Мағжан сенген жаңа ғасыр жастарының бірімін

 

Aiken Turganbek

 

 

 

Әбунасыр әл-Фарабидің: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін» деген пікірінің өмірмен байланысы қандай?

Жер бетіндегі әрбір елдің болашағы сол елде тәрбиеленіп жатқан жастардың әлеуетіне байланысты болатындығы әлдеқашан дәлелденген ақиқат. Бұл жайындағы талай тәмсілдер мен мысалдарды көптеп келтіруге болады. әл-Фараби бабамыздың осы пікірі мектеп қабырғасынан қанат қаққалы отырған бізге де үлкен міндеттер жүктейді.

Атақты қытай ойшылы Конфуцийдің мына сөзі барша ұлттың барша адамына арналған деп білемін: «Аспан астының көркеюі мен күйреуіне әрбір азамат жауапты». Яғни күнде құбылған әлемдік өзгеріспен саналы түрде өзгеріп, үлес қосу – ынталы жанның соқпағы болмақ. Ал менің қосар үлесім қандай болмақ? Сол жайында ой толғасам деймін.

Біріншіден, елімнің жарқын болашағына менің таңдаған мамандығымның септігі тиюі керек. Мен таңдаған мамандық – дипломат, яғни елші болу. Жаһандану дәуірінде томаға-тұйық ешкім де өмір сүре алмайды. «Елдестірмек елшіден» — демекші, елші өнер-білімі озық жұрттардың жақсысынан үйрену, жаманынан жирену жолында өз пайдасын келтіре алады. Басқанікін таңсық, өзіңде бардың бәрін қаңсық көруге әсте болмайды. Менің мақсатым – елімнің жақсысын асыру, адамзат өркениетіне зор үлес қосқан жұртымның асқақ бейнесін паш ету.

Екіншіден, бүгінгі талапты жастарға керекті бір қасиет – бірнеше тіл білу. Мен қазір төрт тілді меңгеріп отырмын. «Қанша тіл білсең, сонша рет адамсың» деген тәмсілді адамзат баласы әлдеқашан айтқан. Ал ХХІ ғасырда көп тіл білген ұтады, себебі өзгемен тең дәрежеде қатынас жасау үшін сол елдің тілін білу абыройыңды арттырады.

Үшіншіден, бүгінгі жастар қай салада болмасын, ғылым мен технологияның озығын меңгеруі керек. Себебі, дамыған жұрттар Марсқа табан тигізуге ұмтылып жатқанда, қазақ баласына қалыс қалу жараспайды. Әлемге Сәтбаев, Әуезов сынды ғұламаларды берген жұрттан бүгінгі күннің өз тұлғалары да шығары сөзсіз.

Бүгінгі қазақ жастары ғылым мен өнерде ешқандай жұрттың жастарынан кем емес деп айтар едім. «Жүз жаңа есім» жобасымен қаншама жастар өз бейнесі мен шығармашылығын танытуда. Ал өнерде Димаш Құдайбергеновтің әлемді аузына қаратуы бәрімізге мақтаныш сыйлап отыр. Сондықтан қазақ елінің жарқын болашағын жасайтын жастардың қатары үзілмейді деп сенімді түрде айта аламын.

  • Қорыта келгенде, өзгерген дүниенің сырын ұғып, өзіңді жетілдіре беру дүниедегі орныңды айқындайды деген қорытындыға келдім. Сонда ғана әл-Фараби бабамыз айтқан үдеден шығамыз деп ойлаймын.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *