БАЛАНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ АТА-АНА
БАЛАНЫҢ БАС ҰСТАЗЫ АТА-АНА
Ұрпағына бар асыл қасиетті сіңіріп өсіруді армандамайтын адам жоқ. Ең алғашқы тәрбие баланың өмір сүріп отырған ортасы – отбасында басталады, әрі қарай балабақшада, мектепте, қоғамда қалыптасады. Бұл – өмір заңдылығы. Негізі баланың бас ұстазы – ата-ана деген тәмсіл бұрыннан бар. қазіргі ата-аналар өз міндетіне қаншалықты мән беріп жүр? Бала тәрбиесінде қателіктерге бой бермес үшін осы мәселені зерттеп көрелік.Сөз жоқ, бұрынғының тәрбиесімен қазіргі заманды салыстыруға келмейді. Ата-ананың орнын әлеуметтік желі, яғни ғаламтор нық басқанын мойындауымыз керек. Осы орын алмасушылықтың кері әсері болса керек, балалардың мінез-құлығы өзгеріп, енжарлық пен немқұрайлық санасын басып барады. Жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі,мызғымас болашағы. Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді. Баланың бас ұстазы – ата – анасы. Тәрбие үрдісінің бір тарауы отбасымен жұмыс десек , отбасынан басталатын тәрбие мектеп өмірінен жалғасын табады. Қазақтың отбасында өмірге келген әр бала ес біліп, етек жыйғанша, негізінен әке мен ананың тәрбиесінде болады. Бүгінгі мақсат-әрбір бала түбегейлі біліммен мәдениеттің негіздерін білу және олардың жан — жақты дамуына ата-ана, мектеп жағдай жасауы керек. Сондықтан сіздерге балаларыңыздың мектептен барлық мүмкіндіктерді пайдаланып білім алу мен тәрбие жұмыстарына қатыстырып өзін-өзі басқаратын азамат болуына ат салысу қажет.Бізде көптеген ата-аналар баланың кемшілігін мектептегі мұғалімдерден көреді. Отбасында мұғалімдер туралы жақсы пікір айтылса, алдымен ата-ананың мектеп, ұстаз туралы жақсы ниеті балаға жақсы әсер етеді. Ондай балалардың оқуға, білімге, мектепке құштарлығы артады. Ұстазды, адамды сыйлауы өзгеше болады. Мектеп, ұстаз туралы басқаша пікірде көңілі толмаған ойлардың жетегінде баласының алдында ғайбаттау сөздер сөйленетін болса, ол баланың мектеп, мұғалімге көзқарасы өзгереді. Оқу-үлгеріміне әсер етеді. Немқұрайлы қарап, үлгерімі нашарлайды. Ата-ана өз баласының ынтасын үйдегі тәрбие арқылы өзі жойып отырғанын білмейді.Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Мектепке келгеннен кейін ол мінез отбасында қалыптасқан тәрбие одан әрі жалғасады. Бір тәуліктің яғни 24 сағаттың 6 сағаты мектепте, қалғаны тәрбие ордасы, үнемі ата-ана болып қала береді.Баланың сабаққа саналы қарап озат оқушы болып өсуі, ол мұғалім мен ата-ананың бірігіп өсірген жеміс ағашы, немесе ұшқыр ұшақ жасаумен тең десем артық емес. Дұрыс өспеген жеміс ағашы, дұрыс жеміс бермесе қуануға бола ма? Бір бөлшегі бұрыс жасалған ұшақты ұшырғаннан не пайда? Ол өзінде, өзгені де мерт етпей ме?Сонымен әрбір ата-ана өз баласының тәрбиелі де, саналы, мәдениетті, жүрген ортасында сүйкімді болу үшін алдымен тәрбиені өзінен бастағаны жөн, яғни оғаш қылықтармен баласына үлгі-өнеге көрсетпеуге тырысқаны жөн. Жас кезінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаған ата-ана кейін бармағын тістеп өкініп қалады. Қалай қисайтсаң солай өседі. Оның түзу жолмен жүріп білімді де саналы азамат болып өсуі біздің, яғни әрбір ата-ананың қолында.
