«Археология» мамандығы тарих пен болашақты жалғайтын уақыт жолсерігі

«Археология» мамандығы бойынша халықаралық стандарттар талабына жауап бере алатын жоғары білікті маман дайындау ісінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті еліміздің ең үздік орталығы болып табылады. «Археология, этнология және музеология» кафедрасының оқытушылары халықаралық жəне республикалық маңызы бар ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырады. Кафедра құрамында бакалаврлар, магистранттар жəне PhD докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының, теориялық жəне практикалық дайындықтарының барлық қырларын қамтамасыз ететін, қазіргі заманғы талаптарға сай «Геоархеология» атты халықаралық лаборатория жұмыс істейді.

Дүниенің ең бір ғажабы – уақыт, сол құдыреттің нәтижесінде біздің санамызда орын алатын өткен шақ кезеңі ол – тарих. Алайда, бүгінгі күніміз бен ертеңгі болашағымыз да уақыт өте осы құдыретті күштің арқасында, әлбетте, тарих болып қалады. Болашағымыздың жарқын болуына үміт арту үшін біз, тарихымыздан сабақ ала отырып, қазіргі уақытта өз-өзімізге сенімді болуымыз керек. Мұндай сенімнің бірден-бір кепілі – білім. Білім ешуақытта кемімейді, әрі ешқашан артық болмайды.

          Адамзат баласы уақыт қадамымен өте тығыз байланысты, ал уақыттың миллиондаған жылда қалдырған іздерін зерттеп, ғасырлардың арасын жалғап беретін адам – археолог. Егер тарихшы өткен заманды негізінен болжам арқылы сипаттаса, археолог сан ғасырлар бойы жердің қойнауында құпия болып жатқан жәдігерлерді тауып, фактілер мен дәлелдер арқылы тарих бейнесін құрастырады. Археология нақты бір мамандықты білдіргенімен оның ауқымы кең және археолог маман өз талабына қарай бірнеше мамандықтарды қамти алады. Зерттеу бағыты мен қажетіне қарай ол міндетті түрде екінші жағынан – этнолог, антрополог, геолог, биолог, физик, химик, топырақтанушы, лингвист, тіпті спортсмен болып шығады. Археологияда шығармашылық та маңызды, өйткені белгілі бір тарихи деректер мен археологиялық экспедиция барысында табылған жәдігерлерді сәйкестендіру кезінде көне өркениеттердің сипаты мен бейнесін толыққанды құрастыра отырып құпияларын ашу үшін археологтың терең-білімі, көрегендігі және қиял-талғамы қажет. Өткен өркениеттердің тұрмысы мен мәдениетін артефактілер арқылы зерттеу үшін археологиялық барлау және қазба жұмыстары табиғаттың түрлі жағдайларында – тау мен тас, орман, дала, шөлді аймақтарда жүргізіледі. Археолог жұмысы саяхатшылық пен тарихи жаңалыққа, тылсым мен қызыққа толы.

          Оған қоса, археолог маманының келесі негізгі жұмыс орны – лаборатория. Лабораторияда ол салыстырмалы типологиялық, стратиграфиялық, радиоуглеродтық, термолюминисценттік және өзге де анализдер жасау арқылы ғылыми жұмыспен айналысады. Жинақталған деректер нәтижесінде ғылыми жаңалықтар шығарады. Қазіргі уақытта еліміздің білім және мәдениет саласында, әсіресе ұлттық санамыздың рухани жаңғыру үрдісінде археолог мамандығы өте маңызды.

           

          «Археология» мамандығын иемденген тұлғалар ғылым мен білім беру салаларымен қатар мұражайларда, реставрациялық лабораторияларда, дипломатиялық жəне əкімшілік жұмыстарда, қарулы күштер мен ішкі істер саласында, ұлттық  қауіпсіздік комитетінде үлкен сұранысқа ие.

          «Археология» – бүгінгі таңда өте қажетті әрі қызықты мамандық. Туған жеріміздің қойнауында әлі талай ашылмаған тарихи құндылықтар жатыр. Алдымыздағы өскелең ұрпақ осы құпиялардың сырын ашып, қазақ елінің ғылымын үлкен дәрежеге жеткізеді деген сенімдеміз.

 

 

М.Қ. Егізбаева – әл-Фараби атындағы

Қазақ Ұлттық университеті, археология,

этнология және музеология кафедрасының 

доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Ізбасар Қанат

Этнология және антропология мамандығының 1-курс магистранты

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *