Бақытты отбасы болу үшін…

   Бақытты отбасы  –  отбасы мүшелерінің  бір-біріне деген кіршіксіз махабатына ие түсінік.  Алайда, «Отбасы» атты кішкентай ғана Отанды сүйіспеншілікпен қалыптастыру оңай емес. Отбасындағы кішігірім ұрыстардың өзі  баланың ой-өрісіне , салт-санасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.Сондықтан, аталмыш мәселелер туындамау үшін және бала мен ата-ана арасындағы түсіністік пен махабатқа толы қарым-қатынас орнату үшін назарларыңызға бақытты  отбасын қалыптастыруға арналған 7 қадам ұсынамын.

1-қадам

 Отбасылық ереже – отбасылық құндылықтардың нышаны.Сол себепті отбасылық ереже әр жанұяда болуы абзал.Әлбетте, отбасылық ережелер мен қағидаларды отбасының әр мүшесімен ақылдасып жүзеге асырған жөн. Кеңес: отбасылық ережені ұялы телефондағы/ноутбуктағы canva немесе picsart сияқты сәндеу бағдарламасы арқылы жасауға болады. Дайын болған ережелерді принтер құрылғысынан шығарып, тоңазытқышқа немесе назарға ие аумақтарға іліп қойсаңыз болады. Отбасылық ұстанымдар мен қағидаларды үнемі сақтау және ережелерді бұзбау жанұяңызға тәртіп пен тыныштық әкеледі.

2-қадам

 Баланың ойымен санасу – бақытты отбасын қалыптастырудағы алғашқы қадамдардың бірі.Егер,балаңыздың өз ойы бар және өзі үшін жауап бере алатын тұлға болып қалыптасқанын қаласаңыз,балаға сөз еркіндігін сыйлаңыз. Яғни, баланың ойы маңызды екенін танытыңыз . Ол үшін ылғи да отбасылық мәселелерді талқылауда баламен ақылдасқаныңыз жөн. Нәтижесінде бала отбасында еленетінін, аса қатты маңызға ие екенін сөзсіз ұғынады. Тіпті, балаңыз келеңсіз жағдайларға немесе мәселелерге тап болса,ата-анасына деген сенім ұшқыны  бар жайтты сіздермен талқылауға әсерін тигізеді.

3-қадам

 Даму жолы – отбасылық пайдалы іс-әрекеттер бастамасы.Ата-бабамыздың сара да,дара жолын жалғастыратны тәуелсіз ұрпақ қалыптастыру өз қолыңызда.Сондықтан, құрметті ата-аналар! Балаңыз дамысын десеңіз , түрлі үйірме таптырмас дүние.Баланың қызығушылығына аса қатты ден қойыңыз.Оның кітап оқуына,шахмат ойнауына,тіпті, спорттан да хабардар болуына жол ашыңыз.Балаңыз өсе келе сізге міндетті түрде разылығын,ризашылығын білдіретін болады.Қайталаудан жалықпаймын, ең бастысы – балаңыздың пікірімен санасып,оған не ұнайтынын талқылағаныңыз жөн.

4-қадам

 Отбасылық мерекелер – бақытты отбасына айналудың негізі. Міндетті түрде отбасылық мерекелерге бей-жай қарамаңыз. Кеңес: тек қана ғаламдық танымға ие отбасылық мерекелерден бөлек жанұяңызбен бірге жеке мерелер ойлап табыңыз. Мысалы, қызыңыз немесе ұлыңыз алғаш рет мадақтау қағазын алса, отбасылық жиын салтанатын ұйымдастырыңыз.Маған сеніңіз, балаңыз бұл күнді ешқашан ұмытпайды! Тек қана баламен шектелмейміз, отбасы әке мен анадан да құралады.Сол үшін отбасылық мереке барлық отбасы мүшесіне ортақ болуы тиіс.Бұл кеңесті іске асырсаңыз, отбасыңыз бір-біріне демеу,сүйеу болады.Ең бастысы – мерекелік жиын тосын-сыйға толы,әрі,естен кетпес естелікке айналады.

5-қадам

 Жылы сөздер – махаббатты сөзбен білдірудің жақсы тәсілі.Көңілді көтеретін де,жүрегіңді қарс айыратын да сөз. Сондықтан, әр сөзге мұқият болғанымыз абзал. “Жылы-жылы сөйлесең,жылан інінен шығады” демекші, жылы сөз бәрімізге ауадай қажет. Күннің сәтті басталуы таңертеңге тікелей байланысты. Таңертең қандай көңіл-күйде болсаңыз,кеш бойы сол көңіл-күйде жүрсіз.Бұл дерек ғылыми түрде дәлелденген. Қадірменді оқырман, осы мағлұматтарға сүйене отыра, тезірек жақыныңызға жылы сөздер айтуға асығыңыз!

6-қадам

Отбасылық марапаттар – жанұяңыздың белсінділігін арттырады. Кеңес: “Ең үздік аспазшы”, “Білімгер”, “Кітапсүйер” және тағы да басқа номинациялар тағайындап, отбасы мүшелеріне апта немесе ай сайын тарту етсеңіз болады. Бұл әдіс сіздерге қуаныш сезімін сыйлары айдан анық!

7-қадам

 Жазалау әдістері – көп отбасында “таяқ жейсін” деген қысқа да,нұсқа сөз.Алайда, бұл сөзді түсінбеген балаға бірден жекіріп немесе қол көтеріп жер-жебіріне жетіп жатамыз.Бірақ бұл қаншалықты дұрыс? Үйінде зорлық-зомбылыққа куә болып жүрген баланың жүрегі махаббатқа толы болмас,керісінше жауыздық пен өшпенділік санасын торуылдайды. Баланың қоғамға қосар үлесі ерең , әрдайым өзгеге қол ұшын беруге даяр жүрегі мейіріммен көмкерілген тұлға болуы үшін жазалау тәсілдеріне аса қатты мән бергеніңіз жөн. Кеңес: жақсылыққа толы жазалау тәсілі “Мен сені жақсы көремін”. Егер үйіңізде бір емес,бірнеше бала болса және олар ұрыс-керіске тап болса,міндетті түрде оларды “Мен сені жақсы көремін” деп,бір-біріне айтуына мәжбүрлеңіз. Олардың бір-біріне деген махаббаты ашылмаса, ызасы оянбас. Бұдан басқа көңілді жазалау тәсілдерін ойлап тапсаңыз болады.

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деп аяқтаймын. Бала өміріндегі ең маңызды рөл атқаратын – отбасы. Кәусар білім мен құндылықтарды насихаттауда отбасының ықпалы зор. Отбасының берер ақылы түп санада мәңгі қалады. Сондықтан, сіз біз болып кемел ұрпаққа тек қана жақсылық пен сүйіспеншілікті насихаттауға атсалысайық! 

 

Мақала авторы: көктем гүлі Наурызқұлова Айкен.

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *