ЖАС ҒАЛЫМДАР СЫНҒА ТҮСТІ
Жас ғалымдар сынға түсті
Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Ә.Молдағұлова атындағы № 34 жалпы білім беретін мектепте 2-11 сынып оқушылары арасында ғылыми жоба байқауы болып өтті. Байқаудың басты мақсаты – балалардың зерттеу дағдыларын дамыту және бастауыш, орта және жоғары жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін ынталандыру. Байқаудың негізгі міндеттері – ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылық танытатын, қабілетті және дарынды оқушыларды анықтау және қолдау, оқушылардың үздік жетістіктерін көрсету және насихаттау, өзара қарым-қатынасты ұйымдастыру, қоғамның зияткерлік әлеуетін дамыту проблемаларына қоғам назарын аудару, жеңімпаздарына аудандық байқауға жолдама беру болды. Бұл ұйымдастырылған мектепішілік байқауға 11 жұмыс іріктеліп алынды.
Сарапшылар жоба жұмыстарының ғылыми жаңалығына, қойылған міндеттердің шешімділігіне, материалдардың толықтығымен логикалық байланысына, алынған нәтижелердің теориялық маңызына және ғылыми жұмыс әдіснамасының тиімділігі мен ғылымы жобаға қойылатын талаптардың сақталуына аса мән берді.
Тартысты да қызық өткен байқауда жас ғалымдар өз жобаларын қорғап шықты. Байқау нәтижесінде 3 «Б» сынып оқушысы Г.Кузенбаева (жетешісі Б.Ермахамбетова) «Тұздың құпиясы» жобасымен «Жас ғалым» номинациясының иегері атанса, жүлделі ІІІ орынды 6 «Ә» сынып оқушысы Оралбай Нұрислам (жетекшісі Қ.Карабашева) «Влияние мультфильмов на речь» жобасымен, 10 «А» сынып оқушысы Утеулиева Аружан (жетекшісі Тәңірбергенов А) «Қазақстандағы 1929-1931 жылдардағы көтерілістер тарихы» жобасымен және 10 «Ә» сынып оқушысы Нұрқабыл Сабина (жетекшісі М.Қалила) «Фильмдер арқылы ағылшын тілін меңгеру» жобасымен жеңіп алды. Байқауда жүлделі ІІ орынды 9 «А» сынып оқушысы Ерқожа Зарина (жетекшісі Г.Утабаева) «Математика біздің өмірімізде» жобасымен және 7 «А» сынып оқушысы Рахым Айназ (жетекшісі М.Мырзаева) «Мектеп борының сырлары» жобасымен жеңіп алды. Ал І орынды командалық құрамда «физика,техника, жер және ғарыш туралы ғылымдар» бағыты бойынша қатысқан 11 сынып оқушылары (жетекшісі Жайлыбаева А) «Электр тогын үнемдеу» жобасымен жеңіп алды. Командалық құрамда бітіруші сыныптың оқушылары Кузенбаев Нұрислам және Сағилаш Темірлан болы.
Жеңімпаздар мектеп директорының арнайы дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Жас ғалымдарға алдағы уақытта болатын байқауларда сәттілік тілейміз. Сондай-ақ, жас ғалымдардың жобаларына жетекшілік жасаған ұстаздарға мектеп әкімшілігінің атынан алғыс білдіреміз.
Юсуп Давлатов
Мектеп директорының бейіндік оқыту, ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718