Бәйтерек ғаламның үш қабатын жалғастырушысы деген мифтік таным дұрыс па?
Бәйтерек туралы мифтік наным жалпы әлемдегі барлық халықтардың да мифологиясында кездеседі. Жапырағына «жан» орналасқан осынау киелі терек туралы мифтік түсінік жалпы түркі халықтарында да кең таралған. Қазақтың мәдени танымындағы түсінік бойынша, бәйтерек ғаламның үш қабатын жалғастырушысы есептеледі. Яғни аспан, жер, жер асты.
Бәйтерекке бұрын ата –бабаларымыз сеніп, осы ағаштың жанына түнеп, бұтақтарына шүберек байлауы және қазіргі таңда да дін жағынан бұл теріске саналып жүрсе де халқымыз әлә осындай наным – сенімге. Бұл үрдісті Б.Ақбердиева мұндай іс-әрекеттің астарында «жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, космос пен хаос қарама-қарсылықтарының шет-шегін белгілеп, ажыратудың, ақиқат шындықты танудың сыры жатыр. Сондықтан да әлемдік ағашты ғалымдар таным ағашы деп те атайды», – деген өзіндік тұжырымын жасайды.
Ежелгі таным бойынша бәйтерек – тылсым қасиетке ие алып ағаш. Қазақ халқының түсінігінде жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жерасты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш юолып саналады.
Зерттеуші-ғалым Е. Жанпейісов қазақ этимологиясын айқындауда әйел затына қатысты бәйбіше мен осы бәйтерек сөзіндегі бай-бәй түрінің берер мағынасы бір екендігін дәлелдеуге тырысқан. Ғалымның ғылыми пікірін негізге ала отырып, бәйтерек ежелгі түркі сөзі, бәй «үлкен» деген сөз, «бай» сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен түрі (бәйбіше, бәйшешек), үлкен, алғашқы деген ұғымдарды, ал терек (парсы тілінде – дарақ) «ағаш» деген ұғымды білдіреді деп пайымдауға болады. Демек, Бәйтерек екі сөздің бірігуінен жасалып, «зәулім ағаш» дегенді танытады.
Белгілі мифтанушы С. Қондыбай: «Ертегілер жинағының тек қана төртінші томынан біз бәйтерекке қатысты тоғыз рет қайталанатын трафареттік сюжетті есептеп шығардық. Сол сюжеттер бойынша бәйтеректің образын аз да болса жинақтап көрсетуге болады. Біріншіден, бәйтерек ғаламның орталығы болып табылатын киелі жерде, киелі бұлақ қасында орналасады. Ол үш дүниені жалғастырушы, төбесі – аспанда, тамыры – жерасты дүниесінде орналасқан. Екіншіден, бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс пен жылан-айдаһар бар, олар дуалистік қарама-қарсылықтың тұлғалануы болып табылады. Үшіншіден, бәйтеректің түбінде белгілі бір мифтік – киелі процесс өтеді, бұл шамандыққа байланысты. Осы жерге батыр келіп жыланды өлтіріп, қарақұс балапандарын құтқарады, сол еңбегі үшін қарақұс батырды басқа дүниеге өткізеді. Бұл тұрғыда бәйтерек – ғаламдардың есігі болып табылады», – деп атап өткен болатын.
Мифологиядағы Бәйтеректің осыншама ізгілікті қызметі ел танымына ерекше ықпал етіп, керемет ағаш деген ұғым қалыптастырған да, «бәйтерек» сөзі қосымша астарлы мағынаға ие болған. Бәйтерек атауына байланысты тілімізде қолданылатын сөз орамдарынан оның бірнеше мәнде: кәдімгі зәулім ағаш; екіншісі, әлем ағашы; үшіншісі – мықты, зор, күшті мағынасында; төртіншісі, тірек, сүйеніш, қорған, пана мәнінде ұғынылатынын байқаймыз. Ғалам моделінің бір нақтыланып көрсетілген нұсқасы және ғаламның үш дүниесінің кіндік – өсі, жалғастырушысы деген тұжырым жасауға болатын секілді.