Ертегі терпаиясы-креативті ойлаудың кепілі

Қазіргі таңда қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген ертеңгі қоғам иегері боларлық азамат тәрбиелеп өсіру, отбасының, балабақшаның, барша жұртшылықтың міндеті болып отыр.

Білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Бүгінгі күн талабы жалпы білім беру жүйесіне, соның ішінде мектепке дейінгі ұйымдардың білім мазмұны мен тәрбиелеу  әдістеріне үлкен міндеттер жүктеуде.  Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында толыққанды мектепке дейінгі білім беруді қалыптастыруға кірісу қажеттігі нақты көрсетілген.Осыған сәйкес мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиенің басты мақсаты – баланың өз тұлғалық мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін барлық жағдайды тудыру, баланың даралығын ашу, оның айқындалуына, дамуына, тұрақтануына көмек беру. Әрбір бала қайталанбайтын, ешкімге ұқсамайтын даралық ретінде қалыптасуы тиіс.

Мектеп жасына дейінгі  әрбір баланың даралығын ашу үшін ертегі терапиясын қолдана отырып, оның креативті ойлауын дамытудың маңызы зор.Атақты педагог Сухомлинский: «Бала кезде 3 жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қасиетті нәрсенің бәрінде ертегіден алады»- деген.

Беделді ертегі терапевттердің бірі Т.Д.Зинкевич Еветигнеева ертегі терапиясын  рухани білім беретін, әлеуметтік тұрғыдан адамды жүзеге асыратын және адамның рухани табиғатын дамытатын, тәрбие жүйесі ретіндегі тәсілдер жиынтығы деп анықтама берген.

Ертегі – баланы тәрбиелеуге арналса, ертегі терапиясы сол тәрбие арқылы баланы жөнге салу, онын көзқарасын бағдарлау және ішкі әлемінен хабардар болу тәсілдері.

Ертегі терапиясы арқылы сенімсіз, агресивті, қорқынышы басым балалармен жұмыс істеуге болады, олармен: ұят, өтірік, кінәні сезіну және т.б. қиындықтарда қолданылады. Сонымен қатар, ертегітерапия үдерісі балаға өз қиындықтарын түсінуге, талқылауға және де сол қиындықтарды шешудің түрлі жолдарын көруге мүмкіндік береді.

Ертегі терапиясын мектеп жасына дейінгі балаларға қолдану  барлық уақытта оларға мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Егер де ертегіні өте жоғары деңгейде ұйымдастыра білсе, кейбір қиын мәселелерге қатысты жүргізілетін терапиялық жұмыстар да өзінің көмегін тигізеді.

Ертегі терапиясын қолдану  арқылы баланың креативті ойлауын дамытудың маңызы зор.Креативтік ойлау балалардың ертегідегі проблемаларды шешу дағдыларына ықпал ете отырып, нұсқаларды зерделеп, ертегі мазмұнын сындарлы, әрі креативті етіп құрастыруына мүмкіндік береді. Креативтілік ағылшынның «Creativity» сөзінен аударғанда шығармашылық деген мағынаны береді. Креативтілік – жаңаны құрумен байланысты әрекет нәтижесі, шығармашылық өнім.

Мектеп жасына дейінгі балалардың креативтік ойлауын дамыту үшін «Коммуникация» білім беру саласындағы «Көркем әдебиет», «Сөйлеуді дамыту»оқу қызметтері негізінде, күннің екінші жартысында т.б. жүзеге асыруға мүмкіндік мол.  Ертегі терапиясы барысында  балалар достықтың үлкен үлгісін көріп, оған көмек қолын созуға ұмтылады, достықты насихаттайды.

Ертегі терапиясының бір ұтымдылығы – бала тілімен жеткізілуінде, баланың ой ауқымына тән оқиғалар дәрежесінде ситуация құруында. Бала ертегі тыңдау арқылы өзін-өзі емдеп, түрлі шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік алады. Барлық ертегілерде басты кейіпкердің еркін өмірге қол жеткізуі, Отанының тәуелсіз дамуы басты мұрат ретінде бағаланса, ертегі арқылы балақайлар өздік кеңістік пен еркіндік ұғымын түйсінеді.

Осы орайда ертегі терапиясы барысында балаларға ойдан шығарылған ертегі үзіндісі берілді, балалар ол ертегіні өз шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, қиялдары бойынша оны дамытып әрі қарай жалғастыру ұсынылған болатын.              Балалар құрастырған ертегіден мысал келтірсек:

«Қасқыр мен қоян неге араз?»

