Мәңгілік жастық. Мұқағали Мақатаев

Мәңгілік жастық

Мәңгілік жастық,
Мәңгілік жасыл,
Көкпеңбек.
Алақай, біздің алаулы жастық еткен жоқ!
Қуарған күз де,
Бозарған қыс та, мінеки,
Майменен бірге оралды тағы көктем боп.
Бүкіл ғаламның,
Ынтымақтығын байқаған,
Дүниені тегіс жасыл нұрымен шайқаған.
Жалғанды мына,
Жасыл нұрымен жасартып,
Жадырап күліп,
Май айы келді қайтадан.
Биылғы май бір бөлек,
Далаға шыққын,
Бақтарда өнген гүл де ерек.
Өсуі үшін,
Өрбуі үшін адамның
Осындай көктем,
Осындай тұнық Күн керек!
Биылғы көктем…
Бәрінен ерек түр бөлек!
Биылғы көктем
Басталды биік мінбеден,
Шашылды шуақ, Кремль тұрған іргеден,
Сөзінен ұғып, көзінен танып Ильичтің
Отанды көрдік,
Ұрпақты көрдік гүлдеген.
Бәрінен ерек,
Биылғы біздің жасыл Май.
Дүниеге кетті,
Шуағы сиреп басылмай.
Құрлықтарда да,
Мұхиттарда да тұнып тұр,
Ғалам тойына партиям шашқан шашудай.
Осылай тұрсын
Осылай мәңгі көктесін!
Шаң ұшып жерден,
Аспаннан ызғар төкпесін.
Мәңгілік мына құрлықтардың бетінен
Мәңгілік жастық –
Мәңгілік көктем кетпесін
Мұқағали Мақатаев
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *