Заман мен заң
Aiken Turganbek
Қалыптасқан мемлекеттің негізгі күші ол – заң. Тақта-тақта тарихы бар замана турасында не бір заң жүйелері мен ескірмейтін ережелер болған. Олар әлі күнге дейін өзінің күшін жоймай, белгілі бір қоғам айналасында пайдаланылып келеді. Оған мысал Жапонияның 1603 жылдан бастап жүзуді пән ретінде мектеп оқулықтарынан алып тастауы. Әлі күнге дейін 420-жылдық заң жобасы негізін жоғалтпаған. Әлем тарихының тақтасында бұданда ертерек кезеңдерде қоғам айналасындағы заңдар болғаны баршамызға белгілі. Мысал мақалаға тұздық болсын.
Ата заңымыздың отыз жылдық тарихы айналасында не бір өзгерістер мен реформалардың болғаны жасырын емес. Бірақ мен заң деген дүниенің халық арасындағы негізгі баламасына тоқталғым келеді. Кешегі өткен асыл бабаларымыздың заң жобалары ше? «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» , Әз Тәукенің «Жеті жарғысы». Бұлардың барлығы да тұнып тұрған, тұнығы лайланбаған ата заңдарымыз еді. Сол шақтарда қара қылды қақ жарған бабаларымыз халықтың әлеуетіне қарап, тұрмыстық жағдайына назар салып, ортақ дін мен ділдің ұштасуына күш салғаны кемеңгерліктің келбетінен дер едім.
Қазіргі таңда біздің ата заңымыз ше? Әрине «келісіп пішілген тоң келте болмас» деген сөздің айналасында, оны да ешкім ерігіп шығарған жоқ. Бірақ сол заңымызды заңгерлерді дайындайтын жоғарғы оқу орынындағылар мен кәсіби заңгерлеріміз білмесе, қарапайым халық білмейді . Демек заңымыздың сырдың суындай, қырдың самалындай көпке ортақ құндылықтар аясында жасақталмағанын аңғарып қаламыз. Бүгінде тауық ұрлаған мен түйені түбімен жұтқанның баратын жері бір. Бұған нені кінәлаймыз? Әр саланы меңдеген жемқорлықты ма? Әлі кемеріне жетіп толыспаған заңымызды ма? Кеше ғана сан ғасырлық езгіден арылған халқымызға діні мен тілін, дәстүрі мен ғұрпын, салты мен санасын негіздеп тұратын тұрлаулы ереже мен тұрақты заңның керегі жасырын емес. Біздің қоғамға сыртқы көзқараспен қарасақ екіге бөлініп кеткен. Бірі орыс тілді, бірі қазақ тілді қоғам. Орыс тілділердің өз құқығын сот арқылы қорғап, заң арқылы қауіпсіздігін сақтайтын сауаттылық деңгейі жоғары. Ал қазақ тілді ортада ол өте төмен. Тіпті аударманың өзі дұрыс жасалмағанын бәріміз білеміз. Осыдан кейін жанары төмен жасыған, салы суға, еңсесі қара тартқан қазақты көрсең кімге өкпе артасың? Осы орайда Абылай ханның «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік» дегені шарасыз еске түседі.
Ғапыл дүниеде адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Бұл біздің заңда жазылған дүние. Бірақ, біз қазір заңды орындамайтын емес, адам өмірін бағаламайтын қоғамда өмір сүреміз. Оны мойындау қажет. Заң мен заман үндестігі алғашқы бапта күшін жойған сыңды. Адам өмірі, іс-әрекеті, құндылығы мен қасиеті әсте заңға бағынады, бірақ, дүние дейтін есепсіз, ар мен ұятты ұмыттыратын, иман мен жанды садаға қылатын құштарлықтан аттап өте алмадық-ау. Абай атамыз айтқандай: «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек». Босанбас буын, сәрә біздегі жазылған бірақ, әлсіз заң болса керек. Заң ба күшіне ене алмаған, заңнан бейхабар адамдар ма, заңға бағынбайтын қоғам ба кінәлі. Заңның орындалуын талап еткенімізбен, кінәні заманға жапқанымызбен, біз адамдар сол заңды орындауға дайынбыз ба? Біз заманның бөлшегі, заңды жасайтын да, орындауға міндетті де
және сол заңды бұзатын да өзіміз. Кінәні кімнен, үндестікті неден іздейміз? Егер түйткілдің жауабы осы болса. Әлде, әке-көке мен еркелікті, дүниенің қызығын, майлы асты, ақша мен ашкөздікті, ар мен ұяттан жоғары қоюдың деңгейінен аса алмадық па? Абай атамыз кезінде, «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?»- деген екен. Бірақ, бұл кезінде дегеніммен, әліде талайдың жеп, талайдың желініп, біреудің бағы емес, қалтасының қамы еселеніп, енді бірдің есесін өзгеге жіберер дерті.
Қорытындылай келе, 30 жылда орда бұздық па, жалпағынан заңды бұздық па, ол өзімізге аян. Біз әліде сол тәуелсіздік жылдарынан бері заңды орындаумен емес тек өзгертумен әуреміз. Әліде талай заңның жазылып, жазылған заңның өзгертілері анық. Үндестігін де табар. Егер, әр адам малын жанының садақасынан емес, жанын арының садақасын биік қойса. Егер, өз құқығымызды білетіндей сауатты, өз есебімізді өзгеден талап ете алатындай талапшыл болсақ.