Шет тілінде оқуға үйрету және оқылым дағдыларын дамыту

Тулегенова Айару

М.Өтемісов атындағы

БҚУ студенті

Тілді екінші тіл ретінде оқып-үйренудегі басты мақсат – сөйлеу әрекетін меңгеру екені белгілі. Тіл үйретуде сөйлеу әрекетінің түрлері – оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылымды қатар дамытып отыру маңызды. Бұл дағдылар үйренетін тілде еркін қарым-қатынас жасауға, өзгелермен пікір алмасып, өз көзқарасын білдіре алуына, өз ойын сауатты және жүйелі түре жеткізе алуына, қажетті ақпаратты тиімді қолдана алуына ықпал етеді. Одан бөлек тіл үйренуші тың ақпаратты оқып, тыңдап қана қоймай, өзіндік қорытынды жасап, сыни тұрғыдан бағалай білуге қол жеткізе алады.

Осы төрт дағдының ішіндегі ең маңыздысы – оқылым дағдысы.Себебі оқудың тиімді жолын меңгеру арқылы адам еркін ойға, сауатты сөйлеуге, тіл иесі – халықтың ұлттық ерекшелігін, өзіндік болмысын, даралығын, дүниетанымын түсінуге, астарлы ойын ажыратуға төселеді. Тіл үйретудегі оқылымның дұрыс жүргізілген әдістемесі тілді еркін меңгертуге үлкен ықпал етеді. Тілді екінші тіл ретінде меңгерту барысында оқылым мәтінінің танымдық, зерделік, ақпараттық, жанрлық сипаттарын ажырата білуден бөлек, оны ой мен сананың бірлігінде қабылдауды жүзеге асыру көзделеді. Оқылым сөздер мен тіркестердің мағыналық тұтастықта бірлесе келіп, тіл үйренушіге жинақы мазмұндағы ақпаратты жеткізуімен ерекшеленеді.

Оқылымның мақсаты – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдау және түсіне білу десек, осы арқылы керек мәліметті жинақтаған тіл үйренуші оны қажетіна жаратады, ойлау жүйесін дамытады. Танымы кеңейіп, сөз саптау ерекшеліктеріне, тіл меңгеру дағдыларына бейімделеді. Танымы кеңейіп, сөз саптау ерекшеліктеріне, тіл меңгеру дағдыларына бейімделеді. Сөздердің негізгі мағынасынан бөлек, ішкі астарын, қосымша реңкін, эмоционалды-экспрессивті әлеуетін ажыратады, жанрлық тұтастықты қабылдай біледі.

Оқылым рецептивті, яғни қабылдаушы дағдылар қатарына кіреді. Оқылым әрекеті кезінде көру және ойлау мүшелерінің көмегімен коммуникативтік қарым-қатынас жүзеге асады. Оқылым кезінде тіл үйренуші қажетті, жаңа ақпаратпен танысып, оны өз өмірлік тәжірибесі сараптамасында түсінуге әрекет жасайды. Оқылым арқылы тіл үйренуші өз таным көкжиегін кеңейтеді, сыни ойлау жүйесін дамытады. Сондықтан бұл дағды терең танымдық әрекетті талап ететін психикалық үдерістің арқасында жүзеге асады. Дегенмен бұл дағды сөйлеу әрекетінің басқа түрлеріне қарағанда жүзеге асырылуы жағынан ең жеңілі.

Мәтіндегі тіл үйренушіге біршама таныс кейбір сөздерді тұтас қарамай оқу әдісін де меңгеру маңызды. Тіл үйренудің бастапқы кезеңінде тіл үйренуші бар назарын жеке сөздердің жазылуы мен беретін мағынасын есте сақтауға шоғырландырады. Сөздікпен жұмыс істей отырып, жекелеген сөздердің мағынасын тануға ұмтылып, мәтіннің жалпы мазмұнын ұғуға тырысады. Сол себепті тіл үйренушіге бейімделіп, өңделген шағын, жеңіл мәтіндер ұсынылады.

Оқылым маңызды құзыреттілік болуымен қатар, бірнеше дағдыларды біріктіретін жиынтық білімге негізделеді. Себебі онда грамматикалық құрылымдарды есте сақтауға мүмкіндік берілуден бөлек меңгеріп жатқан тілде сөйлеуге және айтылым әрекетін де жетілдіруге бейімдейді. Оқылым әрекетінде ақпараттың негізгі әрі жетекші көзі болып саналатын кітап, газет-журналдарды оқып-түсіну, оны талдай алу мақсаты алдыңғы орынға шығады.

Тілді меңгерудің бастауыш, орта, жоғары деңгейлеріне сай мәтін түрі таңдалып алынады және мәтіндегі сөздер саны саналады. Баспа өнімдеріндегі, интернет ресурстарындағы әртүрлі жанрлар мен стильдегі мәтіндерді оқу кезінде ең алдымен ақпаратты жинақтау, іріктеу, қабылдау, түсіну, өңдеу қажеттілігі туындайды. Алынған ақпаратты өңдеу үшін оқылымның барлық түрін меңгеру қажет. Оларға аналитикалық оқу, синтетикалық оқу, дайындықты оқу, дайындықсыз оқу, аударма арқылы оқу, аудармасыз оқу, негізгі оқу, қосымша оқу, шолып оқу, жылдам танысып оқу, іздей, зерттей оқу, түсініп оқу, шапшаң оқу, т.б. секілді көптеген дағдылар жатады.

Қорытындылай келе оқылым дағдысы арқылы тіл үйренуші мәтінді және оның мазмұны мен мақсатын, тілін түсінуге, негізгі ойды анықтауға және мәтіннің құрылымдық бөліктерін, мәтіннің стилі мен типін анықтауды, оқылған мәтін негізінде сұрақ құрастыруды, әртүрлі деректерден қосымша ақпаратты айқындауды және мәтіндерге салыстырмалы сараптама жасауды меңгереді. Егер оқу дағдысын қалыптастыру мақсат етілсе, онда мәтіндерге салыстырмалы анализ жасау арқылы тіл үйренуші, алдымен, мәтін мазмұнын меңгеруі керек. Тек содан кейін ғана нақты берілген мәтінде автордың нені көздегенін, кімдерге арнағанын, автордың сол мәселеге байланысты қандай көзқараста екенін, оқырманға жеткізу үшін қолданған тілдік бірліктерін саралап, сараптама жасауға дағдыланады. Оқылым дағдысы арқылы білім алушының танымы кеңейеді, ойлау жүйесі дамитын болады.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *