Саяси қуғын-сүргін құрбаны Ораз Жандосов жайлы не білеміз?
Ғылыми жетекшісі:Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих кафедрасының профессоры Қозыбақова Ф.А.
Дайындаған:Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология факультетінің Қазақ филологиясы мамандығының 1-курс студенті Ермағанбет Ақбота.
Саяси қуғын-сүргін құрбаны Ораз Жандосов жайлы не білеміз?
Өмір –қозғалыстың көркем көрінісі. Қозғалыс болмаса, өмір жоқ. Ақын тілімен айтқанда, дүние атты үлкен көл замана соққан желдің күшімен толқып, дөңбекшіп, қозғалысқа түсіп жатыр. Ал уақыт –өзгерістің сарапшысы. Уақыт –жеміс те береді, жеңіс те әкеледі. Уақыт- бастан жақты да айырады, жараны да жазады. Уақыт өзі де аялдамайды, дүниені де аялдатпайды.
Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. ХХІ ғасыр бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақыт деп ойлаймын. Қазақ даласы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен және сол жолда зор құрбандықтарға душар болып, өз тәуелсіздігін жеңіп алды. Білімді, сауатты азаматтар – бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Шын мәніндегі бақытты кезеңде өмір сүріп жатқан жастарға өзін таныту үшін мүмкіндіктер өте көп, бұл туралы аға ұрпақ жастық жылдарда армандай алмайтын. Біз XXI ғасырдың тәуелсіздігінде емін –еркін өмір сүрудеміз. Бірақ тәуелсіздік бізге оңай келмеді. Бүгінгі ой-толғауымды артқа шегініс жасап, тәуелсіздікке қол жеткізуге ғұмырын қиған Алаш азаматтары туралы жазғым келіп отыр.
Ораз ЖАНДОСОВ (1889-1938)
Ораз Қиқымұлы – Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласының перзенті. 1918 жылы Верный ерлер гимназиясын тәмамдаған. Қазақстанда кеңестік билік орнағаннан кейін Жетісудағы ұлт істері жөніндегі облыстық бөлімді басқарды. 1919-1921 жылдары Түркістан КП мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы болды. Жетісу облыстық революциялық әскери комитетін және облыстық “Қосшы” одағын басқарды.
1921-1923 жылдары Түркістан КП ОК-інің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы болды. 1923-1924 жылдары Мәскеудегі К.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясында оқыды. 1924-1928 жылдары БК(б)П Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. “Еңбекші қазақ” газетіне басшылық жасаған кездері, міне, осы қызметте жүрген кезбен тұспа-тұс келеді.
1928-1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директорлығымен қатар республикалық кітапхананың директоры болды, Алматы облысындағы Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ұлтаралық қатынасты реттеуге көп еңбек сіңірді. БК(б)П-ның ХІІ және ХІV, КСРО Кеңестерінің екінші, жетінші, сегізінші съездерінің делегаты болды. 1937 жылы тамызда партиядан шығарылады да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы наурызда атылды. Қазақ ақыны К.Әзірбаев тұтқынға алынған Жандосовпен өзінің қоштасқан сәті туралы “Оразжан” әнін шығарған. Елімізде Жандосовтың есімі елді мекендерге беріліп, Алматы қалаларында оған ескерткіш орнатылған.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718