Халық ауыз әдебиетінің бала тәрбиесіндегі маңызы
Тіл ұлт мәдениетінің қайнар көзі. Әр халықтың ұлт дәстүрінің сана сезімінің сөйлеу, ойлау тәсілінің мінез -құлқының, мәдениеті мен әдебиетінің айрықша белгілері тіл арқылы бейнеленеді Тіл өнерінің құнын халқымыз өте биік бағалап, «өнер алды – қызыл тіл» деген.Тіл адамның өмірлік қажетін өтейтін қатынас құралы, сондықтан баланы дұрыс сөйлей білуге үйретудің маңызы зор. Балабақшада тәрбиеленіп жүрген баланың тілі де, ой – өрісі де үйде жалғыз – жарым өскен баладан анағұрлым жақсы дамиды. Онда баланың тілін жаттықтырып, ойын дамытуға көп көңіл бөлінеді, әсіресе баланың жас ерекшелігіне қарай айтылатын қызық та тартымды өлеңдер, тақпақтар, жаңылтпаштар бала ұғымын кеңейтумен бірге, дыбыстарды дұрыс айтып үйретуге баулиды, сөздік қорын байытады. Қазіргі заманда жас ұрпағымызды өз ана тілінде, өз халқының рухында тәрбиелеуіміз қажет. Ана тілін дамыту жұмыстарын қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған ауыз әдебиеті негізінде ұйымдастыру тиімді тәсіл. Өйткені ұрпақтан – ұрпаққа мұра болып келе жатқан халық шығармашылығы ғажайып ертегілері, мақал – мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар – тәрбие әліппесі, өнер көзін. Қандай ертегіні алсақ та ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиғаның басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегілер өмірде болып жатқан әр түрлі оқиғаларды бейнелейді. Мысалы: «Үйшік» ертегісінің мазмұны балаларды достыққа, кішіпейілдікке, еңбекке, ауыз бірлікке тәрбиелеу. Өз тәжирибемде балаларға ең алдымен ертегіні ауызша айтып беремін. Сонан сон, айтылған ертегінің мазмұнын толық қабылдау және тіл байлықтарын арттыру мақсатымен түрлі көңіл көтеру өйындарын өткіземін. Балалар ертегіні сахналаған кезде, өздерінің қалаған кейіпкерлерінің сөзін жатқа айтып отырып, мінез – құлқын, іс – әрекетін көрсетуге тырысады. Басқа «Бауырсақ», «Шалқан», «Түлкі мен қоян», «Мақта қыз бен мысық», «Қызыл телпек» деген ертегілерді де осындай жоспармен таныстырамын.
Халық ауыз әдебиетінде ерте заманнаң келе жатқан өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының көркем жиынтығы мақал мен мәтелдер арқылы да беріледі. Қазақтың мақал мәтелдері негізімен елдікті, ынтымақты, бірлікті, адамгаршілікті, инабаттылықты қамтиды. « Менің Қазақстаным», «Отбасы», «Менің ауылым», «Балабақша» тақырыптарын өткенде мақал – мәтелдер жиынтығын пайдаланамын.
Отан отбасынан басталады.
Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
Жері байдың, елі бай.
Отансыз адам, ормансыз бұлбұл.
Қонақ келсе, құт болар.
Құтты қонаққа, тәтті тамақ.
Өнерлі бала сүйкімді.
Әдепті бала жол сілтейді, әдепсіз бала қол сілтейді.
Әдептілік белгісі иіліп сәлем бергені, жақсы достың белгісі көп кешікпей келгені.
Халықтық шығармалар ішінде жұмбақтар үлкен рөл атқарады. Жұмбақтар баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой – қиялын ұштастыруға көп әсер етеді. Әр сабақты тақырыптарына сәйкес жұмбақ айтудан бастаймын
Көрсетеді сөйлейді, өзі ешкімді көрмейді.(телевизор)
Басып озды құсты, қанат қақпай ұшты (ұшақ)
Құйрығы жерге тимейді, жотасы күнге күймейді (балық)
Екі аяқты бір ізді, адам мініп жүргізді (велосипед)
Күнімен түнімен, көшіп жұр үйімен (тасбақа)
Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыста, айқын сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр жаңылтпаш. Жаңылтпаш арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге , және дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйретеді. Халық ауыз әдебиетін бала – бақшадан бастап пайдалану баланың тілін дамыту үшін, тілге, әдебиетке деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда, ой – өрісін кеңейтуде білімдік тәрбиелік маңызы зор.
Ара, ара, аралар
Орманның бойын аралар
Гүлдерден сорып бал алар
Алысқа ұшып бара алар
Бал тәтті ғой балалар ?
Қабат- қабат үй салдық
Үйлер толы күй сандық
Күй сандықтан үй салдық
Күй сандыққа күй салдық
Түйе маған шұбат береді
Шүбат маған қуат береді
Щетка, щетка, щеткалар
Неше түрлі щетка бар
Бірі тісті жуады
Бірі шанды қуады
Менің мақсатым: Жеке тұлғаның өздігінен жүзеге асуына болашаққа бейімделуіне ықпал ететін баланың әлеуметтік рухани сапасын қалыптастыру ынталықты, ойлау қызметін, еркіндікті, өзін шығармашылық жағынан көрсете білу қабілетін дамыту.