Қазақ әдебиеті сабағында оқушыларды авторлық ұстанымды түсінуге баулу

Базарова Ақкенже Мырзаевна
Астана қаласы
«Бауыржан Момышұлы атындағы
№53 мектеп-лицейі» ШЖҚ МКК
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Баяндама тақырыбы: Қазақ әдебиеті сабағында оқушыларды авторлық ұстанымды түсінуге баулу
Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ел тірегі, келешегіміздің кепілі. Ал олардың рухани әлемін, адамгершілік ішкі сезімі мен қасиеттерін қалыптастырып байытуда қазақ әдебиеті пәнінің ролі зор. Әдебиет сөз өнері болғандықтан, ақын-жазушылардың көркем шығармалары – өмірдің сырлы суретін, адамдардың тағдырын бедерлі бейнелеп, оқырманға көркем таныту арқылы ой тастатудың құралы.
Қазақ әдебиеті оқушыларды жан-жақты тұлға болуға баулиды. Сабақта өтілетін көркем шығарманың өн бойынан оқушы өзіне қажеттіні табады, кейіпкерге баға беріп, қорытынды шығарады. Бұл жерде оқушының өзіндік көзқарасын автор ойымен сабақтастыруға үйрету мұғалімнің шеберлігін ұштай білуіне байланысты.
Әдебиет сабақтарында ұсынылған көркем шығармамен алғаш танысуда балалардың оның мазмұнында баяндалған оқиғалары мен кейіпкерлері туралы алған әсерлері мен білімдері шағын болады. Оқу материалын терең біліп, мәтіннің әдеби теориялық ұғымдарынан кеңірек түсінік алып, сол ұғымды өмірде қолдануға болады.
Көркем шығарманы оқу арқылы автордың ұстанымын түсінуге баулуда мұғалім тарапынан жасалатын жұмыстар:
• Шығарманы толық оқуға дағдыландыру;
• Балаларды әсемдік әлеміне қызықтыру (портрет, пейзаж, мінездеме арқылы);
• Мәтінмен жұмыс түрлерін жүргізу (сұрақ жауап жүргізу, кейіпкерге мінездеме жасату, сөздік жұмыстары, т.б.) ;
• Әдеби көркем туынды арқылы оқушының ұлттық танымын қалыптастырып, өмірге қажетті тәрбие алғызу;
• Көркем әдебиетті оқытуда шығарманың идеялық-тақырыптық мәнін меңгерту және рухани-мәдени құндылықтар жөнінде пікір алмасуға үйрету;
• Оқылған көркем шығарма бойынша қосымша мәліметтер оқуға баулу.
• Оқушылардың бейнелі ойлауы мен шығармашылық қиялдауын дамытып, авторлық ұстанымды түсінуге баулу;
• Көркем шығарманың мазмұнын анықтай алуын, ауызша және жазбаша түрде өз түсініктерін жеткізе біліп, қазақ әдеби тілін, сөздік қор мен сөз байлығын сауатты пайдалануға баулу;
Көркем шығармамен әсер ету арқылы жас ұрпақтың бойына өз халқының тарихын, дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін ұлттық құндылық ретінде бағалай алатын, ұлттық әдеби мұраны терең игеріп, сол негізде еліне қызмет ете алатын, танымы жоғары, бiлiмі орнықты, шығармашылықпен ойлай алатын, өркениеттi қоғамға сай парасатты тұлға қалыптастыру негізгі мақсатымыз болып табылады.
Көркем шығарманың тақырыбы мен идеясы анықталған соң, көркемдік ерекшелігіне сайнегізгі кейіпкері кім, сырт келбеті мен жан дүниесі қандай екенін анықтатып, мәтіннен автор ойын дәлелдейтін мағыналы сөйлемдерді тапқызу жұмыстары баланы ізденгіштікке баулиды.
Оқушы алдымен әдебиет сабағында шығарманы қабылдауы керек. Бұл – оңай үрдіс емес. Қабылдау деген біз бере салғанды ол ала қоятын зат емес. Ол – оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние.
Қандай жақсы туынды болмасын оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жан күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса бәрі бос сөз болып шығады.

Оқушыға автор ұстанымын анықтату жолдары:

• Автордың көркем шығармасының басталуы және аяқталу ерекшелігі;
• Кейіпкерлер жүйесі арқылы көтерген заманауи адамгершілік мәселесі;
• Тілдік ерекшелігі мен сюжеттік құрылымы;
• Шығармадағы автордың уақыт кеңістігі мен заман бейнесін суреттеудегі ерекшелігі;
• Туындының идеясы арқылы автордың оқырманға ұсынатын ойы.
• Автордың өз шығармасындағы көркем шындықтың көрінісін әлеуметтік өмір шындығымен иландыра алу жайы.