(ертегі)

Ерте, ерте ертеде қоян мен қасқыр дос болыпты. Екеуінің достықтарына басқа да орман  аңдары, жан-жануарлар тіпті жәндіктерде сүйсіне қарап, таңырқайтын көрінеді. Ал, қоян мен қасқыр болса достықтарына адал болуға серттесіпті. Күндердің күнінде бұларды торуылдап жүрген қырдың қызыл түлкісі араларына іріткі салуды ойлайды. Сөйтіп, 2-3 күндей қасқыр мен қоянның тірліктерін бақылауға көшеді. Сөйтсе, қоян күнде таңертең таңғы жаттығу жасап, денесін шынықтырып, орман ішін бір айнала жүгіріп қайтады екен. Ал бұл кезде қасқыр таңғы ас әзірлеп, қоянды күтетін көрінеді. Осы сәтті қалт жібергісі келмеген қу түлкі таңның атуын күтеді. Әдеттегідей қоян үйшіктен шығып, жаттығу жасап, орман ішіне жүгіре жөнеледі. Түлкі де қалыспай:

  • Әй қалқаңқұлақ, қайда барасың, тоқтасаңшы?- деп артынан жүгіре айқайға басады.

Қалқаңқұлақ бір сәт кідіре қалып: «Мен күнделікті жаттығу жасаймын, сондықтан да күнде орман ішін аралап бір жүгіріп келмесем, тыншымаймын»- дейді.

Түлкі: — «Ой, қалқам-ау сен қызық екенсің, қасқырмен дос екеніңді орман тұрғындарының бәрі біледі. Алайда, сен орман ішін аралап жүріп, жолбарыстың немесе аюдың жемтігі болсаң, қасекең саған көмекке келер деп тұрсың ба? Ол кеше сен жоқта аюды шақырып алып, сенің етіңді отқа қақтап жейтіндігін айтып жоспар құрып отырғандығын естіп қалдым. Сен ақкөңілдігіңнен бұған мән бермисің де, қазір үйшігіне барып,  қазанға су құйып от жақ. Қазандағы суың әбден қайнады-ау дегенде қасқырды көмекке шақыр да оны отқа қарай итеріп жібер- деп, қоянға ақыл айтқандай болып,  өз жөнімен кете барады.

Қоян келе жатып ойға шомып кетеді: «Мына қу түлкі рас айтады –ау, қасқыр досым мені неге жалғыз жіберіп, өзі үйде қалады? Ол үйде қалғанда немен айналысады, не істиді екен деген сияқты сауалдар мазалайды.»

Осы сәтте қу түлкі қарап қалмай, қоянды азғырғаны былай тұрсын, енді қасқырға да кезек келді деп, солай қарай  бет алады. Келсе, қасқыр әдетінше таңғы астың қамымен жүр екен.

Түлкі: — Әй қасеке аңқауым- ау. Сен қоянға таңғы ас әзірлеп бейнеттеніп жатсың, ал қоян достың болса, күнде жаттығу жасаймын деп, орман ішіне кетеді де, күнде үйрек етін таңғы асқа жеп, саған айтпай қалдығын топыраққа көміп кетіп отырады. Бұндайға қалайша жол бердің?- дейді. Қасқыр өз құлағына өзі сенер сенбесін білмей ашуға булығады. Сөйтіп, таңғы асты өзі ішіп алып, қоянның келуін күтіп жатады.

Қоян үйшігіне келіп,  таңғы астың дайын еместігін көріп аң-таң болады. Одан сайын күдік ұялайды, қу түлкінің айтқаны дәл келді, таңғы астың дайын емес болуына қарағанда қазір аю келіп қасқыр екеуі мені бас салып, етімді жемекші- дейді. Ал қасқыр болса, мына қоян неғып, таңғы ас қайда?- деп сұрамады, демек, бұл үйрек етін жеп тойып келіп тұрған болды ғой деп ойлайды.

Қой, не болса да түлкінің айтқанындай жасайын деп,  қоян қазанға су құйып, от жағады, су әбден қайнады-ау дегенде қазанға ет салмақшы болып қасекеңді көмекке шақырады. Қасқыр: «Қоян маған үйрек етін пісіріп берейін деп жатқан шығар, ол туралы бекер жаман ойлар ойлаған екем»- дейді де қоянға көмекке келіп, қазан басына келе бергенде, қоян қасқырды бар пәрменімен  қайнап жатқан суға қарай итеріп жібереді. Қасқыр ойбай салып, қазаннан әрең дегенде секіріп түсіп, а-уууууууу, а-уууууу – деп ұлып орманға қарай бет алады. Сол күннен бастап қоян мен қасқырдың достығына сызат түсіп, бір-біріне араз болады. Қасқыр сол күннен бастап, ешкімге сенбей, орман ішінде ұлып, өз жемтігін айламен аулауға көшсе, қоян қасқыр қашан келіп мені ұстап алады екен деп қорқумен, үркумен өмір сүріпті.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *