“Білім және еңбек” журналы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті, 1- курс студенті

МАМАЖАНОВА Мадина

   «Білім және еңбек» журналы – ғылым мен техника жаңалықтарынан хабар беретін, қоғамға бұрын сонды таныс болмаған, жаңа ашылулар мен ғылыми терминдермен таныстыратын, процестер мен прогресстерді қамтып, жас буынды ғылымға баулыйтын, қысқаша айтқанда ХХ ғасырдың 60 жылдарындағы қазақ қоғамына, ғылыми тұрғыдан жаңаша көзқарас алып келген басылым. Журнал өзінің алғашқы саның 1960 жылдың 1 қаңтарында жариялады. Жалпы осы журналдың дүниеге келуіне сол жылдардағы ғылыми – техникалық прогрестің, революциялық жолға түсуі әсер етті деп айта аламыз. Себебі бұл прогрестің революциялық жолға түсуі, адамзаттың космосты игеру кезеңімен тығыз байланысты болғандықтан, ғылымға деген сұранысты арттырды. Яғни, сол пайда болған сұраныстардың әсерінен жастарға сапалы білім беру, техникалық сауат ашу, ғылыми тұрғыдан даму сынды мәселелер көтерілді. Нәтижесінде журналдың алғашқы редакторы Камал Смайыловтың айтуы бойынша: “Ол кезде бәрін Мәскеу шешетін. Қай шаруа болса да, сол жаққа қарап жалтақтап отыратынбыз. Қазақстан жағынан: “Бізге осылай жастарға арналған ғылыми – танымдық журнал керек” дегенде, олар: “Әзірге қаражат және қағаз тапшы. Сол үшін өздеріндегі бір басылымды жаба тұрып, соның орнына шығарыңдар” деген шешім айтыпты. Сөйтіп өзімізде бұрын шығып келе жатқан “Пионер” журналы жабылып, оның орнына осы “Білім және еңбек” шығарылды”.

   Журнал жарыққа шықты дегенмен, редакцияға ғылым мен техника мәселелерін түсініп, ғылыми – көпшілік басылымға марқымды мақала жаза білетін қазақ журналистерін жинау қиынға соқты. Себебі, ол кездері әрқайсысының өзіңдік бағыты бар еді. Шыны керек, ғылым туралы ол кез тұрмақ, қазірдің өзіңде толық зерттеп, меңгеріп, қызықты мақала жаза алатын журналистер аз ғой. Мамандарды жинау қиынға соққандықтан, журналдың алғашқы екі санында “Пионердің” редакция ұжымы жұмыс істеді. Соның салдарынан журналдың алғашқы екі саны “Пионерден” еш ерекшеленбеді. Кейінгі сандарынан бастап, ғылыми мақалалар жариялана бастады. Оған К.Смайыловтың мына сөздері дәлел бола алады: “Біз үшінші нөмірден бастап қолға алып, басқа журнал шығара бастадық. Редакция жұмысына кен инженері Шәмшиден Әбдіраманов, физик Айсұлтан Қалығұлов, биолог Жеңіс Әбиев шақырылды. Өйткені, олардың журналистикаға, жазуға біршама қабілет – икемдері бар еді”. Сонымен қатар редакция ұжымында ғалым Қаныш Сәтбаев, археолог – тарихшы Әлкей Марғұлан, физик – ғалым Жабағы Тәкібаев, математик – ғалым Орынбек Жәутіков, биолог – ғалым Темірбай Дарханбаев, тұңғыш қазақ әйелдері арасынан шыққан академик Нәйля Базанова және т.б. жұмыс істеді.

   Журналдың алғашқы материалдары іргелі ғылымдар туралы қарапайым болған еді. Мысалға 1962 жылы тұңғыш рет қазақша жарияланған Әбу Насыр әл-Фараби туралы мақаласын айта аламыз. Осы мақала арқылы сол жылдардағы қазақ қоғамы, әл-Фарабидің біздің бабамыз екенің таныды десек болады. Артынша, осы мақаланың бастауымен әл – Бируни, Махмуд Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати секілді ғұламалар жайында құнды мағлұматтар жарияланды. Сонымен қатар, қазақ жерінің географиясы мен қазақ елінің шежіресінен, орыс және шетел саясатшыларының, ғалым, ақын-жазушыларының жолжазбалары жарияланып тұрды.

Журналдың ерекше көзге түсетін тұсы 1960 жылы 6 санында “Жас техниктер клубының” (ЖТК) ашылуы. Клубтың мақсаты жастарды техникаға, техникалық тапқырлыққа баулу, өнерпаздыққа жәрдемдесу болатын. Клубтың арқасында көптеген жастар өзіңе керекті мәліметтерді алып, өз қолымен жасаған бұйымдарын таныстырып отырды. Журналдың “Асыл мұра”, “Ғылым көкжиегі”, “Дүние жатқан жұмбақ”, “Жас ғалым зерттеу жүргізеді”, “Оқып туған”, “Жақсыдан ғибрат” және т.б. айдарлары да болды. Бұл айдарларды жас ғалымдар, студенттер, тіпті доценттер мен профессорлар толықтырып тұрды.

70-80 жылдары «Білім және еңбек» журналы сол жастардың заманына сай, жаңа өрістеген ғылыми техникалық революцияға сай тәрбиелейтін идеологиялық қару бола білді. Сонымен қатар Баққожа Мұқаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Қадірбек Сегізбаев сынды жазушылардың редакцияға келуінен, журнал әдебиетке де жақын болды деп айта аламыз. Редакторлық қызметте Қалдарбек Найманбаев болған еді. Журналдың көркі бола білген “Келешек келбеті” мен “Қазақстанның Россияға қосылуына 250 жыл” атты конкурстарында айта кетсек. Бұл 2 конкурс арқылы журнал, көптеген жастарға өшпес үміт сыйлады. Себебі бұл жоғарғы ғылыми зерттеуінді, білімінді, ізденістер мен ұсыныстарынды, жобалар мен очерктерінді көрсете алатын үлкен мүмкіндік еді.

Қорытындылай келе, «Білім және еңбек» журналы ХХ ғасырдың 60 жылынан бастап, біздің қазақ қоғамымыздың ғылым саласынан хабардар беріп, ғылыми түсінік қалыптастыра білген, тарихы тереңнен келген, ауқымды басылым дер едім. Жалпы ғылым саласы жайлы әрбірі айта алмайды. Тіпті оны зерттеп, ізденіп, толығымен түсіне білудің өзі өнер дер едім. Дегенменде біздің ғалымдарымыз, ақын – жазушыларымыз ешбір қиындыққа қарамай, қолдан келгенді жасап, “елдің келешегі жастар ғой” деп ұран етіп, білімді ұрпақ қалыптастыруға үлкен үлес қосты деп айта аламыз!

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *