Сабағы әлсіз сары гүл
Сабағы әлсіз сары гүл
Жартаста жалғыз тұр өсіп.
Жауын ба, жел ме – бәрі бір,
Өзінше ол да күресіп,
Жартаста жалғыз тұр өсіп.
Дәнеңе де атпай желігіп,
Олжасыз қалған бір мерген
Отырған сәтте ерігіп,
Жартастан жалғыз гүл көрген.
Паналап төсін көненің,
Жыл сайын осы гүл өсер.
Көрсетпек болып өнерін,
Көздеді оны бір есер.
Бір есер отыр сүйініп,
Есерді қостап жаңағы.
Үкілі қыздай иіліп,
Қиылды гүлдің сабағы.
Тамыры терең көмілген,
Жартасқа жаңа гүл өсер.
Өткінші мынау өмірмен
Өзінше ол да күресер.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718