ЭКСКЛЮЗИВ: Ұмытылған оқиғалар
Менің анамның әпкесі, нағашы әпкем, «Алия мамам», балабақшада қызметте болған тәрбиеші, ұлағатты ұстаз, мейірімі мол, пейілі ақ жан. Өмірінде талай қиындықтарды басынан өткерді, төтеп берді, шыдады, сан соқпақты төзе білді. Қазір елуден асты. Өзі бірде таксиде Қапалға қатынағанда, жолаушылардан мынадай деректі, өмірде шынайы болған әңгімені естіген екен.
Сонау 1980жылдары қыстың қаһарлы бір кешқұрым уағында анасы мен баласы жолда кетіп барады. Аяқ басқанда шарт-шарт еткен қар дыбысы мен үнсіз тыныштық. Трасса бойында автобустан енді түскен көрінеді. Үшарал, Сарқант жаққа бет бұрған жанұя Талдықорғаннан ары, Қапал бұрылысында тұрған болса керек. Суық жел гуілдеп, айнала мүлгіген мәңгі меңіреу үнсіздікке батқандай. Қыбыр еткен өзге тірі жан жоқ, күллі әлем жоғалып кеткендей. Дір-дір етіп тұрғанда екеуіне ақ мамық қарды басып, байыппен буы аузынан бұрқырап, ырылдаған қасқыр келе жатқан. Ашкөз қасқыр ақ қарды қызыл қанға бояйтынын ол күні кім білген? Оны байқаған байғұс ананың жүрегі ду етіп, баласын бірден ойлады. Өз жанын қимаса да, баласын алтыным деп бақты. Шыны керек, аналардың көбі сондай күш-қуатқа ие ғой, баласы үшін бәріне дайын деген бос сөз емес екенін тағы мәрте дәлелдеді. Келесі автобусты күткен екеу, аялдамада тұрған. Анасы өз қарғасын аялдаманың үстіне көтеріп үлгеріпті. Қасқыр алдында өзі қалып, үлгермей қалғандықтан, таланып, ажал құшады. Сөйтіп, баласы аман қалып, анасы өмірмен қош айтысыпты. Әлбетте,қиын жағдай. Келесі күні баланы өзгелер тауып алады. Тек қасқыр біреу болды ма, бірнеше болды ма, ол жағы беймәлім. 1980-90жылдары телефон, интернет, көліктің түр-түрі жоқ болған кезде, сондай беті ашылмаған, ұмытыла бастаған оқыс оқиғалар көп. Біреу білсе мұндайды, біреу біле бермейді.
Бұдан бөлек, Алия мамам тағы бір өзімен болған оқиғасынан сыр шертті. 1990жылдар болса керек. Семейлік бір ауылға барғанда орта жолда қалған екен. Ол кезде де қасқыр атаулы көп. Айнала жым-жырт, қыс мезгілі. Абырой болғанда, жолда көлік кездесіп, ауылға жеткізіп салды. Өзі Большевик деген жерге бара жатқан еді. Жолда трассадан түсіп қалған ғой, күн батқан қараңғы кез. Автобус ол жаққа қарай бармайды, келесі біреуі келмей қойғандықтан, жаяу жүріп жетемін бе деген ой туды. Жастық шақта адамда күші, әлі тасып тұрмай ма? Сондықтан болар, әрекетке көшкен. Сөйтсе, тым алыс, тым суық жол болды. Он сегіз шақырым, оны кейін білді. Ал қайтқанда, автобус қардың ішінде қалып, тіреліп қалған. Оны жолаушылар бірігіп, күрекпен қазып, әрең шығарды. Дүлей жел соғып, қар жауып, қиын-қыстауда қалған шақ еді. Біреудің күзен қалпағы желмен ен далаға ұшып кетті. Автобусты солай итеріп, Жаңғызтөбе деген жерге жетіпті. Талдықорғанға пойызға мініп, жол тартты. Солай жолдың ортасында қалған кезі де болыпты.
Түйеріміз көп. Ең маңыздысы – қауіпсіздікті сақтау, алыс сапарға шыққанда қамдану, кешқұрым қалмауға тырысу. Өмір – кейде сан мың тарам жолын күтпеген жерден сынақ қылып даярлап қояды. Өзіңді мұндайда жоғалтпау, алдағы қадамдарды алдын ала болжау, жоспар құру – осындай оқиғалардың шығу жолы болмақ екенін есте сақтамай жатамыз. Дым көрмей, ашуға булығып, байбаламға салынамыз, дүрбелең астында қаламыз. Бұл да – кесел. Құтылу жолы бар, десек те, құлақ асатын жан жоқтың қасы…
Альмира Бауыржанқызы, әл–Фараби атындағы ҚазҰУ,журналистика факультетінің 2-курс студенті