Көңілді жарыстар. (эстафеталық ойындар)
Маденов Сабит Ордабекұлы
Тақырыбы: Көңілді жарыстар. (эстафеталық ойындар)
Мақсаты:
- Оқушылардың денсаулығын, белсенділігін нығайту, ептіліктерін, шапшаңдықтарын, батылдықтарын байқау. Денсаулығын күтуге, бағалауға тәрбиелеу. Спортқа деген қызығушылығын арттыру.
- Жас ұрпаққа салауатты өмір салтын сақтауға, денсаулықты күтіп, қадірін түсінуге, салауаттылыққа тәрбиелеу.
- Ойын барысында барлық балалардың қатысуын, анық, дұрыс сөйлеулерін қадағалау.
Көрнекілігі: Суреттер, шар, доп, арқан, қима қағаздар.
Меңгерілетін сөздер: Қатарға тұрамыз, жарысамыз, жүгіреміз, секіреміз, ойын ойнаймыз.
Жарыстың өтілу барысы:
І. Сәлемдесу.
ІІ. Таныстыру.
ІІІ. Ұлттық және эстафеталық ойындар.
- Қорытынды.
Мұғалім:
- «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі».
Таза ауа, спорт болсын дәріміз,
Еңбек етіп келгенінше әліміз.
«Алға!» – деген бір-ақ мақсат ұстанып,
Сайысқа аттанайық бәріміз!
Мұғалім:
- 7-8 сыныптар арасындағы жарысымызды бастаймыз.
1-топ: «Мерген» тобы.
2-топ: «Шымыр» тобы.
3-топ: «Жүйрік» тобы.
«Мерген» тобы:
- «Мерген» тобынан «Шымыр», «Жүйрік» топтарына жалынды сәлем!
- Біздің ұран:
«Желмен бірге жарысқан,
Мерген қалмас жарыстан!»
«Шымыр» тобы:
- «Шымыр» тобынан «Мерген», «Жүйрік» топтарына жалынды сәлем!
- Біздің ұран:
«Қандай сынақ болса-дағы беріспе,
Әрқашанда үміткерміз жеңіске!»
«Жүйрік» тобы:
- «Жүйрік» тобынан «Шымыр», «Мерген» топтарына жалынды сәлем!
- Біздің ұран:
«Жүйрік тобы алға, биіктерге самға.
Достығымыз барда, жүреміз тек алда!»
Мұғалім:
- Әділқазылар алқасымен таныстырып өтейік:
- _________________
- _________________
- _________________
(Жүргізуші ойын шартын айтып тұрады.)
1-ші ойын: «Асық ойыны» (ұлдар)
Ойынның шарты: Асықты мұртынан, жамбасынан тұрғызуды «Омпы» дейді. Омпы ойынында ара қашықтығы 10-20 адым жерге екі көмбе сызылады. Шеңбер сызылып болған соң, шеңбердің ортасындағы сызық бойына асық тігіледі. Тігілген асықты атып түсіру керек. Көп асық ұтып алғандар жеңіске жетеді.
2-ші ойын: «Ұмтылыспен жүру».
Ойынның шарты: Балалар, тізерлеп отырып, екі тізесін қолымен ұстап, жылдамдықпен мәреге жету.
3-ші ойын: «Баскетбол».
Ойынның шарты: Допты жерге соғып барып, себетке лақтыру, қайтарда допты жерге соғып келу.
4-ші ойын: «Жұптасқан ұстаушылар».
Ойынның шарты: Төрешінің белгісі бойынша топ мүшелері екеуден жұптасып белгіленген жерге жылдамыдқпен жүріп барады, кейін жүгіріп қайтады.
5-ші ойын: «Қол күрес».
Ойынның шарты: Топ басшылары мен ойынға қатысушылар, қол күшімен күреседі.
6-шы ойын: «Арқан тартыс».
Ойынның шарты: Бұл ойында екі топ ортаға шығып, арқанның екі жағына бөлініп тұрады. Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы белгіні дәл келтіріп, керіп тұрады да, екі топ тартысқа түседі. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп әкетсе, сол жағы ұтқан болып есептеледі.
7-шы ойын: «Кедергілерден өту».
Ойынның шарты: Ойыншылар белгіленген жерге кедергілерді құлатпай жүгіріп барып қайтады, ал соңғы ойыншы белгіленген жерге кедергілерді құлатпай жүгіріп барып, жалауды көтереді. Қай топ жалаушасын бірінші көтереді, сол топ жеңімпаз болады.
Қорытынды.
Мұғалім:
- Жарайсыңдар! Балалар, бүгін біз көңілді жарысымызда қандай ойындар ойнадық.
Оқушылар:
- (Ұлттық ойындар және эстафеталық ойындар ойнадық.)
Мұғалім:
- Сөз кезегі әділқазылар алқасында.
Марапаттау кезеңі.
Көрермендермен қоштасамыз: – Сау болыңыздар!