылы біз жануарлардың құндылығын және жоғалып бара жатқан жануарларды аялауды үйренеміз.
Наурызым қорығы
Наурызым қорығы Қостанай облысында, Наурызым және Семиозер аудандарының территориясында 1934 жылы ұйымдастырылды. Әуелде ол Қазақстанның жазира даласының оңтүстігіндегі Наурызым қарағайлы орманын сақтап қалу мақсатымен құрылған болатын. Кейін үш басты міндет пайда болды: орманды қалпына келтіру, көлдерді қорғау және өсімдіктер мен жануарларды зерттеу. Қорықтың жалпы ауданы алғашында 320мың гектар болған, қазіргі таңда 87,7 гектарға ықшамдалды.
Мұнда құстың 200-ден астам, сүтқоректілердің 30-дан астам, қосмекенділердің 2, бауырымен жорғалаушылардың 5-тен астам түрі кездеседі. Сонымен қатар «Қызыл кітапқа» енген салмағы 8-12 килограмдық дуадақ пен безгелдектер де осы қорықта мекен етеді.
Наурызым қорығы әрбір ғалымның қызығушылығын танытатын қорық. Мұндай қайталанбас ғажайып жануарлар мен өсімдіктерге бай қорық екінің бірінің жүрегін жаулап алады.
Барсакелмес қорығы
Ол 1929 жылы тапсырма беруші сияқты негізделген. Ал 1939 жылға 10 желтоқсан күні мемлекеттік қорықтың мәртебесін алды. Оның жалпы ауданы 160826гектар жерді құрайды. Орналасқан аймағы Қызылорда облысы, Арал ауданы.
Барсакелмес қорығында өте сирек кездесетін флора мен фауна бар. Өсімдіктердің 256-дан астам түрлері және малдар, аңдар, сүтқоректілер және қосмекенділер өмірсүреді. Және аты қазақ еліне танылған киіктер де осы қорықта өмір сүреді.
Бірақ 1997-1999 жылдары Барсакелместің арал болудан қалып, тұщы су көздерінің жоғалуы бұл жануарлардың жарамдыларын түгел басқа жақтарға жөнелтуге мәжбүр етті. Сол уақыттан бастап бұл жерден ұзын-саны 250 қаралы құлан көшіріліп әкетіліп, негізгі бөлігі Алматы маңындағы Алтынемел ұлттық паркіне жіберілсе, тағы бір тобы Маңғыстау маңындағы Үстірт жоталарына аттандырылды. Қоныс аударған кезде қапырықтан қартайған киіктер мен қарақұйрықтар мерт болды. Аман көшкен киік саны 1500, ал қарақұйрық 350 болды. Ол жылдардағы жануарлардың қырылуының негізгі себебі ауыз су тапшылығы болған.
Қорықтың қазіргі таңдағы жағдайына тоқталсақ ,қорықта өсімдіктің 354 түрі өссе, оның 14-і эндемик. Құстардың 178 түрі мекен етсе, бұлардың 26 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» жазылған. Бұдан басқа, 12 бауырымен жорғалаушы мен 2 қосмекенді тіршілік етеді. Бұл жерде сирек кездесетін улы қылқантұмсық жылан да бар. Мұндай бауыры суық бақанақтың уы медицинаға аса қажет.
Қорық табиғат пен жануарлармен қоса аңыздарға бай,тіпті фильм түсірілген. Бұл қорықтың тарихы өте тереңде жатқандықтан, бұл қорық біз үшін алтын мұраға тең.
Қорғалжын қорығы
Ақмола облысы Қорғалжын ауданында 1968 жылы 16 сәуірде құрылған аумағы бойынша Қазақстан Республикасының ең ірі қорықтарының бірі болып табылады. Оның ауданы 543171 гектар жерді алуда. Қорық аумағында 123 үлкенді-кішілі, ащылы-тұщылы көлдер бар. Олардың ішінде әйгілі үлкен, кіші Теңіз көлдері, Керей, Қыпшақ және тағы басқа.
Енді берілген қорықтың флорасы мен фаунасына тоқталатын болсақ, Қорғалжын қорығының биоалуантүрлілігі бірегей.Флораның 443 түрі және сулы, құрлықты жануарлардың 1400 түрі кездеседі. Қорықта құстың 347 түрі көрсетілген, оның ішінде ұя басатыны 126.Қазақстанның Қызыл кітабіна құстардың 41 түрі, ал Халықаралық Қызыл кітапқа 26 түрі енгізілген. Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінде сулы-батпақты кешенді құстардың 112 түрі кездеседі, ол барлық Қазақстанға танымал 130-дан 87% құрайды. Қорықта сүт қоректілердің 42 түрлі, 14 балық түрі тіркелген. Құрт-құмырсқалар толығымен зерттелмеген, дегенмен 700 түрі анықталған, бірақ, олардың түр тұқым әртүрлігі 5000-ға жетуі мүмкін.
Қорғалжын қорығы ең ерекше қорық. Қаншама байлықтары зерттелмеген, құпияға толы қорықтың ғалымдар ашылмаған сырларын тезірек ашып, әлемге паш ету керек деп ойлаймын.
Марқакөл қорығы
ШҚО, Оңтүстік Алтайдың шығысында Марқакөл қазаншұңқырында орналасқан. Ауданы:102971 гектар жерді алуда. Марқакөл қорығы 1976жылы 4 тамыз құрылған.
Марқакөл қорығы – республикамызда құрылған алтыншы мемлекеттік қорық. Бұл қорықтың ұйымдастырылуындағы негізгі мақсаты – маңайда сирек кездесетін бағалы аңдарды, құстарды, өсімдіктерді және көктемде балық уылдырық шашатын өзендер арналарын қорғап, сонымен бірге орман мен айдын көлдерін, тау, өзендердің әсем табиғатын табиғи қалыпта сақтау.
Қорықта 1000-нан аса жоғары сатылы өсімдіктер, су организмдерінің 196-дан аса түрлері, құстардың 280 түрлері кездескен. Күршім жотасының су айырықтарында Қызыл кітапқа енгізілген түр- алтай ұлары немесе тау күркетауығы кездеседі.
Қазіргі Марқакөл қорығының табиғат байлығын, оның таңғажайып сұлу көрінісін қазақтың көрнекті жазушысы Ж.Аймауытов«Ақбілек» атты романында ерекше атап көрсеткен.
Үстірт қорығы
Қазақстанның оңтүстік-батысындағы табиғи кешенді қалпында сақтау мақсатымен 1984жылы құрылған мемлекеттік шаруашылық. Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданы жерінің аумағы 223,3 мың гектар.
Бұл қорық– Қазақстанның Батыс өңіріндегі жалғыз қорық. 1984 жылы ұйымдастырылған қорықтың негізгі мақсаты – шөл зонасының табиғат кешенін табиғи түрінде сақтап қалу.Бұрын теңіз түбі болған Үстіртет ежелгі заман жануарларының қалдықтары (мысалы, мүйіз сауыт, сүйек, тіс, олардың іздері), алғашқы адамдар пайдаланған қару-жарақтар табылған. Мұнда жануарлар мекендеген қоршаулар да кездеседі.
Жер бедері мен топырағының әртүрлі болуына байланысты, қорықтың өсімдіктер дүниесі де сан алуан болып келеді. Қазіргі уақытта қорық аумағында өсімдіктің 336 түрі, сүтқоректілердің 29 түрі, бауырымен жорғалаушының 15 түрі, құстарың 166 түрі, қосмекенділердің 1 түрі кездеседі.Соның ішінде Қызыл Кітапқа енгендер: өсімдіктерден – бор рияны, хиуасораңы, майда қатыран; құстардан – бүркіт, үкі, жорға дуадақ, лашын, жылан жегіш қыран, қарақұс, қоқиқаз, сұр тырна, аққұтандар ; бауырымен жорғалаушылардан – төрт жолақты қарашұбар жылан; сүтқоректілерден – арқар, қарақұйрық, қарақал, сабаншы, итаюжәне тағы басқа аты аталмай қалған жануарлар да көп.
Қорық аумағында табиғи – тарихи ескерткіштер көп кездеседі. Географиялық орналасуына, геологиялық құрылымына қарай ерекше жаратылған Қарамая тауы мен Көкесем шатқалдары – басқа еш жерде қайталанбайтын құбылыстар.
Батыс Алтай қорығы
Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігіндеШығыс Қазақстан облысыРиддер, Зырян, Глубокое аудандарының аумағында Поперечное ауылының оңтүстік-шығысында табиғатты пайдаланудан алынып қойылған жерлерде орналасқан.
Қорықтың жануарлар дүниесін тайгалық жануарлар: бұлан, марал, елік, құдыр, қоңыр аю, құну, сілеусін, бұлғын, сасық күзен, аққалақ, қара күзен, және әртүрлі жануарлар мен кеміргіштерден тұрады.
Құстар әлемі алдын ала алынған деректер бойынша 100 аса түрден тұрады. Олардың ішінде Қызыл кітапқа енгізілген: қара дегелек, тундра шілі, бүркіт, аққұйрық субүркіт бар. Алдын-ала жүргізілген бағалау бойынша қазіргі күні Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығында Алтай ботаникалық бағының жетекші ғылыми қызметкері биология ғылымдарының кандидаты Юрий Андреевич Котуховтың сипаттауы бойынша 800 түрден аса өсімдік өседі. Оның ішінен 45 түр – бұл сирек кездесетін, құрып бара жатқан және жергілікті түр, ал мына 16 түр ҚР Қызыл кітабына енгізілген.
Қазіргі кезде табиғат процестеріне ұзақ мерзімді қадағалау жүргізілуде – «Табиғат жылнамасы» жазылады. Қорықта 10 жыл бойы табиғи кешендерге – компоненттерге түгендеу жүргізілмеген, қорықтың эталонды экологиялық жүйесі және шектес аумақтардағы ұқсастықтар анықталмаған. Қорықтың өсімдіктіктер мен жануарлар дүниесіне түгендеу жүргізілмеген, қорық аумағы мен оған шектес жатқан аудандардың генофонды мен экологиялық жүйесін сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған ғылыми ұсыныстар әзірленбеген. Іс жүзінде қорықта тіркелген барлық ғылыми жұмыстарды Алтай ботаникалық бағының (Риддер қаласы) жетекші ғылыми қызметкері Юрий Андреевич Котухов істеген және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының ғылым бөліміне тегін берілген.
Алакөл қорығы
Жетісу облысының Алакөл және Абай облысы Үржар ауданында орналасқан. Аумағы 65672 гектар жер алуда. Тентек сағасының табиғатын және Алакөл аралдарындағы сирек кездесетін жануарларды сақтап қалу мақсатында ұйымдастырылған. Қорық аумағындағы аралдар құстардың топталып ұя салуына өте қолайлы. Сондықтан да қорықты нағыз «құс базары» деп атауға болады.
Қорық жануарлар дүниесіне өте бай. Мұнда балықтардың 17, қосмекенділердің 2, бауырымен жорғалаушылардың 14, құстардың 324 және сүтқоректілердің 33 түрі кездеседі. Омыртқасыздардан инеліктердің 34 түрі бар. Құстардың 16 түрі және балқаш алабұғасы ҚР-ның «Қызыл кітабына» енгізілген. Өсімдік жамылғысына да бай (өсімдіктің 286 түрі өседі). Қорықта жеті тақырыптық жоба бойынша ғылыми – зерттеулер жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бұл қорық қатты танылмаса да, ішінде қаншама тірі жанның қорғанышы болды.
Қаратау қорығы
Қаратау қорығы- Түркістан облысы Қаратау тауларының орта бөлігінде орналасқан. Ол 2004 жылы құрылған, аумағы 34,3 мың гектар.
Қорықтың орналасқан жерінің айрықша ерекшелігі – өзіндік қатпарлары болуы. Девон дәуіріндегі әктастың сирек, ал палеозойда тас көмір кезеңіндегі шөгінді жыныстардың көп болуы тән. Қорық аймағы ерте кезден бастап-ақ адамдардың тіршілік етуіне қолайлы аймақ болғандығы ондағы тас, қола және темір дәуірлерінен қалған мәдени ескерткіштерден (тасқа салынған суреттер, адам тұрақтары, т.б.) айқын байқалады. Табиғат құйған ғажайып тас мүсіндер (Түйетас, Хантағы, Кемпіртас, т.б) ерекше көз тартады.
Қорықтың флорасына тоқталсақ, тауда қаратау жусаны басым. Сондай-ақ тікенекті шөптер және шала бұталар мен бұташықтармен кемпіршөп, сетен және тағы да басқа. Ал Қаратау қорығының Берікқарақорығында ғана өсетін Берікқара терегі – өте сирек кездесетін эндемик, реликт түр болғандықтан қорғауға алынып, Халықаралық табиғатты және табиғи қорлардықорғауодағының Қызыл кітабына енгізілген.
Құстардың 118 түрі бар, Қызыл кітапқа енгізілген жыртқыш құстардан ителгі, бүркіт, жұртшы, бақалтақ қыран, жыланшы мен сақалтай; қосмекенділерден сарыбауыр қарашұбар жылан мекендейді. Қосмекенділерден барлық жерлерде жасыл құрбақа басым, көлбақа сирек кездеседі. Сонымен қатар “Қызыл кітапқа” енгізілген сүтқоректілердің 3 түрі Қаратау арқары, үнді жайрасы, тас сусары осында қорғалады.
Бұл қорықтың жерінің тарихы терең әрі ерекше
Қорытындылай келе айтарым, бақ өсіргеннің бағы жанады деп әрбір қорғалған қорықтарымызды аялап ұстау біздің міндет. Әрқашан қорықтың қауіпсіздігі мен гүлденуі біздің мойнымызда. Ерекше табиғатымыз бен аялап сақтап отырған жануарларымызды жоғалтып алмай, келешек ұрпаққа аманат қылып тастауымыз керек.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718