«Жаргон сөздердің тіл саламаттығына әсері»

Баетова Жансая Кайратовна        

        Қазақ тілі өзінің тазалығымен, байлығымен ерекшеленеді. Әлемдегі тілдердің ішінде бұлақтың мөлдір суындай таза тек қазақ тілі десек те болады. Дегенмен бүгінгі таңда тіліміздің салмағы түсіп, жұқарып бара жатыр. Соның бірден бір себебі жастар арасында жаргон сөздердің кең етек алуы. Жаргон сөздер күнделікті өмірде жиі қолданылғанымен, әдеби ортада түрпі естіледі. Соның әсерінен тіліміз өзінің қадір-қасиетін біртіндеп жоғалтуда.

        Дамыған заманда жасөспірімдер өз эмоцияларын жаргон сөздер арқылы еркін жеткізгенді жөн санайды. Таза қазақ тілінде сөйлеу немесе әдеби сөйлеу олар үшін ерсі,тіпті ұятты болуы мүмкін.Заман ағымына сай жаргон сөздер ескіріп, басқалары пайда болып жатады. Бой жеткіп келе жатқан жастардың ортасына кіріп кетсең «құлаққа лапша ілу», «тормозы ұстап қалды», «типаж болу», «косякқа кірді», «қуғынбай», «найс» сияқты сөздерді жиі естисің. Бай ана тіліміз аздық еткендей өзге тілдердің сөздерін де шұбарландырып алған. Әріптері түсіп қалған немесе қысқарған сөздер де шұбырып жүр. Жаргон және сленг сөздерді көп қолданғанның әсерінен өз ойларын еркін әрі нық жеткізуден де қалуда. Ал сол жаргон сөздердің пайда болуына жасөспірімдердің шет елдерге еліктеуі үлкен ықпалын тигізіп отыр. Басқа тілдердің сөздерін араластырып сөйлеу олар үшін «мода» саналатыны белгілі. Жастар арасында қолданылып жүрген құлаққа жат сөздер бүгінде олардың сана сезімін улап бара жатыр. Ата-бабаларымыз тіліміздің құндылығын дәріптеп, қазақ тілінің еркіндігі үшін күресіп, амат ретінде қалдырды емес пе? Өскелең ұрпақтың сөйлеу мәнері осылай қалыптасса еліміздің ертеңі не болмақ? Әрбір ұлтты еркін,тәуелсіз ететін оның тілі емес пе?

        Ғабит Мүсірепов атамыз «Ана тілі дегеніміз – сол тілдің жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мəңгілік мəселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана оны аяққа басады» деген екен. Сондықтан да әрбір азаматтың өз тілінде таза сөйлеуі хақ. Өзгелерге ерекше әсер қалдыру, өзіңді басқа қырыңнан көрсету үшін немесе мақтану үшін тілімізді ластаудың қажеті жоқ.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *