Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуында қазақ әйелдерінің рөлі мен орны
Қазіргі жаһандану кезеңінде өркениетке аяқ басқан елімізде уақыт талабы аса жоғары. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 31 жылдығы – еліміз үшін мерейлі және тарихи маңызды меже. Өйткені мемлекетіміздің тәуелсіздік алуы тарих ғылымы саласында түбегейлі бетбұрыстар жасауға жол ашты. Осы орайда, тарихшылардың алдына өткен тарихымызда орын алған тарихи оқиғаларды қайтадан зерделеп, тың тұжырымдар жасап, шындықты қалпына келтіру міндеті жүктелді. Соның ішінде әсіресе, қазақ әйелдері мәселесін тарихи сабақтастықта жалғастыру мен жаңғырту – кеңестік идеологияның салдарынан кері дағдарысқа ұшыраған халқымыздың ұлттық санасын жаңғыртуға, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге қызмет етері сөзсіз.
Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуында қазақ аналары мен қыздарының ұлт алдында жасаған еңбегін, тағлымын, ерлігі мен мұрасын зерделеу, тарих ғылымы мен білімі, мәдениеті мен рухани дамуы үшін аса маңызды мәселе. Өйткені, халқымыздың рухани қайта өркендеу жағдайында төл тарихымыз бен мәдениетіміздің ақтаңдақ беттерін ақтара отырып, ұлттық тарихымыз мен рухани қазынамызды ұлықтау, оның ішінде аналарымыздың ұлағатын жас ұрпақтың санасына сіңіру тарихшылар үшін көкейкесті мәселе болып табылады. Қасиетті халқымыздың барлық жақсы қасиеттерін, тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ұлттық мүддесін қалыптастырушы, дамытушы, әрі насихаттаушы қазақ әйелдері бола білген. Қазақтың ұлы ақындары мен хандарын, ойшылдары мен ғалымдарын өмірге әкеліп, даналығымен елді басқарып, қайсарлығымен жауға шапқан қазақ қыздары десек артық айтқанымыз емес.
Шынында да, туған тарихымыздың өткеніне үңілсек, көрнекті, беделді әйелдер туралы аңыздар, тарихи фактілер мен деректер баршылық. Ұлы даладан шыққан сақтың батыр қыздары Томирис және Зарина, ақылымен бір рулы елге ана болған Домалақ ана, ел бірлігі үшін атқа қонып, басын қатерге тігіп, дарабоз қайсарлығымен ерекшеленген, кемеңгерлігімен және батыр аналарымыз болғаны белгілі. Оғыз-қыпшақ дəуіріндегі ел басқарған жеті ару (бұған мысал даңқты əйелдерге арналған кешендер Көк-Кесене, Бикен мұнара, Белең ана, Болған ана, Жұбан ана, Баршынның көк кешені) Алаша ханның ханымы – Ханбибі, Абылай ханның ержүрек қызы – Айтолқын, Бəсентиін Малайсары батырдың қызы, Қаракерей Қабанбайдың жары – Гауһар батыр, қос асылдың құдіретінен жаралған Назым қыз, Сүйіндік Олжабай батырдың анасы – Есенбике, Емельян Пугачев соғысына қатысып, «қыздың пірі», «сиқыршы», «киелі», «Көктемір», «ақ сағым» атанған Табын Сапар (Сапура) Мəтенқызы, ұлы күйші Құрманғазының жан-жүрегін толқытқан қыз Дана сынды қыран жүректі сұңқарлардың сапында 1838-1847 жылдардағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының жалынды ұйымдастырушысы, ұлы қолбасшы Кенесары Қасымұлының қайраткер қарындасы, дала көкжалы, «Алланың шын жаратқан тамашасы» Бопай ханымды айрықша атауға болады.Сондықтан сан ғасырлық тарихымызда ханға ақиқатты ашып айтқан Қарашаш анамыздан бастап, елінің ақылшысы болған, Шоқанның әжесі Айғаным ханым мен Фатима аналарымыз, Отаным деп жүрегі соққан, елін қорғау үшін жауына қарсы шапқан, Бегім ана, Абақ, Күнбике, Зере ханымдардың есімдері халықтың жадында мәңгі сақталатыны анық. Екінші дүниежүзілік соғыста шығыстың қос шынары атанған Мәншүк пен Әлиялардың ақыл-парасаттары, ерліктері ел есінде қалды. Осы қайсар қыздарымыздың қатарында табиғатынан ерекше шешендік қабілетке ие болған, ел ішінде ақыл – парасатымен көзге түскен, өр мінезді, намысшыл, адал жар, алтын құрсақты ана, ел ісі мен отбасын қатар алып жүре білген, рухы биік, қайсар тұлғаларды айрықша атауымызға болады.
Қорытындылай келе , қазақ қыздарының тәлім-тәрбиесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіалатын орны ерекше. Өйткені, университетіміздің білікті мамандары ұл- қыздарымызға жоғары білім берумен қатар, олардың рухани адамгершілік болмысын қалыптастыру жолында аянбай еңбек етеді. Әр жастың психологиялық ерекшеліктерін зерттей отырып, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдана жүріп, халықтық педагогикалық тәрбиенің ұлттық бағытын сіңіруге жұмыс жасайды.
Сондықтан бүгінгі жаһандану заманында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу мен дамыту маңызды рөл атқаратынын ұмытпауымыз керек. Бұл белеске жету үшін тарихымызды, оның ішінде еліміздің тарихын, оның ішінде қазақ әйелдерінің қайраткерлік, ерлік тұлғасы мен ұлттық болмысын зерделеудің маңызы мен мәні зор болмақ.
Әл –Фараби атындағы ҚазҰУ
PhD, аға оқытушы Құмғанбаев Ж.Ж.
Тарих факультетінің 1-курс магистранты
Байбукашева А.О