Бір келіншек

Бір келіншек

Емханада бар еді бір келіншек,
Емделуге, асқа да бір келуші ек.
Ерлі-зайып адамдар деп қалатын,
Ертелі-кеш екеуміз бірге жүрсек.
Көлеңкесіз көңілді жатқа бұрмай,
Сөйлестік асып-тасып ақтарылмай.
Әсерлі қарапайым әңгімеміз,
Жазысқан ғашықтардың хаттарындай.
Сырластық адам жайлы, заман жайлы,
Өмір жайлы, жақсы мен жаман жайлы.
Жасырамыз біріміз-бірімізден,
Әңгімеміз әріге бара алмайды.
…Иесі келіп бір күн алып кетті,
Байқаймын, бір келіншек налып кетті.
Сауығып қалғандай ем саясында,
Сыр кетті, сырмен бірге жарық кетті.
Айықтыра қоймады бекер үміт,
Жазылатын жайым жоқ жеке жүріп.
Төрт бүктеліп төсекте жатып қалдым,
Қаным менің қайтадан көтеріліп.
Мұқағали Мақатаев

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Bilimger.kz Республикалық білім және ғылым порталы Республикалық білім және ғылым порталы ✅ ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі тіркелген 📋 Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718
Прокрутить вверх