31 МАМЫР – САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ
31 МАМЫР – САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ
Есенгалиева Салтанат
Жетекшісі: Альдибаева Аида
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.
Қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау шаралары әлі де жалғасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еске алу күніне орай жасаған үндеуінде «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды», – деп тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұған дейін айтқанымыздай, жалпы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері бұл мәселеге екінші рет мемлекеттік деңгейде бет бұрып отыр. 1993 жылғы 14 сәуірде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау туралы» Заң қабылданып, бірталай адам ақталған болатын. Бірақ ол кезде шаруалар көтерілісі, бай-кулактарды жою, олардың мүліктерін тәркілеу және күштеп отырықтандыру, жаппай коллективизациялау, 1920-33 жылдар аралығындағы саясатқа қарсы көтерілген халыққа және дін өкілдеріне қатысты жаппай жазалау салдарынан құрбан болғандар аталған заңнан тыс қалған еді. Сол олқылықтың орнын толтыру бұл жолғы мемлекеттік комиссия жұмысының негізгі бағыты болып белгіленген. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» Заң жобасы әзірленіп, ҚР Президентіне мемкомиссияның жұмысы туралы баяндама дайындалуы керек. Бүгінде мемлекеттік комиссия ақтауға жататын азаматтардың 11 санаты бойынша топ-топқа бөлінген.
Сондай-ақ екі кіші комиссия бар. Оның бірі саяси-қуғын сүргін құрбандарын заң тұрғысында ақтау мен есімдерін ұлықтау бойынша әдістеме дайындауға жұмылдырылған. Ал екіншісі саяси қуғын-сүргін жөніндегі жабық архив қорларын жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру бойынша құрылды.
Бұл жұмыс тобының құрамына ҚР Ұлттық ғылыми академиясының академиктерінен, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдарынан құралған 69 адам тартылды. Ал 17 өңірде мәслихат депутаттарының, ғалымдардың, өлкетанушылардың қатысуымен консультативтік-кеңесші органдар форматында өңірлік комиссия құрылып, олардың құрамына 265 ғалым алынды.
Бұл атаулы күн – саяси дата дегеннен гөрі ұлтты тұтастыратын, өткен дәуірдің қасіреті туралы түрлі ұстанымда жүрген адамдардың бәрін ортақ диалогқа шақыратын, әлуметтік маңызы бар күн деген орынды.