Алматы арықтары өз қызметін атқарып тұр ма
Арықтар мен жауын суын реттейтін желілерге қоқыс тастаған алматылықтарға 70 мың теңгеден астам айыппұл салынатын болады
Осы жылдың сәуірінде Алматыда Орталық Азияның бес мемлекеті – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан бірлесіп, мұздықтарды бақылау жобасын іске қосты. Көршілес елдер деректермен бөлісе бастайды, тоң су ресурстарын бақылау үшін мамандар дайындайтын болады.
Тұщы су – планетаның басты байлығы. Қазіргі кезде бүкіл әлемде су ресурстарының тұрақты сарқылуы жүріп жатыр. Ал Қазақстан үшін оларды сақтау – өте өзекті мәселе. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанның жылдық су ағынының 100 км3-ның 56%-ы елден тыс жерде қалыптасады. Бұл ретте Қазақстан су бойынша көрші мемлекеттерге тәуелді. Сонымен қатар, барлық суармалы жердің 73%-ы оңтүстік бес облысқа тиесілі, мұнда фермерлердің 90%-ы көрші елдердің шешімдеріне тәуелді.
Су мәселесі Алматыда де өзекті. Су ресурстары ұтымсыз пайдаланылады, деп санайдысарапшылар. «Алматы Су» МКК деректері бойынша қазіргі кезде қалада сумен жабдықтаудың екі негізгі көзі бар: 40%-ы – тау суы, 60%-ы – жерасты суы.
Сонымен қатар, оңтүстік астана билігі су ресурстарын сақтаудың стратегиялық жоспарларын қабылдады. Былтыр Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев инженерлік желілер, арықтар және асфальт төсеу жұмыстарын үйлестіруді тапсырды.
«Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасында» қаланы сумен жабдықтау және су бұру мәселелері көрсетілген. Алатау, Бостандық, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандарының 30 мың тұрғынында (1,5%) орталықтандырылған сумен жабдықтауға, 286 мың тұрғынында (14,3%) су бұруға қолжетімділік жоқ. Жазғы уақытта Алматыда суды тәуліктік тұтыну нормасынан жоғары белсенді пайдалануға байланысты сумен жабдықтау желілерінде су тапшылығы байқалады. Ауыз су суару, бассейндерді толтыру, көлік жуу үшін белсенді қолданылады.
Өткен жылы Алматы аумағында сәндік-гүлді көгалдандыру көлемі шамамен 185 мың шаршы метрді құрады, соның ішінде 50 мың шаршы метрден астамы біржылдық, 100 мың шаршы метр көпжылдық және 32 мың шаршы метрге жуық көгал.
Бүгінгі таңда Алматыдағы арық желісінің ұзындығы 1525 км, оның ішінде көше бойындағы арықтар – 1220 км, аулалардағы арықтар – 245 км, саябақтағы арықтар – 60 км). Оның тек 168 шақырымы (11%) жасыл желекті суару үшін, 1208 км жауын кәрізі ретінде пайдаланылады. 424 шақырымы жөндеуді қажет етеді.
Суарудың кешенді схемасын ұйымдастыру, оның ішінде жөндеу және арық желісінің жаңа учаскелерін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар арық желісі арқылы суармалы алқаптардың деңгейін 40%-ға дейін арттырады.
«Арық жүйелерін салу және жаңбыр суын жинау Алматы қаласының полиорталықтарының мастер-жоспарында қарастырылған. Жоба арықтардың инфрақұрылымына және қаланың жасыл желектерін суару үшін жаңбыр суын жинау жүйелеріне назар аударылатын бас жоспар мен аудандардың ЕЖЖ сәйкес әзірленуде», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов.
Сәулетшілердің пікірінше, арық жүйесі Алматының ерекшелігі болып қала бермек және сарқынды суларды реттеу мен ұтымды пайдалану бойынша аса маңызды функцияны орындайды. Полиорталықтардың мастер-жоспарларында арық жүйесі, нөсер ағындары, арналар қарастырылған.
Қазіргі заманғы нөсер кәріз жүйесі жер үсті ағынын ұйымдастыруды, реттеуді және тасымалдауды, сондай-ақ суды тазарту, ағызу және пайдалану құрылыстарын қамтуы керек. Бұл бағытта Алматы қаласының әкімдігі жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
2023 жылдың күзінен бастап құрылыс немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде құрылыс компаниялары нөсер кәріз жүйесін жабдықтауға немесе қолданыстағыны ретке келтіруге міндетті.
Бұдан бөлек, арықтар мен нөсер ағындарына қоқыс тастаған алматылықтарға 70 мың теңгеден астам (73 840) айыппұл салынуы мүмкін.
Сондай-ақ, қаланы дамыту бағдарламасында су басуды жою, ағаштардың суару жүйесін қалпына келтіру шеңберінде 276 км арық желілері мен нөсер кәрізін қайта жаңарту жүргізілетін; 100 км жаңа арық желілері салынып, 25 км нөсер кәрізі қалпына келтірілетін; жасыл желектерді суаруға арық желілеріне су беру үшін 27 шақырым су тарту құрылыстары қайта жаңартылып, салынатын болады, оның ішінде жаңа құрылыс – 15 км, қайта жаңартылатыны – 12 км.
Бірақ 2 миллионнан астам адам тұратын қала қайтадан жасыл қалаға, бақша-қалаға айналуы үшін суару жүйесі қажет, деп санайды «Тұран» университетінің «Туризм және сервис» кафедрасының т.ғ.к. Ғалия Файзуллина.
«Тау бөктеріндегі ең қарапайым суару жүйесі – судың арықтардан жоғарыдан төмен қарай ағуы. Бұл судың бөліп таратылуы өте маңызды. Алматыда арықтар логикалық тұрғыдан, функционалды қамтамасыз етілді. Оның Абай даңғылындағы басты арық екені бекер емес», – дейді Ғалия Файзуллина.
Сонымен қатар, сарапшының айтуынша, субұрқақтар мен арықтар – бұл ауаның табиғи бапталуы.
«Бұрын су ресурстары арқылы ауаны ылғалдандыру маңызды болатын. Бізде теңіз де, көл де жоқ. Бірақ бізде қала аумағынан өтетін өзендер мен арықтар бар. Сондай-ақ, арықтар бізді нөсер мен жаңбыр кезінде су басудан құтқарады. Егер арықтар таза немесе тазартылған болса, онда су осы арықтар арқылы өтеді. Бірақ көбінесе олар бітеліп қалады, сондықтан қаланың төменгі жағында жаңбырдың салдарынан табиғи көлдер қалыптасады», – деп атап өтті сарапшы.
Арықтардың қоқыспен бітелу және жұмыс істеу мәселесін шешу үшін спикер қаланың бірыңғай арық жүйесі, белгілі бір бақылау картасы және жүйе бақылауда болуы керек деп топшылайды.
«Арық жүйесі – қаланың символы. Арықтар оңтүстікте орналасқан көптеген қалалардың ерекшелігі болып табылады. Біріншіден, арықтардың болуы соншалықты ыстықтың болмауы мүмкін дегенді білдіреді. Екіншіден, бұл әдемі, егер ол таза болса. Үшіншіден, арықтардың шеттерін безендіру, сәндеу (мысалы, Arbatfest аясында) туристің назарын аудартады», – деп қосты спикер.
Тиімді су бұру жүйесі мен арықтар қалалар үшін маңызды рөл атқарады. Бұл жаңбыр суын бұруға ықпал етеді және қаланы судың шамадан тыс жиналуының жойқын әсерінен қорғай отырып, ықтимал су басудың алдын алады. Ағынды суларды жинау және тазарту арқылы жүйе су ресурстарының ластануын болдырмауға және қалада экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.
«Дамыған су бұру жүйесі мен арықтар қаланың инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етеді, оның тұрғындар, бизнес және туристер үшін тартымдылығын арттырады. Тұрақты және функционалды инфрақұрылым қаланың экономикалық және әлеуметтік дамуына оң әсер етеді. Арықтарды одан әрі салу қала полиорталықтарының мастер-жоспарларында қарастырылған», – деп атап өтті Асхат Садуов.
Осылайша, су бұру жүйесі және дренаж жүйесі бүкіл қалалық қауымдастықтың өркендеуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ете отырып, қаланың қауіпсіздігін, экологиялық тепе-теңдігін және тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Анықтама
Еске салсақ, 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Министрлік Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы функциялар мен өкілеттіктерді бере отырып, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен бөлу жолымен құрылды. Ведомствоның алдында стратегиялық міндеттер тұр…
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718