Авторлық ұстанымның адам баласының бойындағы ұнамды қасиеттерді сақтауға ықпалы
Сөз өнері қашан да құдіретті,
Құдіретті, қаншама дүбір өтті.
Тұнық өнер – түбі жоқ, Тынық мұхит,
Кемеңгерлер көшкенде шымыр етті.
Салақұлаш әдеби сәйгүліктер
Дүбірімен дүниені күңірентті, – дегендей
адам бойындағы мейірімділік, сабырлылық, әділдік, жомарттық, арлылық, намысшылдық, елжандылық тәрізді асыл қасиеттерді сақтап қалуда ақын-жазушылар өз ұстанымдарын шығармаларында айқын көрсетеді. мысалы, ұлтымыздың дара ойшыл ақыны, дана Абай «Толық адам» тәрбиелеуде жастарды білімге шақырады. Ал өткен ғасырдың заңғар жазушысы Ұлы Мұхтар Әуезов ұрпақты тәрбиелеу үшін ананың алар орнын атап береді.Бұл – автор ұстанымы мен шығарма идеясының бірлігінің тұтас сомдалатынының дәлелі. Қазақ балалар әдебиетінің атасы Ы.Алтынсариннің әңгімелерінде адамгершілік, гуманизм мәселелері айқын көрінеді. Ал ақындықтың Хантәңірісі атанған Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы отаншылдық пен бала көңілдің арманшыл пәктігін айғақтайды.
Бұл шығармаларды сабақ барысында оқыта отырып, автордың өз бейнесін, азаматтық келбетін, өмірлік ұстанымын, заман бейнесі арқылы авторлық көзқарасын таныта аламыз. Сөйтіп, ғасырлардан үзілмей келе жатқан арқауымыз – ұлттық құндылығымызды жас жеткіншек ізбасарларымызға әдебиет сабағы арқылы аманаттап жеткіземіз.

Сабақ – оқыту мен тәрбиелеудің жиынтығы
Әдебиет сабағы оқушылар үшін қызық болуы тиісті. Сабақта түрлі әдіс-тәсілдер қолдануға болады. Оқытудың жаңа технологияларын кеңінен пайдаланып, сабақ типтерін түрлендіріп отырған абзал. Атап айтқанда, дебат сабақ, сот сабақ, баспасөз конференциясы сабақтары, т.б. сабақтар баланың мәтінді мазмұнын ғана түсініп қоймай, ішкі сырын да түйсінуіне көмегі тиеді.
Оқушылардың автор ұстанымын түсінуіне әсер ететін жұмыстардың бірі –тіл дамыту жұмыстары. Оқушыларға өз ойларын бейнелі де айшықты сөздермен жеткізуді жазба жұмыстарының мынадай түрлерін орындата отырып жүргіздіруіне болады: шығарма-суреттеме, шығарма-рецензия, шығарма-аннотация, сырласу хаты, монолог-толғаулар.
Сабақ барысында ауызша жүргізілетін жұмыс түрінен өзара пікірлесу, сұрақ жауаптар мен «Оқыған сайын ой салар», «сырласу сәті» және басқа да ойын кезеңдеріне ұластыру арқылы да өз түсінігі мен автордың көзқарасын сабақтастыра салуына әсер етуге болады. Сабақ барысында жүргізілетін жұмыс түрінде ақындардың бірнеше өлеңдерін қатарынан оқыта отырып, оқушыларды ақынның жан сезімін тани білуге тікелей бағыттау арқылы өз ойларын ортаға салады, пікірлеседі. Мысалы Махамбет Өтемісұлының «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» атты толғауындағы:
…Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір соғып, ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем!- деген жолдарын оқыған бала ардақты ердің бұл сөздерді айтуында ел қамын ойлауынан туған зілді кектің бар екенін түсінері сөзсіз. Автордың алған бетінен қайтпайтын, бір сөзді, өжет жан екенін танимыз. Бұл тәрізді жұмыстар оқушыларды іздендіреді, ізгілендіренді, белсенділігін арттырады, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға жол ашады.

Қорыта келгенде, көркем шығарманы түсініп, автордың айтар ойын ұғынуынан оқушылардың бойында өз өмірлеріне қажетті таным түсініктері қалыптасады.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *