Ғалалдин Мамиковтың “Біздің қазақ балаласына не қылғанда басқа жұрттарға теңерлеуі хақында біраз кеңес” мақаласының мәні

Ғалалдин Мамиковтың “Біздің қазақ балаласына не қылғанда басқа жұрттарға теңерлеуі хақында біраз кеңес” мақаласының мәні

Өркениеттің даму даңғылында ентелеп келе жатқан бірнеше мемлекет бар: түзу басып, тоқтаусыз алға ұмтылатындары да, соқтықпалы жолдарда қалып қоятындары да көп. Ал “Қазақстан” мемлекетін аталған екі топтың қай түріне жатқызамыз? Автор көңіліндегі қорқынышқа да, күйінішке де себеп болған осы сауал. Ұлтсүйер ұланның жаны езілер бұл тақырыпты Ғалалдин атамыз білім- ғылым тұрғысынан талдап, халқымыздың дамуына, өсіп-өркендеуіне, білім алуына тұсау болып отырған қазақ болмысының кей кемшілігін сынға алады.
Автордың айтуындай, сауық-сайранына мәз болып, еш қамсыз күн кешіп жатқан біздің халықтың болашағы қандай болмақ? Бүгінде еліміздің күн көрісі, тұрмысы қай деңгейде? Ол тұрмысты жақсартпаққа не істеу керек? Америка, Қытай, Ресей сынды алпауыт мемлекеттермен тереземіз тең деп қымсынбай айта аламыз ба?
Әрине, бұл сұрақтардың жауабы белгілі, әрқайсысымыздың да ішіміз біліп тұр, еліміздің озық елдер қатарында көш бастап, алға шықпасын, шықпақ үшін орасан зор еңбектің, білімнің қажет екенін.. Алайда, елімізде оған алаң етіп, оны қайғы қылып жатқан жандар аз.
Сөздің турасында, біздің халық қым-қуыт тірлігінен өзгені мәселе деп танымайды. Көзіміз көрген біраз жандар бар. Бар қайғысы қайтсем өзгені шаң қаптырамын, қайтсем өзгелерден үстем боламын, одан қалса ел- жұртқа абыройлы, бай- қуатты боп танылуға талпынады. Бос сөзбен саясатты талқылауға құмар, өзгенің өмірін өсек қылғанды жандары сүйер арызшыл жандарды есепке алмағанда, әлбетте…
Бәлкім, ауылдың көреген ақсақалдары, данагөй, ақылман абыздары, тіпті шебер саясаткерлері де көп болар. Алайда, ел болашағына титтей үлес қоса алмаса, ол пақырлардан қайыр бар ма? Көпшіліктің көкейіндегі жаңсақ пікірді жою керек. Ұлтымыздың дамуына үлес қосу үшін тұтас ғұмырды құрбан ету, қоғамдық істерде белсенді болу шарт емес, мәселе ұрпақ тәрбиесінде болып отыр. Халқымыздың білімді жастарға тәуелді, мұқтаж болып отырғанында.
Бүгінгі күні елім, жерім деген Отансүйер, ұлтқа жаны ашыр, дарынды азамат өсіре алмай отырғанымызға не дау айтпақпыз?! Халқымыз билікке арыздануға, саясатқа араласуға шебер болса да, әлі күнге ұлтымыздың тағдырын аманаттайтын ұрпақтың, ол ұрпаққа білімнің қажет екенін түсінер емес. Аталмыш мақаланы жазу барысында Ғалалдин атамыздың кеудесін осы күйініштің өртегені анық.
Әуелгі сөйлемде қазақ жұртының білім, ғылым тұрғысында төмен халық екендігі, ойнап-күлгенге мәз болып, алаңсыз күн кешетіні айтылады. Ащы да болса ақиқат емес пе? Ертеңін ойлайтын, өз күнімізді ертеден қамдайтын халық болсақ, өз зиялыларымызды өзіміз құртып, өз жарамызға өзіміз тұз сеппес едік. Білім алуды, дамуды теріс көрмес едік.. Бұл өткеннің еншісінде қалған мәселе десек те, бүгінгі күні оның орнын басқан сауатсыздық дерті бар, интернет кеселінен өрши түскен сауатсыздық дерті..
Қазір оқусыз қалған ешкім жоқ, елден қалма деп әр ата-ана баласының жақсы жерден білім алуы үшін жан ұшырып жүгіреді. Бірақ бала ата-ананың сол үкілеген үмітін ақтап жатыр ма?. Атақ- абыройымен қос диплом иеленген сауатсыз мамандардан талай зардап шектік емес пе? Қолдарынан іс келмейтін сауатсыз жастар көбейіп жатса біз несіне кеуде соғамыз?
Шынтуайтында, біздің таным кеңістігімізде есепке алынбай қалып кеткен білімді, озық ойлы азаматтар да көп болар. Ал оларды біздің көрмейтініміз, олардың алға жүруіне кедергі келтірушілер көп. Олардың жарқылдап, күллі жұртымызға шуағын шашуына бөгет болушылар көп. Бұл да қазаққа сіңген кесірлі мінез-құлықтың бір кемшілігі. Біріміздің жолымызды біріміз кесеміз, біріміздің аяғымыздан біріміз шаламыз, басқаны мойындауға батылымыз жетпейді… Өзгеден дара туған, нар тұлғалы, халықтың қамын жейтін абзал азаматтарымызды біз әсте бағалай алмай қалып жатамыз..
Қазақ елінің қарыштап дамуына мүмкіндік бермейтін әуелі , міне осы кемшіліктері. Одан кейін білім, ғылым тұрғысында төмендігі..Ғалалдин Маликовтың бұл мақаланы жазудағы негізгі мақсаты- қазақтың кемшілігін жария етіп, тектілігіне мін тағу емес, оқуға жол ашып, халық санасын ояту..
Білім – бақтың жібермейтін қазығы
Білімсіз бақ әлдекімнің азығы.
Біздің халыққа ендігі керегі осыны терең түйсініп, ел асылдарының ақыл-ойға толы қазынасын пайдаға жарату, мемлекетіміздің дамуына үлес қосу. Тек осы ұстанымды қаперімізден шығармасақ, біздің үлкен белестерді бағындыратынымыз, ұлт ретінде өзгелерден үстем болатынымыз шүбәсіз..

Сейдигалымова Жалын
ҚазҰУ-дың 1курс студенті

Жетекшісі:
Фил.ғ.к.,доцент Р.С.Жақсылықбаева

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *