Дала уалаяты газетіндегі ауыз әдебиеті үлгілері

                       «Дала уалаятының газетіндегі» ауыз әдебиеті үлгілері

 

 

Қазақ баспасөзінің тарих жолында ұлт тіліндегі «Түркістан уалаяты» газетінен кейінгі екінші басылым – Дала уалаяты газеті. Әрі бұл газеттің ресми және бейресми нұсқалары болды. Ресми бөлімде патша өкіметінің бұйрық-жарлықтары басылса, ресми емес бөлімінде қазақ пен қырғыздың халық ауыз әдебиеті мұраларын зерттеуші Әбубәкір Ахметжанұлы Диваевтың мақалалары басылды.  Бұл газетке көптеген арнайы тілшілер өзінің мақалаларын жариялап отырған. Одан бөлек газетте өте ауқымды мәселелер белең алған.  Патшаның реакцияшыл, отаршылдық саясатын насихаттайтын материалдарды жариялаумен қатар, өзінің ресми емес бөлімін де егіншілікті өркендету, отырықшылыққа көшу, ғылыми жаңалықтар, мәдениетке ұмтылу, ел басқару , сауда ісін жолға қою сынды мәселелерді қамтыған.  Халық ауыз әдебиеті арқылы  қоғамдағы ауқымды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, қозғап отырған. Сондай-ақ мұнда шетел және Ресейдің ішкі жаңалықтары, көршілес мемлекеттер жөнінде де хабарлар берілген.

 

 

«Дала уалаятының газеті» қазақ халқының өмір-тұрмысында прогресшіл рөл атқарған басылым.  Атақты орыс ғалымдары мен  саяхатшылары  бұл газеттің дамуына үлкен әсерлерін тигізді десем, кем болмас. Атап айтар болсам,  В. Радлов, Г. Потанин,  А. Ивановский, Н. Ядринцев. Міне, осындай кісілердің арқасында басылымда ғылыми, әдеби материалдар жарияланды.  Тағы да бір жайтты айта өтейін, бұл газетте «Редакцияға хат» атты белгілі бір бағдарлама ашылған болатын. Бұл жәй ғана бағдарлама болмады. Бұл жерде пікірталас орын алды десек те болады. Кейбірі бұл бағдарламада ақындардың өлеңін жинақ етіп, басып шығаруды талап етті, ал енді бірі жазба әдебиетін қалай дамыту керек екенін айтып жатты.  Бірақ соңында, көпшіліктің ойын саралай келе, халық туындылары мен белгілі ақын-жазушылардың  жазбаларын, шығармаларын басып шығаратын болып шешкен еді.

 

 

Газет бетінде қазақ әдебиетінің даму жолдары жөніндегі айтыспен қатар, қазақ тілінің кейбір проблемалық мәселелері жөнінде де үлкен сөз болған. Қазақ әдебиетінің даму жолдары жөнінде газет бетінде көтерілген айтыста әсіресе Дінмұхамет Сұлтанғазиннің, Асылқожа Құрманбаевтың пікіріне ерекше назар аударған. Олар қазақтың жазба әдебиеті жаңа жолмен, ұлы орыс халқының озық әдебиетінің үлгісімен дамуын көздейді.  Шоқан сияқты Сұлтанғазин де қазақ әдебиеті шығармаларының тілі мен стилі жаңа заманның талаптарына сай өзгеруі, бейімделуі керек деп есептеді.  Оның пікірінше, біріншіден, тіл байлығы халқымыздың ұғымын, идеясын, сондай-ақ ой-өрісін кеңейтуге себеп болған деседі. Екіншіден, жаңа ұғымдар, жаңа сөз, сөйлем түрлерін тудырған. Өзінің пікірін дәлелдеу мақсатында ол нақты мысал келтіріп дәлелдеген. «Едіге», «Тоқтамыс»  сияқты көне поэмалардың тілі кедей, сөздері жабайы деп жазған.  Сұлтанғазин ағамыз бұл поэмалардың өлең шумағы қазақтың ауызша поэзиясының ерекше түрі-жыр жанрына тән мөлшерде өте қысқа келетінін, ал мұның өзінің күні өтіп бара жатқанын, ол бұл әдіс тек көңіл күйін білдіретін элегиялық сипаттағы  өлеңдерде ғана қолдананылатынын атап айтқан.  О.Әлжанов жер-жерді аралап, ел аузынан ескі әдебиет үлгілерін жинаған. Оны жәй  жинаған жоқ, ертегі, аңыз, әңгіме, хикая түрінде өңдеп жазып, газет бетіне жариялаған болатын. «Танабай һәм Бабыр» , «Едігенің төресі», «Тақ Сүлеймен», «Алдаркөсе мен жылан» сынды ертегі, аңыз, хикаяларда астарлап болса да заман шындығы айтылған.

 

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні- газет қазақ публицистикасы қалыптасуының үлкен бір кезеңі болды. Ресми орган болғанына қарамастан, қазақ халқының шаруашылығы мен мәдениетінің, қоғамдық ой-пікірінің дамуында белгілі бір дәрежеде әсер етті. Қоғамдағы тіс арасынан сыздықтатып болса да  көкейкесті қазақ мәселелерін  қозғап, халықтың көзін ашып, ел құлағына жеткізді. Қазақ фольклорының негізгі түп қазығы саналған сол замандағы ерекше көріністегі қазақ халқының жанашыры «Дала уалаяты газетінің» бетінде  жарияланған мақалалары қазіргі таңдағы ең ауқымды әрі өзекті мәселелердің тірегі болып табылады.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Аллаберген Қырықбай, Нұсқабайұлы Жарылқасын, Оразай Файзолла. Қазақ журналистикасының тарихы(1870-2008 жылдар). Алматы: Білім, 2010.-308 бет.
  2. Қазақ баспасөзінің даму жолдары(1860-1930 жылдар). Қазақ мемлекет баспасы- Алматы:1964
  3. Қазақ журналистикасы қазақ баспасөзі.

 

 

Болат Айғаным Құрманғазықызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Журналистика факультетінің 1-курс студенті

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *