Менің арман мақсатым!
Көңілімде «Арман, арман, арман, арман-ай …» деген ән жолдары сайрап жатыр. Арман деген шексіз ғой. «Арманы жоқ адам, қанаты жоқ құс» дейтін бе еді? Адамның арманы бұл дүниеден өткенше бітпегені дұрыс екен. Нені армандайтынын білмейтін адамдар тоқырауға ұшырайтын көрінеді. Сондықтан армандауды еш доғармау керек. Ал мен нені армандаймын? Өмірлік мақсатым не?
Сансыз сұраққа жауап іздеп, кейде аласұрамын. Десе де, арманым асқақ, мақсатым айқын. Орыстың данышпаны Лев Толстойдың немересімен әңгімесінен кейін арман-мақсаттың жеке басқа емес, адамзатқа арналғаны дұрыс екенін аңғардым. Өскенде кім болғанын қалайтынын сұраған қарт Толстойға немересі атасына ұқсағысы келетін айтыпты. Сонда Толстой: «Онда сенен ештеңе шықпайды, алысқа шаппайсың. Сендей кезімде Құдай болуды армандағанмын», – деген екен. Маған осы сөз қатты әсер етті. Толстой секілді «құдай болуды» армандамасам да, туған жеріме, қазақ халқына пайдалы қызмет жасасам деймін.
Біріншіден, армандарымның ең асылы – Әл-Фараби айтқандай, мемлекетіміздің «Қайырымды мемлекетке» айналуы. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы ізгілік істер жасауға атсалысып,жалпыадамзаттық құндылықтарды ұмытпай,бірлесіп өмір сүруі керек. Мен де осы үшін жан-тәніммен елім үшін қызмет етуге даярмын.
Екіншіден, халқымыздың ата-бабамыздан келе жатқан тирихи тізбегі қайта жалғанса деймін. Кешегі Кеңес заманында 70 жыл бойы жоғалтқан асыл мұрамызды, ұлттық құндылықтармызды қайта жаңғыртып, отаншыл азамат тәрбиелеуде қолдансақ екен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Әлкей Марғұландар ішкі әлемі бай, көкірегі құндылыққа толы ұрпақ тәрбиелесек, біз солардың жаршысы болсақ екен. Халыққа сондай игі істерді насихаттасам деймін.
Үшіншіден, мамандығыма қатысты өз білімімді жетілдіріп, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуші мықты журналист болғым келеді. Халықтың сүйікті журналистері – Бейсен Құранбек, Гүлмира Әбіқай секілді елдің қамын ойлар, халық пен үкіметті жақындастыратын тілші болуды армандаймын.
Қорыта айтқанда, өмірлік мақсатым – халықтың жанашыры, халық үнін үкіметке жеткізетін, билік пен қарапайым тұрғындардың арасында алтын көпір болу. Ал арман деген көп. Сол армандарымның барлығын нақты мақсатқа айналдырып, сол жолда тынбай еңбек ету басты қағидам.