Ендеше ата-ананың балаға ықпал ету әдістеріне тоқталар болсақ:
1 Ықпал ету арқылы баланың өзіне сенімін нығайту Нандыру, сендіру, иландыру, ақыл кеңес,іс-әрекетін қуаттау, нұсқау, қолдау, орынды көтермелеу, дәлелдеу, дұрыс бағалау, әділ ескерту, баламен санасу, пікірлес болу. Өзіне сенімі артады
2 Ықпал ету арқылы тежеу Ата-ананың балаға дегенін күштеп істеуі, қақпайлау, үстемдік пиғылын көрсету,беделімен басыну, санаспау, тартыншақ, қорқақ, ырықсыз,өтірік,жігерсіз,жалтақ
3 Ықпал ету арқылы қуаныш сезімін ояту Орынды мақтау, мадақтау, көңілін көтеру, демалысын ұйымдастыру, керекті деңгейде қажетін өңдеу. Көңілі өсіп марқаяды,батырлық, өзіне сенімі, өмірге құштарлығы, қабілеттері ашылады
4 Теріс әрекетке түрткі болатын әдістер Баланың ырқына көну, еркелету,балаға мән бермеу,бақылаусыз қалдыру, жәбірлеу, зекіп ұрсу,орынсыз кінәлау,алдау,мазақ ету, нашар үлгі көрсету Қырсық, өзімшіл, жалқау, рақымсыз, ұқыпсыз, ынтасыз, озбыр, бірбеткей, қатыгез.
Шын мәнінде бала тәрбиесі қателікті кешірмейді. Жауапкершілікті сезіну – үлкендердің міндеті. Бала өсіп келе жатқан жас шыбық. Оны қалай исең, солай өседі, бұғанасы қатқанша ақ пен қараны ажыратуға көмектесу керек. Бұл жайында психолог Мейірбек Маханбетжанов былай дейді:
– Кез келген ата-анамен әңгіме құрсаңыз, бесіктен белі шықпаған баланы жұбату үшін қолына ұялы телефон береміз дейді. Сондағы әуенді тыңдап, тынышталатын баланың бойына қандай қасиет сіңіріп жатқанын ойламайды. Ал осы өзге тілді әуеннен гөрі анасы бесік жырын айтып, баланы жұбатса, одан ұтылмасымыз анық. Бұл көп ретте ата-ана мән бере бермейтін үлкен қателік.Сонымен қатар әрбір ата-ана баланың көңіл күйін де ескеруі керек. Бала ашуланып, дел-сал күйге түскенде ең алдымен көмекке келетін де оның ата-анасы. Жақсы тіл табысу, түсіністік таныту маңызды. Дауыс көтерудің ешқандай пайдасы болмайтынын біліңіз. Керісінше жағдайды ушықтырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан байсалдылық танытсаңыз, балаңыз өзін қорғайтын адамның бар екеніне көзі жетіп, жағымсыз эмоциядан тезірек шығады. Бастысы балаға жақсы дос болсаңыз, сіздің жақсы қасиетіңізді көзімен көріп, өз бойына сіңіруге дағдыланады. Сонымен қатар телефонды шексіз қолданатын балаларда қорқыныш, үрей пайда болуына байланысты невропатолог маманы бақылауға алады. Айта кететін жағдай, телефоннан көретін ойындары тікелей балалардың жүйке жүйесіне, психикасына әсер ететінін ескеруіміз керек.Психологтың айтуынша, балаңызбен неғұрлым жақын болсаңыз, сіздің айтқан сөздеріңізді сын ретінде емес, кеңес ретінде қабылдайтын болады. Ал телефонға тәуелділіктің соңы жақсылыққа әкелмейтіні мамандар тарапынан дәлелденген. Яғни уақытты оздырмай телефонды қолдануға шектеулі уақыт беру – телефон тәуелділігін алдын алады. Балаңыз көп уақытын телефонмен емес, сізбен өткізуді қалайтындай жағдайға жетуі тәрбиенің жақсы жолға қойылғанының белгісі.Ата-ана өз баласы үшін нағыз үлгі болса, берген тәрбиең де текке кетпейді. Бала көргенін істейді деп жатамыз. Бұл сөздің астарында шындық жатыр. Әке қанша жерден дұрыс тәрбиелеп жатырмын деп өзі баланың көзінше шылым тартып, бей-әдеп сөз сөйлеп, өтірік айтса, бала да айна қатесіз солай жасайды. Оның психологиясында «әкем де солай жасады, маған неге болмасқа» деген саналы ой тұрады. Яғни бала көргенін істейді. Сол себепті дұрыс жол ол – өз ісіңе мұқият болып, теріс әрекет жасамау. Бала өз ата-анасын үлгі тұтып, жетістікке жетудің жолын үлкендерден алу керек. Ал күн сайын балаңыздың немен айналысқаны туралы ашық әңгіме құру, жиі сөйлесу бала үшін маңызды. Әрбір жетістігін мадақтап, бірге қуану бала үшін отбасы ең бақытты мекен екенін сезіндірсе керек. Шындық пен өтірікті, жақсы мен жаманды ажыратып балаға ұғындыру – ата-анаға қасиетті парыз. Ертеңгі күні өкініш өзегіңізді өртемесін десеңіз, бүгіннен бастап тәрбиеге аса мән беріңіз. Бұл сіздің тарапыңыздан ел болашағына қосқан үлесіңіз екенін ұмытпаңыз.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718